Malim.kz
Қоғам

"Жылап, жаман болдым": Әнші Мақпал Жүнісова ел күтпеген құпия шындықты жайып салды (ВИДЕО)

Мадияр Қапанбек
ашық дереккөзден. Суретте: Мақпал Жүнісова

Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова өміріндегі ең қиын кезеңдердің бірі туралы сыр бөлісті, деп хабарлайды Malim.kz.

Әнші архивтік видеосын жариялап, бір кездері ірі байқауда жеңіске жеткенімен, финалға қатыса алмағанын еске алды.

"Алматыда өткен осы конкурста 3000 адамнан бірден көзбе-көз дауыс жиналды, мен жеңіп шыққан едім. Финалға Москваға дайындық екі ай жүрді, бірақ екі апта қалғанда осы іріктеуде мүлдем қатыспаған Бақтияр Тайлақбаев барады деп мәдениет министрлігінен хабар келді. Мен жылап жаман болған кез еске түсті", – деп жазды Мақпал Жүнісова.

Әнші бұл жағдайды әділетсіздік ретінде бағалап, сол сәттің әлі күнге дейін жүрегінде қалғанын жеткізді.

Мақпал Жүнісова – қазақ эстрадасының падишасы

Мақпал Жүнісова – қазақ эстрадасында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған, халықтың ерекше ықыласына бөленген өнер иелерінің бірі. Ол 1963 жылы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданындағы Теректі ауылында дүниеге келген.

Өнерге ерте араласқан әнші 1981 жылдан бастап "Қазақконцерт" бірлестігінің солисі ретінде үздіксіз шығармашылықпен айналысып келеді. Табиғи дарынымен көзге түскен ол халықаралық байқауларда топ жарып, кәсіби деңгейін дәлелдеді. Небәрі 22 жасында "Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі" атанса, 31 жасында "Халық әртісі" атағына ие болуы – оның өнердегі биік жетістіктерінің айқын көрінісі.

Әнші білімге де ерекше мән берген. Ол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдап, кейін ғылым мен білім саласында да белсенді еңбек етіп, профессор дәрежесіне дейін көтерілді.

Мақпал Жүнісованың басты ерекшелігі – лирикалық сопрано дауысы. Оның репертуары халық әндерімен қатар романс пен джаз жанрындағы туындыларды қамтиды. Бұл оның шығармашылығын байытып, тыңдарман аудиториясын кеңейте түсті.

Бүгінде ол қазақ эстрадасының "примадоннасы", "Орта Азияның бұлбұлы" ретінде кеңінен танылған. Әншінің концерттері әлі де аншлагпен өтіп, көрермен тарапынан жоғары сұранысқа ие.

Сонымен қатар, өнер иесі тек сахнадағы шеберлігімен ғана емес, ашық мінезі мен әзілқойлығымен де көпшілікке жақын. Мысалы, бір шарада Тұрсынбек Қабатовқа қалжың айтып, жиналған жұртты күлкіге бөлегені есте. Сондай-ақ Мақпал Жүнісова Маңғыстауда өткен жеке концерті барысында ерекше жағдайға кезіккенін де жазған едік. Мақпал Жүнісова Қарағандыға жасаған сапары барысында көңілі қалған жайттарды бөліскенін де жазып едік.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары