Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов театр және кино актрисасы Гүлжамал Қазақбаеваны Халық әртісі атағын алуымен құттықтап, жүрекжарды тілегін әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер майталманы құттықтау сөзінде актрисаның қазақ театр және кино өнеріне қосқан үлесін ерекше атап өтті. Ол Гүлжамал Қазақбаеваның шығармашылық жолында аянбай еңбек етіп, өнердің биік шыңына адал еңбегімен жеткенін айтты.
"Халық әртісі атағың қайырлы, құтты болғай, қарындасым! "Бұтақ иілсе, әлсіз екен деме, жемісінің көптігінен иіледі. Адам иілсе, маған мұқтаж екен деме, тек сені құрметтегендіктен иіледі", – деген екен Мөңке би бабамыз… Өнердегі 70 жылымда менің амандығымды, ел-жұрт алдындағы абыройымды Алладан жүрекпен тілеген бір жан болса, ол – театр және кино актрисасы Гүлжамал Қазақбаева, дер едім… Кино әлеміне де, мәртебелі театр өнеріне де аяусыз тер төгіп келе жатқан аяулы жанды төбеме көтеріп қалай мақтасам да, қалай мақтансам да қақым бар…
Әділдік салтанат құрып, Халық әртісі атағын алғаныңа шын қуандым, қалқам. Табан ақы, маңдай теріңмен, адал еңбегіңмен өнердің өрін бағындырғаныңа жан-жүрегіммен қуандым, қарғам… Мемлекеттік ең жоғарғы марапатың қайырлы, құтты болсын, қарындасым! Сен 25 жасыңда жан жарыңнан айырылып, ұрпағыңа жетімдік көрсетпей жетілдірдің, жарығым. Көз жасың аз төгілген жоқ. Сол кезде қамқорлық көрсете алмағаныма қабырғам қайысады", – деп жазды Нұрғали Нүсіпжанов.
Әнші актрисамен туған жері Жетісу өңірі арқылы байланысы бар екенін де айтып, олардың бала кезден таныс екенін жеткізді. Сонымен қатар ол Гүлжамал Қазақбаеваның өмірінде қиын кезеңдер болғанын, соған қарамастан өнерден қол үзбей, адал еңбек етіп келгенін атап өтті.
Айта кетейік, Гүлжамал Мұқажанқызы Қазақбаева 1949 жылы Алматы облысы Кербұлақ ауданында дүниеге келген. Ол – қазақ театр және кино өнерінің көрнекті өкілдерінің бірі. 1969 жылдан бері сахнада еңбек етіп келе жатқан актриса ұзақ жылдар бойы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында қызмет атқарды.
Өнердегі жетістіктері үшін Гүлжамал Қазақбаева Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атанды. Сонымен қатар ол "Құрмет" орденімен және бірқатар мемлекеттік марапаттармен наградталған. Енді актрисаға Қазақстанның Халық әртісі атағы беріліп, оның өнердегі еңбегі тағы бір мәрте жоғары бағаланып отыр.
Ал Нұрғали Нүсіпжанов – қазақ ән өнерінің көрнекті өкілдерінің бірі. Ол Жетісу өңірінде дүниеге келіп, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында білім алған. Ұзақ жылдар бойы қазақ музыка өнерін дамытуға үлес қосып, көптеген елдерде өнер көрсеткен. Әнші "Саржайлау", "Ақ құсым", "Жетісуым" сияқты халық сүйіп тыңдайтын әндерді орындап, қазақ мәдениетінің дамуына зор үлес қосты.
Бұған дейін Нұрғали Нүсіпжанов әлеуметтік желідегі парақшасында жары Жадыра Сейдеші туралы жүрек тебірентерлік жазба жариялап, көпшіліктің назарын аударған еді. Сондай-ақ, ол тағы бір жазбасында қазақ өнерінің абызы, марқұм Асанәлі Әшімов туралы тебірене жазды.