freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

2027 жылы зейнетақы мөлшері өседі

MALIMet
2027 жылы зейнетақы мөлшері өседі
Фото: ЖИ арқылы жасалған

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда зейнетақы төлемдерінің мөлшері артады. Ең төменгі жиынтық зейнетақы 113 мың теңгеден асса, ең жоғары мөлшері 259 мың теңгеге жуықтайды, деп Malim.kz тілшісі, Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Қазақстандағы зейнетақы үш бөліктен - ынтымақты, базалық және жинақтаушы төлемдерден құралады. Төлем мөлшері еңбек өтілі мен азаматтың жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуына байланысты.

2027 жылы күнкөріс минимумын 55 173 теңгеге дейін көтеру жоспарланып отыр. Осыған байланысты базалық зейнетақы мөлшері де артады.

Ал жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін төленетін зейнетақы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 8,5 пайызға көбеймек. Бұл өзгеріс барлық зейнеткерге ортақ тәртіппен қолданылады.

Министрлік мәліметінше, базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері күнкөріс минимумының 70 пайызына, ал ең жоғары мөлшері 120 пайызына тең болады.

Осылайша, ең төменгі жиынтық зейнетақы 113 541 теңгені құрайды. Оның ішінде:

– базалық зейнетақы — 38 622 теңге;
– ынтымақты зейнетақы — 74 919 теңге.

Ал ең жоғары жиынтық зейнетақы 259 795 теңге болады. Оның:

– 66 208 теңгесі — базалық зейнетақы;
– 193 587 теңгесі — ынтымақты зейнетақы.

2027 жылға арналған зейнетақы төлемдеріне қажетті қаражат 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында қарастырылған.

Еңбек өтілі 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін болмаған және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатыспаған азаматтарға мемлекеттік базалық зейнетақы күнкөріс минимумының 70 пайызы көлемінде, яғни 38 622 теңге мөлшерінде төленеді.

Сонымен қатар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы жыл сайын 5 пайызға индекстеледі. 2027 жылы жаңа зейнетақы жарналарын енгізу жоспарланбаған.

Жұмыс істейтін азаматтар БЖЗҚ-дағы жинағы ең төменгі жеткіліктілік шегінен асқан жағдайда оның бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделуге пайдалана алады. Бұл тәртіп өзгермейді.

БЖЗҚ-дан төленетін ең төменгі зейнетақы төлемі күнкөріс минимумының 70 пайызынан кем болмауға тиіс. 2027 жылы бұл сома 40 063 теңге болады. Ал ең жоғары төлем мөлшеріне шектеу қойылмайды - ол әр азаматтың жинақ көлеміне қарай есептеледі.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу