Танымал әнші Мейрамбек Беспаев жас өнер иесі Еркеш Хасенге автокөлік сыйлап, көпшіліктің ықыласына бөленді, деп Malim.kz тілшісі Sn.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Еркештің айтуынша, бұл жағдай "CoverShow" бағдарламасы кезінде басталған. Концерттен кейін олар бірге іс-шараға қатысып, ән орындаған. Сол сәтте Мейрамбек Беспаев оның үйіне қалай қайтатынын сұраған.
"Мен такси шақырып қойғанымды айттым. Әңгіме сол жерде аяқталғандай болды", – дейді әнші.
Алайда келесі күні бағдарлама барысында бұл тақырып қайта қозғалған. Кейін жеке әңгіме кезінде Мейрамбек Беспаев Еркештің жеке көлігі жоқ екенін байқап, көмектескісі келетінін білдірген.
"Маған картаңның деректерін қалдыр. Жақын күндері өзіңе ыңғайлы көлік алып берейін", – деп ұсыныс жасаған.
Көп ұзамай әнші уәдесінде тұрып, Еркеш Хасенге автокөлік сыйлаған. Жас өнер иесі бұл сыйды үлкен құрмет деп қабылдап, алғысын жеткізді.
Мейрамбек Беспаев – қазақстандық танымал әнші, актер және термеші. Ол 1976 жылдың 7 қарашасында Жамбыл облысы, Талас ауданында дүниеге келген. Өнер иесі қазақ эстрадасындағы лирикалық бағыттағы әндерімен кеңінен танымал.
Мейрамбек Беспаев "МузАРТ" тобының белді мүшелерінің бірі. Оның шығармашылығы ұлттық музыка мен дәстүрлі өнерге негізделген. Бала кезінен өнерге жақын болған ол алғашқы білімін Тараз қаласындағы "Глинка" атындағы музыкалық мектепте алған. Кейін Алматыдағы К.Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған музыкалық мектепте оқуын жалғастырды. Жоғары білімді Т.Жүргенов атындағы театр және кино академиясында актерлік мамандық бойынша алды.
Еңбек жолын "Сүйінбай" атындағы филармонияда солист ретінде бастады. Ол қазақтың халық әндерін және белгілі композиторлардың туындыларын орындаумен танылды. Әншінің репертуарында Кенен Әзірбаев, Нұрғиса Тілендиев сынды тұлғалардың шығармалары бар. Сонымен қатар, ол "Қазақконцерт" ұйымында да еңбек етті. Мейрамбек Беспаев тек әншілікпен шектелмей, кино саласында да өзін сынап көрді.
2010 жылы "Ғашық жүрек" фильмінде өзін-өзі сомдап, актерлік қырын көрсетті. Өнердегі жетістіктері үшін ол "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығына ие болды. Сондай-ақ "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағымен марапатталған. Оның шығармашылығы тек Қазақстанда ғана емес, шет елдерде де жоғары бағаланады.
Еске сала кетейік, әншінің өнердегі әріптесі Қайрат Түнтеков Qazaqstan арнасындағы "1001 түн" бағдарламасына берген сұхбатында жеке өмірі мен отбасы туралы пікір білдірген еді.