Әнші, композитор әрі продюсер Қанат Айтбаев жалғыз қызы Раушан Құдайбергенге арнап жаңа ән ұсынды, деп хабарлайды Malim.kz.
"Бақ сүйсін маңдайыңнан!" деп аталатын туындының әуенін Қанат Айтбаевтың өзі жазған. Ал ән мәтінінің авторы – ақын, журналист Бауыржан Бабажанұлы.
Жаңа әнге түсірілген бейнебаян YouTube платформасында жарияланды. Клипке Раушанның қыз ұзату тойында түсірілген әсерлі кадрлар енгізілген.
Туындыда әкенің ұзатылған қызына деген махаббаты, ақ тілегі мен батасы көрініс тапқан.
Әнді тыңдаған желі қолданушылары Қанат Айтбаевтың жаңа шығармасын жылы қабылдап, оның әкелік сезімді әсерлі жеткізгенін атап өтті.
Пікір қалдырғандар клипке Раушанның ұзату тойынан алынған сәттердің енгізілуі әннің мазмұнын одан әрі толықтыра түскенін жазған.
Еске сала кетейік, Қанат Айтбаев әлеуметтік желіде коучтар мен психологтардың қоғамға ықпалына қатысты пікір білдірген.
Қанат Айтбаев кім?
Қанат Айтбаев – қазақстандық әнші, композитор, музыкант және продюсер. Көпшілік оны әлемге танылған әнші Димаш Құдайбергеннің әкесі әрі шығармашылық жобаларына жетекшілік ететін продюсер ретінде жақсы таниды.
Қанат Айтбаев 1971 жылғы 6 қаңтарда Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданындағы Жұрын ауылында дүниеге келген.
Ол композитор ретінде де бірқатар танымал шығарманың авторы. Қанат Айтбаевтың қоржынында "Ақ тілек", "Астана вальсі", "Ақтөбем – алтын ән қалам", "Келмедің", "Ақ жүрек анама", "Балапаным", "Қыз мұңы", "Қос жүрек" және басқа да туындылар бар. Жалпы саны 30-ға жуық ән жазған.
Өнермен қатар мемлекеттік қызметте де еңбек еткен. Қанат Айтбаев Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасын басқарды. 2017 жылы бұл қызметтен кетіп, ұлы Димаш Құдайбергеннің халықаралық шығармашылық жолына көбірек көңіл бөле бастады.
Қанат Айтбаевтың мәдениет саласына қосқан еңбегі бірнеше мемлекеттік марапатпен бағаланған. 2006 жылы оған "Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері" атағы берілді. 2026 жылы Мемлекет басшысының атынан "Парасат" орденімен марапатталды.
Қанат Айтбаев жұбайы Светлана Айтбаевамен бірге үш бала тәрбиелеп өсірген. Олардың үлкені – Димаш Құдайберген. Сондай-ақ отбасында ұлы Мансұр мен қызы Раушан бар.
Бүгінде Қанат Айтбаев жеке шығармашылығын жалғастырумен қатар, Димаш Құдайбергеннің халықаралық концерттері мен түрлі шығармашылық жобаларын ұйымдастыруға белсенді қатысып келеді.