Қазақстанда бастауыш сынып оқушылары үшін бөлім бойынша жиынтық бағалау мен тоқсандық жиынтық бағалауды алып тастау мәселесі талқыланып жатыр. Егер бұл ұсыныс қолдау тапса, бастауыштағы оқушылардың білімін бағалау формативті бағалау арқылы жалғасуы мүмкін, деп хабарлайды Malim.kz.
Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған видеода айтты.
Министрдің сөзінше, бұл бастама оқушылардың білімін бағалаудан толық бас тарту дегенді білдірмейді. Керісінше, мұғалімдер оқушылардың оқу материалын қалай меңгеріп жатқанын күнделікті бақылап, дер кезінде кері байланыс беруді жалғастырады.
Яғни бастауыш сыныптарда оқушының оқу қарқыны, мәтінді түсінуі, тапсырманы орындауы және жалпы үлгерімі мұғалім тарапынан тұрақты түрде қадағаланады. Ал бөлім соңында және тоқсан аяқталғанда өткізілетін жиынтық бағалаулардың бұл жастағы балалар үшін қаншалықты тиімді екені қайта қаралмақ.
Жұлдыз Сүлейменова бастауыш мектептегі негізгі мақсат баланы баға арқылы қысымға түсіру емес, оның мектепке, білім алуға және жаңа ортаға бейімделуіне жағдай жасау екенін атап өтті.
Министрдің айтуынша, әлемнің көптеген елінде бастауыш сынып оқушылары Қазақстандағыдай БЖБ мен ТЖБ арқылы бағаланбайды. Ал елімізде балалар 2-сыныптан бастап жиынтық бағалау тапсырады.
"Бастауыш мектеп – баланың мектеп өміріне бейімделіп, білім алуға, құрдастарымен қарым-қатынас орнатуға үйренетін маңызды кезең. Сондықтан бүгінде бастауыш сыныптардағы барлық пән бойынша БЖБ мен ТЖБ-ны алып тастау мәселесін жан-жақты талқылап жатырмыз", – деді министр.
Бұл бастаманың тағы бір мақсаты – бастауыш сынып мұғалімдерінің жүктемесін азайту. Қазір педагогтер әр пән бойынша БЖБ мен ТЖБ тапсырмаларын дайындап, кейін оларды тексеруге көп уақыт жұмсайды.
Министрдің сөзінше, мұғалімдердің осы уақытын балалармен жеке жұмыс істеуге, білімдегі олқылықтарды толықтыруға және оқушылардың қабілетін дамытуға бағыттауға болады.
Әзірге бұл мәселе бойынша түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Ұсыныс тамыз айында өтетін педагогтердің дәстүрлі тамыз кеңесінде кеңінен талқыланады.
Жұлдыз Сүлейменова мұғалімдер, сарапшылар мен ата-аналарды осы бастамаға қатысты пікір білдіруге шақырды. Оның айтуынша, барлық ұсыныс білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған шешім қабылдау кезінде ескеріледі.
Қазақстан мектептерінде жаңа пәндер енгізілетіні айтылды
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Қазақстан мектептеріндегі оқу бағдарламасына жаңа пәндер мен міндетті курстар қосылатынын мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, жаңа оқу жылынан бастап білім беру мазмұны бірнеше маңызды бағыт бойынша толықтырылды. Атап айтқанда, 5-7-сынып оқушылары үшін "Конституция негіздері" пәні енгізілетіні айтылды. Ал 8-11-сыныптарда "Заң және тәртіп" пәні оқытылатыны белгілі болды.
Сонымен қатар 5-11-сынып оқушылары үшін "Жеке қауіпсіздік" міндетті курсы енгізілмек. Бұл курс балалардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және түрлі жағдайларда дұрыс әрекет ету дағдыларын дамытуға бағытталған.
Жұлдыз Сүлейменова келесі оқу жылынан бастап 8-9-сыныптарда "Қазақстан географиясы" пәні қайта оқытылатынын айтты. Бұған дейін таңдау пәні ретінде жүргізіліп келген "Құқық негіздері" курсы да енді барлық оқушы үшін міндетті болатыны хабарланды. Министрдің сөзінше, бұл пәннің мазмұны жаңа Конституция қағидаттарына сәйкес қайта қаралып, оқушыларға құқықтық сауат, заңға құрмет және азаматтық жауапкершілік түсінігін қалыптастыруға бағытталды.
Мектепте смартфон қолдануға қатысты жаңа талаптар түсіндірілді
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектептерде смартфондарды пайдалануға қатысты жоспарланған өзгерістерді түсіндірді.
Министр Парламент палаталарының бірлескен отырысы аясында оқушылардың сабақ кезінде ұялы телефон қолдануына қатысты шектеулер туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл мәселе әсіресе жоғары сынып оқушыларына қатысты әлі де талқыланып жатқан. Жұлдыз Сүлейменова жоғары сыныптарда көптеген пән онлайн-платформалар арқылы оқытылатынын, сондай-ақ оқушылар ҰБТ мен SAT сияқты емтихандарға дайындалатынын айтты. Сондықтан жоғары сынып оқушыларына қатысты нақты шешім мұғалімдермен бірге қосымша қарастырылатыны белгілі болды.
Ал 7-сыныпқа дейінгі оқушылар сабақ кезінде смартфондарын тапсыруы тиіс екені айтылды. Министрдің сөзінше, бұл шара оқу процесіне кедергі келтірмеу және балалардың сабаққа толық зейін қоюын қамтамасыз ету үшін қажет болды. Телефон қолданғаны үшін ата-ана жауап беруі мүмкін