freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Мақсат Ақанов айтыстан алты айға шеттетілді

Мәдениет
Мақсат Ақанов айтыстан алты айға шеттетілді
Фото: Ulysmedia.kz

"Алтын домбыра" иегері, айтыскер ақын Мақсат Ақанов алты ай бойы ресми айтыстарға қатыспайды. Мұндай шешімді Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағы қабылдаған, деп Malim.kz тілшісі, Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Бұған дейін әлеуметтік желіде Мақсат Ақановтың Маңғыстау облысы Шайыр ауылында өткен айтыстағы видеосы тараған еді. Кадрлардан кейін желі қолданушылары ақынның сахнадағы әрекеті мен сөз саптауын қызу талқылап, оның масаң күйде өнер көрсеткенін жазды.

Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының төрағасы Аманжол Әлтайдың айтуынша, Шайыр ауылындағы шара одақтың ресми жоспарына кірмеген. Оны жергілікті тұрғындар жеке кәсіпкерлердің қолдауымен ұйымдастырған.

Аманжол Әлтай бұл шарада ресми әділқазы алқасы болмағанын және одақ ұйымдастыру жұмыстарына қатыспағанын айтты.

"Егер ол жерде әділқазы алқалары отырса, оны сол жерде-ақ тоқтатар еді. Жалпы, оны ондай күйде шығармас еді. Одақ Шайырдағы аста өткен кішігірім айтыстың басы-қасында болған жоқ", – деді ол.

Сонымен қатар одақ төрағасы бір оқиға арқылы ақынның бүкіл шығармашылық жолына баға беруге болмайтынын атап өтті.

"Мақсаттың бір айтысы оның бүкіл айтыстағы ғұмырын немесе адами болмысын сипаттай алмайды. Бұл оқиғаға қарап өзге айтыскерлерге не жалпы айтыстың бүгінгі жағдайына баға беру дұрыс емес", – деді Аманжол Әлтай.

Одақ болған жағдайдан кейін Мақсат Ақановты алты айға айтыстан шеттету туралы шешім қабылдаған.

"Бұл шектеу оны жазалау үшін емес, Мақсаттың өз-өзіне келуіне берілген уақыт. Видео тарағаннан кейін онымен сөйлестім. Ол өкініп отыр, қателігін түсінген", – деді одақ төрағасы.

Оқиғаға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай да пікір білдірген. Ол жағдайды егжей-тегжейлі зерттемегенін, алайда Мақсат Ақановты талантты ақын деп санайтынын айтты.

"Мақсат – талантты жігіт. Екінің бірі суырыпсалма ақын бола алмайды. Егер ол сахнада сынап немесе қалжыңдап біреуді қағытып сөйлеген болса, жеке өз басым кешірер едім. Сол бір таланты үшін кешірер едім", – деді Қилыбай.

Әкім ақынның алты айға шеттетілуіне қатысты да ойын білдіріп, "шауып бара жатқан тұлпарға мүмкіндік беру керек сияқты" деген пікір айтты.

Мақсат Ақанов – 2023 жылғы "Алтын домбыра" иегері. Ал айтыс өнері 2015 жылы ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілген.

Аманжол Әлтайдың сөзінше, бүгінде айтысты дамытуға бағытталған бірнеше жоба жүзеге асып жатыр. Оқушылар мен студенттер арасында тұрақты айтыстар өткізіліп, "Алтын домбыра" додасы жалғасуда. Сондай-ақ "Хабар" арнасында жекпе-жек айтыс жобасы ұйымдастырылып келеді.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу