Malim.kz
Қоғам

"Құтты болсын": Серік Ибрагимов әнші Мейрамбек Беспаевқа қатысты қуанышты хабарын айтты

• Мадияр Қапанбек
Мейрамбек Беспаев пен Серік Ибрагимов. Фото-коллаж: Malim.kz / ЖИ

Қазақ эстрадасының танымал өкілі Серік Ибрагимов "МузАРТ" тобының әншісі Мейрамбек Беспаевтың 50 жас мерейтойына ерекше сыйлық жолдады. Концертке өзі келе алмаған өнер иесі әнші ағасына арнайы шапан жапқызды, деп хабарлайды Malim.kz.

Мейрамбек Беспаев жарты ғасырлық мерейтойына орай Қызылорда қаласында жеке шығармашылық кешін өткізді. Концертке өнердегі әріптестері мен жақындары қатысып, мерейтой иесіне жылы лебіздерін арнады.

Әнші Серік Ибрагимов та Мейрамбек Беспаевты құттықтауды назардан тыс қалдырмаған. Алайда Астанадағы шығармашылық жұмыстарына байланысты мерекелік кешке қатыса алмаған ол өз атынан досын жіберген.

Сахнаға шыққан азамат Серік Ибрагимовтың сәлемін жеткізіп, мерейтой иесіне арнайы шапан ұсынды. Сондай-ақ әншінің қазіргі уақытта кино өндірісімен айналысып жүргенін айтып, әзілдеген.

"Серіктің қазір әншіліктен бөлек, кино саласында жүргенін білесіздер. Осыдан екі жыл бұрын "Заманбек" деген кино түсіріп, 1,5 жарым млдр касса жинаған. Қазір "Заманбек-2" деген кино түсіріп жатыр. Құнықты ма, білмеймін ғой, енді", – деді ол.

Оның айтуынша, Серік Ибрагимов Астанада ұйымдастырылған фильмнің алдын ала көрсетіліміне қатысуына байланысты Қызылордаға бара алмаған.

Дегенмен өнер иесі Мейрамбек Беспаевқа деген құрметін білдіріп, қазақы дәстүрмен шапан жабуды жөн санаған. Бұдан бөлек, Серік Ибрагимов Instagram парақшасында мерейтой иесіне арнап құттықтау жазбасын жариялады.

"Мейрамбек ағамыздың 50 жас кеші құтты болсын! Ағамды ерекше жақсы көремін, сыйлаймын", – деп жазды әнші.

Еске сала кетейік, танымал блогер әрі әзілкеш Қанат Тасхан өнердегі ағасы, әнші Мейрамбек Беспаевтың көпшілік ортада өзін өте сақ ұстайтынын айтып, өнер иесіне қатысты байқағанын бөліскен.

Мейрамбек Беспаев кім?

Мейрамбек Әбілашімұлы Беспаев – қазақ эстрадасының белгілі өкілі, әнші, термеші және актер. Ол 1976 жылы 7 қарашада Жамбыл облысының Талас ауданында дүниеге келген.

Өзіндік орындаушылық мәнерімен танылған өнер иесі лирикалық әндері мен ұлттық нақыштағы шығармалары арқылы тыңдарман ықыласына бөленді. Ол – көпшілікке кеңінен танымал "МузАРТ" тобының негізгі мүшелерінің бірі.

Мейрамбек Беспаевтың өнерге деген қызығушылығы бала кезінен байқалған. Ол алғашқы музыкалық білімін Тараз қаласындағы М. Глинка атындағы музыка мектебінде алды. Кейін Алматыдағы Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық музыка мектебінде оқуын жалғастырды.

Болашақ әнші Т. Жүргенов атындағы театр және кино академиясында актерлік мамандықты меңгерген. Кәсіби шығармашылық жолын Сүйінбай атындағы филармонияда жеке орындаушы ретінде бастап, халық әндері мен қазақ композиторларының туындыларын орындады.

Оның репертуарында Кенен Әзірбаев, Нұрғиса Тілендиев сынды қазақ музыкасының көрнекті тұлғаларының шығармалары бар. Сондай-ақ әнші "Қазақконцерт" ұйымында еңбек етіп, ұлттық музыка өнерін насихаттауға үлес қосқан.

Мейрамбек Беспаевтың шығармашылық өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі – "МузАРТ" тобымен байланысы. Ұжым құрамында ол көптеген концерттерге қатысып, қазақ эстрадасындағы танымалдығын арттырды.

Өнер иесі әншілікпен шектелмей, актерлік қабілетін де көрсетті. Атап айтқанда, 2010 жылы жарық көрген "Ғашық жүрек" фильмінде өз бейнесін сомдады.

Мейрамбек Беспаев шығармашылық жетістіктері үшін "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығына ие болып, "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағымен марапатталған.

Бүгінде ол қазақтың дәстүрлі музыкасы мен заманауи эстрадасын ұштастырып жүрген танымал орындаушылардың бірі. Оның әндері ел ішіндегі тыңдармандарға ғана емес, шетелдегі қазақ қауымына да кеңінен таныс.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары