5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі
Қазақстанда көкжөтел бойынша қолайсыз эпидемиологиялық жағдай сақталуда. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Министрлік мәліметінше, көкжөтел 14 жасқа дейінгі балалардың арасында 392 жағдайы тіркелген. Оның 90%-дан астамы 5 жасқа дейінгі балалар арасында байқалып отыр.
«Көкжөтелдің көбеюі ұжымдық иммунитеттің төмендеуімен байланысты. Ол ауа тамшылары арқылы жөтелгенде, түшкіргенде, науқаспен сөйлескенде таралады. Инфекцияның көзі – екпе алмаған балалар. Вакциналау – инфекциядан қорғанудың жалғыз жолы. Жоспарлы екпені тұрғылықты мекенжай бойынша емханадан алуға болады», - делінген министрлік хабарламасында.
Көкжөтелдің белгісі - алдымен ауру балада жалпы суық тию сияқты басталады: мұрыннан су ағады, дене қызуы көтеріліп, жөтел пайда болады. Бірте-бірте жөтел күшейіп, ұстама тәрізді болады және бірнеше рет қайталанады. Ал асқынған жағдайда өкпенің қабынуы, мидың қабынуна әкеп соғады.
«Көкжөтелмен ауыратын науқастарды емдеуге арналған арнайы дәрі-дәрмек жоқ. Көкжөтелге қарсы екпе баланың 2 айлығынан бастап, 3 және 4 айлығында үш рет салынады. Сондай-ақ, 1,5 және 6 жастағы балаларға ревакциналау жүргізіледі»,- деп жазды министрлік.
ФОТО: ИНТЕРНЕТТЕН