Қазақстанда жазғы маусымның басталуымен табиғат аясын ластауға қарсы рейдтік шаралар күшейтілді. «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында Экология департаменттері мен Ішкі істер министрлігі бірлесіп, жыл басынан бері 177 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады, деп хабарлайды Malim.kz.
Пластикалық бөтелкелер, пакеттер, бір реттік ыдыстар, шыны қалдықтар табиғаттың көркін бұзып қана қоймай, қоршаған ортаға үлкен зиян келтіреді. Кейбір қалдықтар ұзақ жылдар бойы жойылмай, топырақ пен су көздерін ластайды. Ал шыны бөтелкелер адамдар мен жануарларға қауіп төндіріп, ыстық күндері өрттің шығуына себеп болуы мүмкін.
Табиғатты қорғау үлкен істерден емес, күнделікті қарапайым әрекеттерден басталады. Демалыстан кейін әр адам өзінен кейін қалған қоқысты жинап, арнайы орындарға тастауы керек. Бұл – табиғатқа деген құрметтің және азаматтық жауапкершіліктің белгісі.
«Қазақстанда экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында аумақтық экология департаменттері тұрақты жұмыстар атқарып келеді. Мамандар тұрғындармен кездесулер өткізіп, қоршаған ортаны қорғау, қалдықтарды дұрыс басқару және табиғатты ластамау туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар мектептер мен жоғары оқу орындарында дәрістер өткізіліп, экологиялық акциялар мен түрлі қоғамдық іс-шараларға қатысады. Халыққа ақпараттық жұмыс жүргізу барысында мамандар табиғатқа ұқыпты қараудың маңызын түсіндіріп, экологиялық талаптарды сақтау қажеттігін айтады. Сондай-ақ қоршаған ортаны ластаған жағдайда заң бойынша жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Бұл жұмыстар волонтерлермен, қоғамдық ұйымдармен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүзеге асырылады», – делінген Экология және табиғи ресурстар министрлігінің хабарламасында.
Экологиялық мәдениетті арттыруда «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасының маңызы зор. Бұл бастама аясында мемлекеттік органдар, ұйымдар және белсенді азаматтар бірігіп, елді мекендерді тазарту, заңсыз қоқыс орындарын жою және табиғи аумақтарды қорғау бағытында жұмыстар жүргізуде.
Қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз етуге Ішкі істер министрлігі де атсалысып келеді. Полиция қызметкерлері Экология департаменттерінің қызметкерлерімен рейдтер өткізіп, қоғамдық орындарды ластау, абаттандыру талаптарын бұзу фактілерін анықтайды. Сонымен қатар құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың жауапкершілігін арттыру бағытында жұмыстар жүргізеді.
Табиғатты ластағаны үшін тек экологиялық зиян емес, заң алдында жауапкершілік те қарастырылған. Қазақстан заңнамасына сәйкес қоғамдық орындарды, саябақтарды, су айдындарын және басқа да аумақтарды ластаған азаматтарға айыппұл салынуы мүмкін.
ІІМ мәліметі бойынша, жыл басынан бері санитарлық және экологиялық талаптарды бұзуға байланысты 177 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.
Заңсыз қоқыс орындарын жою жұмыстары да тұрақты жүргізілуде. Бірлескен шаралар нәтижесінде 248 заңсыз қоқыс орны анықталып, тиісті органдарға жолданған материалдар негізінде 153 қоқыс орны жойылды. Бұл жұмыстар елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға мүмкіндік берді.
Қазіргі таңда экологиялық тәртіпті бақылау үшін еліміз бойынша 8 мыңнан астам полиция қызметкері жұмылдырылып, 1,4 мыңға жуық мобильді топ жұмыс істеп жатыр. Олардың мақсаты – тек заң бұзушылықтарды анықтау емес, сонымен қатар алдын алу жұмыстарын жүргізіп, халықтың экологиялық жауапкершілігін арттыру.