Әнші Ерке Есмахан әлеуметтік желіде өзі мен балаларының аты-жөні мен бейнесін пайдаланып контент жасайтын парақша иелеріне ескерту жасады, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер иесі қаралым жинау, аудитория қамту немесе пайда табу мақсатында өзінің және балаларының келбеті мен атын пайдаланатын, сондай-ақ жасанды интеллект арқылы контент әзірлейтін парақшаларға үндеу жолдады.
Оның айтуынша, заң қабылданғаннан кейін бұл мәселені заңгерлерімен талқылаған.
"Мына қатты дамып бара жатқан заманда өзіміздің түрімізді, атымызды өзіміз қорғауға толықтай құқығымыз бар. Заң бар. Ура!" – деп жазды әнші.
Ерке Есмахан бұдан былай мұндай жағдайлармен заңгерлері мен менеджерлері айналысатынын жеткізді. Сондай-ақ ескерту хат алған парақша иелеріне оны елемеуге кеңес бермеді.
"Сізге ескерту хат келсе, бейжай қарамаңыз. Болмаса, әрі қарай айыппұл төлеуге тура келеді. Қазір әр орынсыз сөз бен әрекеттің өз жауапкершілігі бар, заңы бар. Тек Instagram емес, біз отырмайтын барлық әлеуметтік желіге қатысы бар жазба", – деді ол.

Сонымен қатар әнші өзіне арнайы ашылған фан-парақшаларға қарсылығы жоқ екенін аңғартты.
"Ал өнерімізге арнап контент жасайтын парақшаларға “Жұмыстарыңыз берекелі болсын!” дегеннен басқа ештеңе демейміз", – деп түйіндеді Ерке Есмахан.