Ұлытау облысында ауыл тұрғындарына медициналық көмекті жақындату, дәрігер тапшылығын азайту және шалғай елді мекендерге заманауи қызмет түрлерін жеткізу бағытында бірқатар жоба іске асырылып жатыр. Өңірдің аумағы кең, елді мекендер арасы алшақ болғандықтан, ауыл медицинасына инфрақұрылымды жаңарту мен мобильді медицинаны дамытуға басымдық берілген, деп хабарлайды Malim.kz.
Ұлытау облысының денсаулық сақтау жүйесін дамытудың 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасында ауылдық жерлердегі алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігін арттыру негізгі міндеттердің бірі ретінде белгіленген. Бұл жұмыстар «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасымен және "Ауыл - ел бесігі" бағдарламасымен сабақтастырылған.
Өңірде ең алдымен ауылдық медициналық нысандарды жаңарту қолға алынған. 2025 жылы үш фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы алты ФАП пен алты медициналық пунктті ашу жоспарланған. Бұған қоса, тағы жеті нысанның құрылысы аяқталуға жақын.
Бірқатар медициналық мекемеде күрделі жөндеу жүргізілді. Олардың қатарында Сәтпаев қаласының орталық ауруханасы, Жаңаарқа аудандық ауруханасының емханасы, Ұлытау ауданындағы Жезді кентінің ауруханасы және Жезқазған жоғары медициналық колледжінің жаңа оқу ғимараты бар.
Ауыл тұрғындары үшін медициналық ұйымға тіркелу тәртібі де жеңілдетілген. Тұрғындар өңірдегі немесе оған іргелес аумақтардағы медициналық ұйымдардың бірін таңдап, eGov.kz порталы арқылы немесе емханаға тікелей барып тіркеле алады. Медициналық ұйымды еркін таңдау науқастарға қызмет сапасы мен қолжетімділігіне қарай өзіне қолайлы мекемені таңдауға мүмкіндік береді.
Өңірдегі өзекті мәселелердің бірі - дәрігер тапшылығы. Ұлытау облысында бұған дейін 50-ден астам дәрігер қажет болған. Әсіресе акушер-гинеколог, неонатолог, реаниматолог, кардиолог пен педиатр мамандарына сұраныс жоғары.
Мамандарды өңірге тарту үшін әлеуметтік қолдау тетіктері енгізілген. Ұлытауға жұмысқа келген дәрігерлерге 5-тен 8 миллион теңгеге дейін біржолғы көтерме төлем қарастырылған. Оның негізгі шарты - медицина қызметкерінің өңірде кемінде бес жыл еңбек етуі.
2025 жылы дәрігерлерді әлеуметтік қолдауға жергілікті бюджеттен 170 миллион теңге бөлінген. 2023 жылдан бері өңірге 50-ден астам медицина маманы келген. Ал 2025 жылдың өзінде тағы 26 дәрігер жұмысқа орналасып, оның 15-і облыстық көпбейінді аурухананың штатын толықтырған.
Жас мамандарды даярлау жұмысы да жалғасып жатыр. 2023–2026 жылдар аралығында жергілікті бюджет есебінен 65-ке дейін резиденттің оқу ақысын төлеу көзделген. Сонымен қатар дәрігерлерге қызметтік баспана ұсынылып, "Дипломмен - ауылға" бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие алу мүмкіндігі берілген. Өңірде мамандарды тұрғын үймен қамту үшін 11 көпқабатты үй салу да жоспарланған.
Ұлытауда медициналық көмектің сапасын арттыру үшін жаңа технологияларға да қаржы бөлініп отыр. Медициналық мекемелерді заманауи құрал-жабдықтармен қамтуға республикалық және жергілікті бюджеттен 2,2 миллиард теңгеден астам қаражат бағытталған.
Жезқазғандағы облыстық көпбейінді ауруханада қан тамырларына күрделі араласу жасауға мүмкіндік беретін ангиографиялық кешен мен 128 кескінді компьютерлік томограф орнатылған. Нейрохирургия бөлімшесі операция кезінде дәрігерге нақты бейне алуға мүмкіндік беретін жаңа буындағы хирургиялық микроскоппен жабдықталған.
2025 жылғы 3 маусымда Жезқазғанда алғашқы амбулаториялық тамыр хирургиясы орталығы ашылды. Мұнда тұрғындарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында мамандандырылған көмек көрсетіледі.
Онкологиялық қызметті дамыту да назардан тыс қалған жоқ. 2026 жылдан бастап өңірде қатерлі ісікті ерте анықтауға бағытталған скринингтік құзырет орталықтарын құру көзделген. Сонымен қатар сәулелік терапия жүргізуге арналған желілік үдеткіш орналастыру үшін арнайы нысан салу жоспарланып отыр.
Ауыл тұрғындары үшін медицинаны қолжетімді етудің тағы бір жолы - мобильді медициналық қызмет. Шалғай станциялар мен ауылдарға "Саламатты Қазақстан" медициналық пойызы барады. Дәрігерлер Теректі, Қарсақпай, Байқоңыр, Қоскөл сияқты елді мекендердің тұрғындарын қабылдап, кеңес береді, УДЗ мен ЭКГ тексерулерін жүргізеді және қажет болған жағдайда шағын хирургиялық ем-шаралар жасайды.
Сонымен бірге арнайы автокөлікке орнатылған жылжымалы медициналық кешендер Ұлытау және Жаңаарқа аудандарының ауылдық округтеріне, сондай-ақ Жәйрем кентіне шығады. Мұндай кешендер арқылы тұрғындар алғашқы медициналық тексеруден өтіп, скринингтен өте алады.
Ұлытау облысында қолға алынған бұл шаралар ауыл тұрғынының медициналық көмек алу үшін алысқа бару қажеттілігін азайтуға бағытталған. Жаңа медициналық нысандардың ашылуы, дәрігерлерге берілетін әлеуметтік қолдау, заманауи жабдықтардың орнатылуы және мобильді медицинаның дамуы шалғай ауылдардағы тұрғындарға сапалы медициналық қызметті жақындатуға мүмкіндік береді.