Malim.kz
Қоғам

"Біреудің үйінде сандықта жатқан": Қыз Жібек рөлін сомдаған Өтекешова қамзол туралы шындықты айтты

Мадияр Қапанбек
ашық дереккөзден

"Қыз Жібек" фильмінде басты рөлді сомдаған актриса Меруерт Өтекешова қоғамда қызу талқыланып жатқан қамзол мәселесіне қатысты өз ойын айтты. Ол продюсер Баян Алагөзованың иелігіндегі киімнің түпнұсқа екенін растаған, деп хабарлайды Malim.kz.

Бұл туралы журналист Гүлбану Әбенова әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Оның айтуынша, актрисамен сөйлесу барысында қамзолдың шынайы тарихи жәдігер екені нақтыланған.

"Жаңа ғана Меруерт Өтекешева ханыммен атышулы камзол жайлы сөйлестім. Ол Баянның қолындағы қамзолдың түпнұсқа екенін растады", – деп жазды Гүлбану Әбенова желідегі парақшасында.

Өтекешованың сөзінше, кезінде фильмге қатысты көптеген реквизиттер мен костюмдер түрлі себеппен жан-жаққа тарап кеткен. 

"Музейде сақталған жалғыз ғана нұсқасы бар екенін, бірақ оған да дұрыс күтім жасалмай отырғанын жеткізді. Мынау қамзол біреудің үйінде сандықта жатқан".

Сонымен қатар, актриса бұл жәдігердің қайда сақталуы керектігі жөнінде нақты пікір айтудан тартынған. Ол мәселенің дауға айналғанын қаламайтынын жеткізген.

"Миллиардердің әйелі мерейтойын тойлап берем дегенге шамасы үміттеніп отырған сияқты әсер қалдырды. Биыл ақпанда Меруерт ханым 75-ке толды", – деп топшылады журналист.

Еске сала кетейік, 17 сәуір күні Баян Алагөзова әлеуметтік желіде "Қыз Жібек" фильміндегі қамзолды киіп, оны сыйға алғанын жариялаған еді. Осыдан кейін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі аталған жәдігердің жеке қолға қалай өткенін тексеретінін мәлімдеді. Ал продюсер өз кезегінде "50 жыл бойы назардан тыс қалған" қамзолды ешкімге бермейтінін айтқан.

"Қыз Жібек" фильмі: қазақ киносының жауһары

"Қыз Жібек" – 1970 жылы "Қазақфильм" студиясы түсірген екі бөлімнен тұратын көркем фильм. Туындының режиссері – Сұлтанахмет Қожықов, ал сценарийін Ғабит Мүсірепов жазған. Фильм қазақ тілінде түсірілген және эпостық-драмалық жанрға жатады.

Басты рөлдерде Меруерт Өтекешова, Құман Тастанбеков және Асанәлі Әшімов ойнаған. Музыкасын қазақтың белгілі композиторы Нұрғиса Тілендиев жазған.

Фильмнің сюжеті қазақтың лиро-эпостық жыры негізінде өрбиді. Бірінші бөлімде Базарбайдың ұлы Төлеген өзіне жар іздеп, көптеген арудың ішінен Сырлыбай ханның қызы Жібекті таңдайды. Алайда қызғаныштан туған қастандық салдарынан Бекежан Төлегенді өлтіреді. Бұл қайғылы оқиға Жібектің тағдырына ауыр соққы болып тиеді.

Екінші бөлімде Төлегеннің інісі Сансызбай ағасын іздеп шығып, жаумен шайқасып, елін қорғап, Жағалбайлы жұртын азат етеді.

Фильмде қазақ халқының салт-дәстүрі, махаббат, адалдық пен ерлік тақырыптары кеңінен көрініс табады. "Қыз Жібек" – ұлттық кино өнерінің алтын қорына енген, мәдени маңызы зор туынды.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары