Malim.kz
Әдебиет

Сарбаздарға жаңа талап қойылды: енді бір жылда кемі 5 кітап оқуы тиіс

Сабина Асқарқызы
Фото: Қорғаныс министрлігі

Қазақстан Қарулы Күштерінде әскери қызметшілердің оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жаңа талап енгізілді. Енді әскерге барған сарбаз жылына кемінде 5 кітап оқуға міндеттеледі, деп хабарлайды Malim.kz.

Бұл бастама 23 сәуірде атап өтілетін Кітап күні қарсаңында жарияланды. Аталған күн ЮНЕСКО бастамасымен әлемде Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні ретінде белгілі. Ал Қазақстанда бұл дата алғаш рет 2025 жылы ресми түрде белгіленген болатын.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Қарулы Күштерде оқу мәдениетін дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда әскери бөлімдер мен мекемелерде 322 кітапхана жұмыс істейді. Олардың қорында 52 434 дана көркем әдебиет және 198 293 оқу басылымы бар. Жыл басынан бері әскери қызметшілерге 48 837 кітап берілген.

Ұлттық әскери-патриоттық орталығы әскери-ғылыми кітапханасының меңгерушісі Оксана Әлжанованың айтуынша, кітапхана қорында отандық авторлардың, әскери жазушылар мен ғалымдардың еңбектері мол.

«Біздің кітапханамызда әскердің қалыптасуы мен дамуын қамтитын құнды еңбектер көп. Кітапхана 2020 жылы ашылды, бүгінде қорда 7000-нан астам кітап бар. Басылымдар негізінен қайырымдылық акциялары арқылы жиналды. Сонымен қатар Астана мен Алматы кітапханалары және Ұлттық қорғаныс университеті үлкен қолдау көрсетті. Сирек басылымдар да жеткілікті», – деді ол.

Министрлік мәліметінше, кітапхана қорын толықтыру демеушілер, баспалар және қайырымдылық акциялары есебінен жүзеге асырылады. Бұл іске әскери қызметшілердің өздері де белсенді атсалысып, жеке кітаптарын тапсырып келеді.

Жаңа талап тәрбие және білім беру жұмысының бір бөлігі ретінде енгізілген. Мамандардың айтуынша, кітап оқу сыни ойлауды дамытып, дүниетанымды кеңейтуге ықпал етеді.

Шығармашылық взводтың сарбазы Нұрдос Айтмұхаметовтің сөзінше, әскери қызмет барысында кітап оқуға барлық жағдай жасалған.

«Қазір Мұхтар Шахановтың еңбегін оқып жүрмін. Әсіресе детектив жанры мен әскери тақырыптағы кітаптар қызықтырады», – деді сарбаз.

Қорғаныс министрлігі бұл бастама сарбаздардың интеллектуалдық дамуына, ой-өрісінің кеңеюіне және оқу мәдениетінің орнығуына оң әсер етеді деп санайды.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары