Уәдесін орындамаған Цой отставкаға кете ме?

Елнұр Бақытқызы

  • 05.05.2021

Осы күнге дейін коронавирусқа қарсы вакцинаны халықтың небәрі 2,1 пайызы немесе 400,7 мың адам алған. Сәуірде Тоқаевтан баяу вакцинация үшін сын естіген денсаулық сақтау министрі Алексей Цой журналистерге сәуір айында 2 миллион адам вакцина алады деп мәлімдеген. Уәдесінде тұрмаған Алексей Цой отставкаға кете ме?

Бүгін мәжіліске келген Алексей Цойды депутаттар сұрақтың астына алды. Депутат Лариса Павловец министрден вакцинаның қанша дозасын алған адамды егілген деп санауға болатынын сұрады.

"4 мамырдағы дерекке қарағанда, алғашқы компонентті 1 422 204 адам алды, екінші компонентті 347 774 адам алды. Дәрігер ретінде вакцинаның екі компонентін алған адам ғана егілген деп саналатынын білемін. Сіздің ұстанымыңыз қандай? Егілгендерге кімдерді жатқызасыздар: бір доза алғандарды ма, екі доза алғандарды ма?" - деді Павловец. 

Министр Цой:"Егер бұл екі доза вакцина болса, онда әрине вакцинаның екі дозасын алу керек" , - деді. Министр екпенің бірінші дозасын алғандарға міндеттті түрде екінші де егіледі деді.

Алайда не себепті екені белгісіз, денсаулық сақтау министрінің орынбасары, еліміздің бас санитар дәрігері Ерлан Қиясовтың қаулысына сәйкес, сәуір айының соңынан бастап Ресейдің "Спутник" вакцинасының бірінші және екінші дозасы арасындағы үзіліс ұзартылды. Бұрын вакцинаның екінші компоненті бірінші компонен салынған соң 21 күннен кейін егілсе, енді жаңа қаулыға сәйкес, 45 күннен кейін егіледі. Қиясов қаулыны түсіндіргенде елде вакцина тапшылығы жоқ деген еді. Тәуелсіз ғылыми-медициналық Medsupport ұйымы Қиясовтың бұл шешіміне қарсы шығып, адам екінші доза алмаса вирус жұқтырып алуы мүмкін әрі екі дозаның арасын ұзарту вирус мутациясына оңтайлы мүмкіндік тудырады деген.

Бүгін мәжіліске келген Алексей Цой вакцинаның алғашқы компонентін алғандар қалайда да екінші компонентті алатынын жеткізді.

"Азаматтарға бірінші компоненті салынса, екінші дозасы 21 күннен кейін, ең көп дегенде 45 күн ішінде салынады. Қалай болғанда да азаматтарымыз екінші компонентін алады" деді министр.

Цойдың сөзінше, вакцинаның бірінші дозасы егілген күннен бастап 15 күн өткен соң адамдарда антидене пайда бола бастайды.  

Осы жерде "вакцинация бойынша бәрін шатастырып біттіңіз" деп әңгімеге араласқан мәжіліс спикері Нұрлан Нығматуллин Цойға халық пен журналистердің сұрақтарына нақты жауап беруді сұрады.

"Қазір 21 күн дедіңіз. Орынбасарларыңыздың бірі 90 күн деді. Қазір ең көп дегенде 45 күн деп отырсыз. Бәрін шатастырып біттіңіз. Біз халықаралық стандартқа сәйкес жүруіміз керек. Дипломдарыңызды қарасақ, барлықтарыңыз денсаулық сақтау саласының ұйымдастырушыларысыздар. Олай болса, ең болмағанда вакцинацияны дұрыс ұйымдастырыңыздар! Бір ақпарат шығады, артынша бір қызметкеріңіз шығып басқа нәрсе айтады. Халықтың басын қатырмайық. 15 күннен кейін антидене пайда болады деген ақталу сияқты. Адам екі доза алғаннан кейін егілген болып есептеледі. Онда есепті солай жүргізіңіздер", - деді Нығматулин.

Ал мәжіліс депутаты Артур Платонов министрдің отставкасы жайлы сұрады.

"Вакцина салынған миллион адамдарыңыз қайда, денсаулық сақтау министрлігінің алхимиктері? Отставкаға кетесіз бе? Жақында партияның бақылау комитетінің отырысында миллионнан астам азаматқа вакцина салынды деп бетін жылы жаба салмақ болдыңыз. Президентке берген уәдені орындағандай етіп көрсету үшін. Бірақ болмай қалды", - деді Платонов.

Баяу вакцинация үшін президент Тоқаевтан сын естіген денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 7 сәуір күні онлайн брифингіде журналистердің "вакцинация бойынша қандай жоспар орындалмаса отставкаға кетесіз?" деген сұрағына жауап бергенде "2 миллион"  деген межені айтқан. Алайда бүгінгі күні вакцинаның екі дозасы түгіл, бір дозасын алғандар саны 2 миллион адамға жетпеді. Елімізде вакцинаның алғашқы дозасын 1,4 милион адам алған. Уәдесін орындамаған Алексей Цой отставкаға кете ме? Бүгін тілшілер алдына шығып, брифинг беретін Цойға осы сұрақ тағы да қойылатыны түсінікті.

Байланысты жаналықтар

5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

23.03.2024

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

23.03.2024

Уэльс ханшайымы Кейт қатерлі ісікке шалдықты

22.03.2024

Мәскеуде алдағы демалыс күндері театр мен музей жабылады

22.03.2024

Ресейдің Красногорск қаласындағы концерт залында атыс болды

22.03.2024

«Көшкін қаупі жоғары»: ТЖМ қазақстандықтарға ескерту жасады

22.03.2024
MalimBlocks
5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

Уэльс ханшайымы Кейт қатерлі ісікке шалдықты

Мәскеуде алдағы демалыс күндері театр мен музей жабылады

Ресейдің Красногорск қаласындағы концерт залында атыс болды

«Көшкін қаупі жоғары»: ТЖМ қазақстандықтарға ескерту жасады