freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Алладан сұрарым – алдымда аман жүрші": Әнші Нұрғали Нүсіпжанов өзінен 45 жас кіші әйеліне әсерлі сөзін арнады (ФОТО)

Қоғам
"Алладан сұрарым – алдымда аман жүрші": Әнші Нұрғали Нүсіпжанов өзінен 45 жас кіші әйеліне әсерлі сөзін арнады (ФОТО)
Malim.kz коллажы

Қазақстанның халық әртісі, қазақ ән өнерінің көрнекті өкілі Нұрғали Нүсіпжанов әлеуметтік желідегі парақшасында жүрек тебірентерлік жазба жариялап, көпшіліктің назарын аударды, деп хабарлайды Malim.kz.

Аңыз әнші бұл жазбасында жары, танымал журналист Жадыра Сейдешке деген шынайы сезімі мен құрметін білдірді.

"Ата-анаңның әруақтарының алдында ақ басымды идім, алтыным! Жас ұлғайған шақта тайғақ ғұмырдың тарам жолында сүйеніш болар серік кездеспесе, өнермен өріліп келе жатқан алдағы өмірім қалай өріс алар еді? Ол жайлы ойлауға да қорқам… Жасырып, жаба тоқып қайтейін, тағдыр талайыма сызылған маңдайдағы жазудың ыстық-суығын бір адамдай көрдім. Күйгенім де, күйінгенім де рас, тоңып-жаурағаным да өзгеден гөрі өзіме мәлім… Соқтықпалы, соқпақты ғұмыр дариясының бедер-белесі де аз болған жоқ… Бұралаң-бұлтағы көп жалған дүниенің қиыны мен қызығын да қатар көрдім… Аурудың азабын арқалатқан жылдары жалғыздықпен бетпе-бет жүздестім… Сыналдым, бірақ сынбадым, құласам да мұқалмадым…

Басыма сындарлы сәт туғанда Алла Тағала маған сөз өнерін серік еткен аяулы аруды сыйлады… Қай өнердің де тірегі – асқақ адамгершілік қой… Кәсіби журналист ретінде Жадыраны бағалаған жалғыз қазақ мен емеспін. Маңдайалды марқасқаларымыздың ақ батасын арқалап, аға-апаларының алғысына жастайынан бөленген Жадыраға "дара дарын иесі, туа бітті талант" деп баға берген де сол зиялы қауым өкілдері… Талғат Бигелдинов, Шер ағаң, Қадыр, Тұманбай, Фаризадай азулы ақындар мен Әбіш Кекілбай, Герольд Бельгер, Асанәлі Әшімов сынды аңыз адамдардың бір жапырақ Жадыраны төбелеріне көтергенін көзіммен көрдім және мың сан мәрте ішімнен: "Шүкір, тәубә!" – дедім. Бұл енді өз алдына бөлек әңгіме… Қазақтың қаламгер қызын туған күнімен де, арулар мерекесімен де құттықтауға қақым бар деп ойлаймын.

Асылдың сынығы, тектінің тұяғысың ғой, алтыным. Анаң ажал сапарына аттанғалы жанарыңа мұң ұялап, жаныңды қайғының қасірет табы жаралады. Тұнжыраған жүзің, күлуден қалған көзің – жүрегімді қанжардай тіліп барады… Сенің мен үшін жасап жүрген көл-көсір еңбегіңді қазақ руханиятына көрсеткен құрмет-қошеметің деп білем. Алладан сұрарым – алдымда аман жүрші, жарығым…Сенің табаныңа кірген тікен менің маңдайыма кірсін, жаралы жаныма жалау болған бір жапырағым…" – деп жазды Нұрғали Нүсіпжанов.

Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанұлы Нүсіпжанов – қазақ ән өнерінің көрнекті өкілдерінің бірі. Ол 1937 жылы 5 қаңтарда бұрынғы Талдықорған облысы, қазіргі Жетісу облысы Кербұлақ ауданындағы Доланалы ауылында дүниеге келген. Қарапайым шопан отбасында өскен болашақ әнші бала кезінен өнерге жақын болып, мектеп қабырғасында жүргенде-ақ ән айтып, көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысқан.

Нұрғали Нүсіпжановтың таланты ерте байқалып, түрлі байқауларда көзге түсті. Оның әншілік қабілетін бағалаған мамандар жас өнерпазға Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына түсуге кеңес береді. Ол осы оқу орнында белгілі ұстаз, Қазақ КСР халық әртісі Надежда Самышинаның класында білім алып, кәсіби әншілік өнердің қыр-сырын меңгереді.

Консерваторияны тәмамдағаннан кейін Нұрғали Нүсіпжанов Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театрында қызмет атқарды. Кейін Қазақ телевизиясы мен радио хабарларын тарататын мемлекеттік комитетінде жұмыс істеп, музыкалық хабарлар редакторынан редакция меңгерушісіне дейін көтерілді. 1976 жылы ол Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің жетекші әншісі болып қабылданып, бұл ұжымда жиырма жылға жуық еңбек етті.

Әншінің шығармашылығында қазақтың көрнекті композиторы Нұрғиса Тілендиевтің әндері ерекше орын алады. Ол орындаған "Саржайлау", "Ақ құсым", "Жетісуым", "Қапшағай" сияқты көптеген әндер халық арасында кеңінен танылды. Сонымен қатар М.Маңғытаев, Ә.Бейсеуов, Қ.Қуатбаев, Т.Базарбаев сынды композиторлардың шығармаларын да сахнаға алып шықты.

Нұрғали Нүсіпжанов Қазақстанның барлық өңірінде концерттер беріп қана қоймай, көптеген шет мемлекеттерде де өнер көрсетті. Ол Швеция, Финляндия, Моңғолия, Түркия, Германия, Қытай, Польша, Алжир және басқа да елдерде қазақ ән өнерін танытты.

Өнердегі еңбегі үшін Нұрғали Нүсіпжанов Қазақстанның халық әртісі атағына ие болып, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Сонымен қатар ол "Парасат" және "Құрмет" ордендерімен марапатталған. Бүгінде ол қазақ мәдениеті мен өнеріне зор үлес қосқан белгілі тұлғалардың бірі ретінде халықтың зор құрметіне ие.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу