Танымал блогер әрі әзілкеш Қанат Тасхан өнердегі ағасы, әнші Мейрамбек Беспаевтың көпшілік ортада өзін өте сақ ұстайтынын айтып, өнер иесіне қатысты байқағанын бөлісті, деп хабарлайды Malim.kz.
Оның сөзінше, Мейрамбек Беспаев қонақта немесе басқосуларда отырған кезде өзін телефонға түсіруге рұқсат бермейді. Біреудің камера қосқанын байқаса, бірден мән-жайды анықтап, түсірілімді тоқтатуды талап етеді екен.
"Мейрамбек ағамыз өте сақ адам. Оны көп жерге қонаққа шақырады. Біреу телефон шығарып, түсіре бастаса, отырысты тоқтатып: "Әкел, не түсіріп отырсың?" – деп телефонын алып қояды. Кейін оны дастархан иесіне беріп: "Қандай адамдарды жинағансың? Менің абыройымды төгу үшін шақырдың ба?" – деп айтып тастайды", – деді әзілкеш.
Айта кетейік, бұған дейін Мейрамбек Беспаев "МузАРТ" тобының мүшелері Сәкен Майғазиев пен Кенжебек Жанәбіловті алған марапаттарымен құттықтап, жылы лебізін білдірген еді. Сондай-ақ ол жас әнші Еркеш Хасенге автокөлік сыйлап, көпшіліктің ықыласына бөленген болатын. Әнші Мейрамбек Беспаев "МузАРТ" тобының мүшелері Сәкен Майғазиев пен Кенжебек Жанәбіловті алған марапаттарымен құттықтап, әзіл аралас жылы лебізін білдірген.
Мейрамбек Беспаев туралы не білеміз?
Мейрамбек Беспаев – қазақ эстрадасындағы орны бөлек өнер иесі. Ол әнші, актер әрі термеші ретінде көпшілікке кеңінен танылған. Өнер иесі 1976 жылы 7 қарашада Жамбыл облысы Талас ауданында дүниеге келген.
Әнші нәзік лирикалық туындылары, ұлттық бояуы қанық орындау мәнері және қазақы болмысымен тыңдарман жүрегінен орын алды. Ол – елге танымал "МузАРТ" тобының негізгі мүшелерінің бірі.
Мейрамбек Беспаев бала кезінен өнерге жақын болып өсті. Алғашқы музыкалық білімін Тараз қаласындағы М.Глинка атындағы музыкалық мектепте алған. Кейін Алматыдағы Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық музыка мектебінде білімін жалғастырды.
Жоғары оқу орнын Т.Жүргенов атындағы театр және кино академиясында актерлік мамандық бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын Сүйінбай атындағы филармонияда солист болып бастап, халық әндері мен белгілі композиторлардың шығармаларын орындау арқылы көрермен ықыласына бөленді.
Әншінің репертуарында қазақ өнерінің алыптары Кенен Әзірбаев пен Нұрғиса Тілендиевтің туындылары бар. Сондай-ақ ол "Қазақконцерт" ұйымында еңбек етіп, ұлттық өнердің дамуына өз үлесін қосты.
Мейрамбек Беспаев әншілікпен қатар кино саласында да бақ сынаған. 2010 жылы "Ғашық жүрек" фильмінде өз бейнесін сомдап, актерлік қырын көрсетті.
Өнердегі еңбегі үшін Мейрамбек Беспаев "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығымен марапатталған. Сонымен қатар оған "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағы берілді.
Бүгінде Мейрамбек Беспаев қазақ сахнасындағы ұлттық өнер мен заманауи эстраданы үйлестіре білген танымал тұлғалардың бірі саналады. Оның шығармашылығы Қазақстанда ғана емес, шетелдегі тыңдармандар арасында да жоғары бағаланады.