Белгілі актер, Қазақстанның Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов өзіне қатысты айтылған айыптаулар мен Арыстанбек Мұхамедиұлымен болған кикілжің туралы 2023 жылғы сұхбатында ашық айтқан еді, деп хабарлайды Malim.kz.
Нартай Аралбайұлының YouTube арнасындағы бағдарламада актер қомақты қаржыны иемденді деген айыптаулар өзіне ауыр тигенін жеткізді. Оның сөзінше, нақақтан жабылған жала денсаулығына қатты әсер еткен.
"Біз де ет пен сүйектен жаралған адамбыз. Жасырғаным болса, "өзіңе де сол керек" дейтін едім, ал мұнда нақақтан жала жабылып, "не жаздым?" деп қапаландым. Қатты ауырдым, қиналдым, ауруханаға түстім. Дәрігерлер менің күйзелгенімді көріп, өздері терапиядан жүйке ауруын емдейтін бөлімге ауыстырды. Жындыханада 15 күндей жаттым. Мен емделіп жатқан кезде де тергеушілер келіп тергеді. Олар маған қысым көрсетті. Маған көп нәрсені мойындатпақ болды", – деді Тұңғышбай Жаманқұлов.
Актер сондай-ақ сол кезде Өнер академиясының ректоры болған Арыстанбек Мұхамедиұлымен арадағы келіспеушіліктің қалай басталғанын айтып берді.
"Мен – академияға келген білімгерлерді қабылдайтын бөлімнің жетекшісімін. Оқуға келген абитуриенттер саны көп. Бір орынға елу адамдай таласады. Сонда маған "грантқа ілінуі тиіс" деп 11 адамның тізімін берді. Мен мұнша баланы ала алмаймын, үлкен, сыйлы адамдар сұраған болар, ары кетсе, екі баланы алайын дедім. Сөйтіп түнделетіп емтиханымды аяқтап келе жатсам, "Сен неге менің айтқанымды орындамайсың?" деп хабарласып тұр. Мен жағдайды түсіндірдім. Уәде берген екі адамды алдым, тізімдегі балалар көңілімнен шықпады, ертең ұят болатынын айттым. Сөйтсем, мені тыңдамайды. "Мені сен құртамын, шығарып жіберемін. Сен кімсің сонша?" дейді ректор. Содан соң мен де: "Біріншіден, маған "сен" деп сөйлейсің.
Екіншіден, мен сенің басыбайлы құлыңмын ба? Мен Қазақстанның Халық әртісі, профессор Тұңғышбай Жаманқұлов деген ағаңмын. Дікіңдемей сөз тыңдасайшы" десем, қоймайды. "Мен сенің орныңа басқа біреуді аламын" деді. Мен де эмоцияның адамымын. Телефонның арғы жағынан "Кетші бар на ..." дедім. Ертеңгі күні жағдайды түсіндірмек болып академияға бардым. Ректор әлі келмепті. Бір уақытта көліктен түсіп жатыр екен. Мен болған жағдай туралы түсінісейік деп ұсыныс айттым. Өзімді кіргізбей қойды. Бірге кіріп, кабинетіңде сөйлесейік дедім. Амандық-саулық жоқ, маған бір, аналарға бір қарады да: "Мынаны кіргізбеңдер" деді. Тағы шымкентше бір боқтадым да кетіп қалдым", – деп ағынан жарылды актер.
Еске сала кетейік, Тұңғышбай Жаманқұловтың өнердегі әріптесі марқұм Асанәлі Әшімовті жоқтап жазған жазбасы көпшілікті ойландырған еді. Сондай-ақ ол жұбайы Дәрия Әбдімәлікқызы Жүсіппен қалай танысып, шаңырақ көтергені туралы айтып берген болатын. Сонымен қатар танымал актер Шерхан Пірназар студенттік жылдарын еске алып, ұстазы Тұңғышбай Жаманқұловтың өзіне жасаған жақсылығы туралы айтқан.
Тұңғышбай Жаманқұлов кім?
Тұңғышбай Қадырұлы Жаманқұлов – қазақ театр және кино өнерінде ерекше орны бар белгілі актер, режиссер, педагог әрі қоғамға танымал өнер қайраткері. Ол 1948 жылы 2 қазанда Жамбыл облысы Байзақ ауданына қарасты Абай ауылында дүниеге келген.
Бала кезінен өнерге жақын болып өскен Тұңғышбай Жаманқұлов кейін сахна мен киноны өмірлік кәсібіне айналдырды. Оның кәсіби шығармашылық жолы 1970 жылы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрынан басталды. Ал 1973 жылы Қазақ ұлттық консерваториясының актерлік факультетін тәмамдады. Актердің қалыптасуына КСРО халық әртісі, профессор Хадиша Бөкееваның мектебі үлкен әсер етті.
Әуезов театрының сахнасында ол ұлттық болмысы айқын, мінезі күрделі, ішкі жан дүниесі терең кейіпкерлерді сомдады. Бақтығұл, Сырым, Абылай хан, Әбутәліп, Жалмұхан секілді рөлдері арқылы көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Бұл образдар актердің сахнадағы шеберлігін, кейіпкер табиғатын терең түсіне білетінін көрсетті.
Тұңғышбай Жаманқұлов қазақ театрындағы актерлік мектептің дамуына үлес қосқан ірі тұлғалардың бірі саналады. Ол драмада да, комедия мен мелодрамада да өзін еркін көрсете білді. Әр рөлінде кейіпкердің сыртқы әрекетін ғана емес, ішкі қайшылығын, мінезін, жан дүниесін ашуға мән берді.
Кино саласында да актер бірқатар есте қаларлық бейнелер жасады. Ол Чекист, Тәңірберген, Әбілқайыр, Қайырхан, Құнанбай сияқты кейіпкерлерді экранда нанымды сомдады. Әсіресе «Отырардың күйреуі» фильміндегі Қайырхан рөлі оның кино өнеріндегі ең биік жетістіктерінің бірі ретінде бағаланады. Осы еңбегі үшін 1992 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын алды.
Тұңғышбай Жаманқұлов актерлікпен қатар режиссерлік және ұйымдастырушылық қызметпен де айналысты. 1993-2001 жылдары Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының бас директоры әрі көркемдік жетекшісі болды. Бұл кезеңде ол театрдың шығармашылық дамуына, сахна мәдениетінің нығаюына және жас актерлердің қалыптасуына ықпал етті.
Көп жылғы еңбегі үшін Тұңғышбай Жаманқұлов Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстанның халық әртісі атақтарына ие болды. Сондай-ақ Парасат және Достық ордендерімен марапатталды. Жамбыл облысы мен Байзақ ауданының құрметті азаматы атанған.
Жеке өмірінде ол актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәрия Жүсіппен отбасын құрған. Бүгінде Тұңғышбай Жаманқұлов қазақ сахнасы мен киносының дамуына үлкен үлес қосқан, бірнеше буын көрерменнің құрметіне бөленген ірі өнер тұлғасы ретінде танылады.