freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Жарығым сөнді... Амал нешік": Нұрлан Өнербаев қайғылы хабарды жеткізді (ФОТО)

Қоғам
"Жарығым сөнді... Амал нешік": Нұрлан Өнербаев қайғылы хабарды жеткізді (ФОТО)
ашық дереккөзден. Суретте: Нұрлан Өнербаев

Қазақстандық танымал әнші Нұрлан Өнербаев әлеуметтік желідегі парақшасында қаралы хабар бөлісті. Өнер иесі анасының дүниеден озғанын айтып, жүрек тебірентерлік жазба жариялады, деп Malim.kz тілшісі Dalanews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Әнші жазбасында анасына деген сағынышы мен қимастық сезімін жеткізіп, ауыр қайғысын оқырмандарымен бөлісті.

"Жалғандағы жарығым сөнді. Анам 100 жасайды деуші едім, Алланың есебі басқа екен ғой. Амал нешік. Алдың жарық болсыншы, анашым", – деп жазды Нұрлан Өнербаев.

Бұл хабардан кейін желі қолданушылары мен өнердегі әріптестері әншіге көңіл айтып, марқұмның иманды болуын тіледі.

Көпшілік Нұрлан Өнербаевтың отбасы мен жақындарына сабыр, күш-қуат тілеп, қолдау білдіріп жатыр.

Еске сала кетейік, "Анашым шалқып күлсе, алдымда ұзақ жүрсе…" деп басталатын елге кеңінен танылған ән енді Нұрлан Өнербаевтың репертуарынан алынып тасталғаны туралы жазған едік.

Нұрлан Өнербаев кім?

Нұрлан Әлтайұлы Өнербаев – қазақ эстрадасының белгілі өкілі, әнші, актер, диктор, мемлекет және қоғам қайраткері. Ол 1961 жылы 4 қарашада қазіргі Түркістан облысы Төле би ауданындағы Қазақстан ауылында дүниеге келген.

Өнер жолына ерте қызыққан ол 1978-1980 жылдары Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры жанындағы актерлер студиясында білім алды. Кейін 2000 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің заң факультетін заңгер-құқықтанушы мамандығы бойынша тәмамдады.

Еңбек жолын театр сахнасынан бастаған Нұрлан Өнербаев 1980-1991 жылдары Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында актер болды. Сол жылдары ол түрлі спектакльдерге қатысып, сахна мәдениетін, актерлік шеберлікті және көрерменмен жұмыс істеудің қыр-сырын меңгерді. Кейін оның шығармашылық бағыты әншілік өнермен терең ұштасып, қоңыр дауысымен көпшіліктің сүйікті орындаушысына айналды.

Нұрлан Өнербаевтың үлкен сахнадағы әншілік жолы 1986 жылдардан бастау алады. Оның репертуарында "Анашым", "Сағыныш", "Әке арманы", "Қазақ қызы", "Сұлулық", "Ауылым", "Туған күн", "Сағындым ауылды", "Жан аға" сияқты елге кең танылған әндер бар. Әсіресе анаға, туған жерге, сағынышқа, адамдық сезімге арналған лирикалық әндері тыңдарман жүрегінен орын алды. Ол халық әндерін де орындап, дәстүрлі ән мен эстрадалық орындаушылықтың арасын жалғаған өнерпаздардың бірі ретінде танылды.

Әнші өнер сапарларымен Түркия, Италия, Франция, Жапония, Чехия, Словакия, Марокко, Қытай, Германия, Моңғолия сияқты елдерде болды.

Нұрлан Өнербаев шығармашылықпен қатар радио, телевизия және мәдениет саласында да жауапты қызметтер атқарды. 1990-1998 жылдары Қазақ радиосында еңбек етіп, кейін "Хабар" агенттігінде аудармашы және дубляж бөлімінің жетекшісі болды. 1998-2002 жылдары Қазақстан Президенттік оркестрінің әншісі болып қызмет атқарды. Кейін Қазақстан ұлттық телеарнасында басшылық қызметте болып, Алматы қаласының мәдениет басқармасын басқарды.

2008-2011 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төртінші шақырылым депутаты ретінде қоғамдық-саяси өмірге араласты. Оның өнер мен қоғамға сіңірген еңбегі бірнеше мәрте жоғары бағаланды.

Нұрлан Өнербаев 1995 жылы "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының иегері және Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атанды, ал 2008 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері құрметті атағын алды. Қазақ сахнасында өзіндік үні мен орындаушылық мектебі бар Нұрлан Өнербаев ел жадында нәзік лирикасымен, мәдениетті болмысымен және өнерге адалдығымен танылған тұлға болып қала береді.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу