Malim.kz
Қоғам

Жаңа Конституция жобасына қатысты пікір айтқан журналистердің үйіне полиция барған

Арман Қайыпхан
Фото: әлеуметтік желі

Конституция жобасына қатысты пікір айтқан Дина Елгезек пен Жалғас Ертай үйлеріне полиция келгенін жазды, деп хабарлайды Malim.kz Азаттық радиосына сілтеме жасап.

“Үйге полиция келді. “Түсіндірме жұмысы” дейді мыс. Мен, Дина Елгезек, Қазақстан азаматы ретінде Конституцияны талқылауға толық қақым бар. Тілімді қорғау - Отаным алдындағы перзенттік парызым!” деп жазды Дина Елгезек желідегі парақшасында.

Ал Жалғас Ертайдың айтуынша, полиция одан желіде жаңа Ата заңның жобасына қатысты айтқан жазбасын өшіруді талап еткен. Ол одан бас тартқан.

Бұған дейін азаматтық қоғам өкілдері, сарапшылар мен құқық қорғаушылар, белсенділер ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеуінде Конституцияны өзгертуде асығыстық танытпауға шақырып, толымды қоғамдық талқылау жүргізу қажеттігін айтқан еді.

Қоғамда әсіресе, жобадағы 9-бап 2-тармақты алып тастауды немесе өзгертуді талап еткендер көп. 2-тармақта "мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады" деп жазылған.

Бұл бап қазіргі Конституцияда да бар. Белсенділер осы бапты өзгертіп, мемлекеттік тіл – қазақ тілінің ахуалын жақсартатын сәт баяғыда жетті дейді.

Еске салайық, бұған дейін Жаңа Конституция жобасы жайында фейк таратқан адам айыппұл арқалаған еді.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары