Иранда өмір сүру құнының күрт қымбаттауына қарсы наразылықтар бесінші күн қатарынан жалғасып жатыр. Қақтығыстар салдарынан кемінде алты адам қаза тапқан.
Fars ақпарат агенттігі мен Hengaw құқық қорғау тобының мәліметінше, Иранның оңтүстік-батысындағы Лордеган қаласында наразылық білдірушілер мен полиция арасындағы қақтығыс кезінде екі адам көз жұмған. Елдің батысындағы Азна қаласында тағы үш адам, ал Кухдашт қаласында бір адам қаза тапқан.
Бейсенбі күні әлеуметтік желілерде тәртіпсіздік кезінде өртелген автокөліктер бейнеленген видеолар тарады.
Наразылыққа шыққандардың көбі елдің Жоғарғы көшбасшысының билігін тоқтатуға шақырып жатыр. Кейбірі монархияны қайта орнатуды да талап етеді.
1 қаңтар күні елдің әртүрлі аймақтарында ұлттық валютаның құлдырауына байланысты тәртіпсіздіктер болғаны жөнінде хабарламалар келіп түсті.
BBC-дің Парсы қызметі растаған видеожазбаларда бейсенбі күні Лордеган қаласында, ел астанасы Тегеранда және оңтүстіктегі Фарс провинциясының Марвдашт қаласында наразылық акциялары өткенін көруге болады.
Fars агенттігі жағдайдан хабардар шенеунікке сілтеме жасап, Лордеганда екі адамның қаза тапқанын хабарлады. Алайда қаза тапқандардың наразылар ма, әлде күш құрылымдарының қызметкерлері ме екені нақтыланбаған. Сондай-ақ көршілес Лорестан провинциясындағы Азна қаласында үш адамның қаза тапқаны айтылған, бірақ олардың кім екені көрсетілмеген.
Ал Hengaw құқық қорғау тобы Лордеганда қаза тапқан екі адамның наразылыққа қатысушылар екенін мәлімдеп, оларды Ахмад Джалил және Саджад Валаманеш деп, есімдерін атады.