Қазақстандық велошабандоз Рината Сұлтанова Жапонияда өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарының чемпионы атанды. Оның жеңісі Қазақстан құрамасының осы жарыстағы алғашқы алтын медалі болды, деп хабарлайды Malim.kz.
28 жастағы спортшы тасжол велоспортынан жекелей жарыста қарсыластарынан озып шықты. Рината 24,2 шақырымдық қашықтықты 36 минут 23,72 секундта еңсеріп, үздік нәтиже көрсетті.
Күміс жүлде Қытай спортшысы Хао Чжанға бұйырды. Ол жеңімпаздан 4,68 секунд кейін мәре сызығын кесті. Ал Оңтүстік Корея өкілі Шин Джи Ын 32,42 секунд айырмашылықпен үшінші орын алды.
Осылайша Рината Сұлтанова мансабында алғаш рет Азия ойындарының алтын жүлдесін жеңіп алды. Бұған дейін қазақстандық спортшы Ханчжоуда өткен Азия ойындарында қола медаль иеленген болатын.
Сұлтанованың халықаралық жарыстардағы жетістіктерінің қатарында Азия чемпионатында жеңіп алған екі алтын медаль да бар.
Қазақстандық велошабандоз үшін Азиададағы бәсеке мұнымен аяқталмайды. 22 қыркүйекте ол тасжол велоспортынан топтық жарыста тағы да ел намысын қорғайды.
Дереккөз: Sportinside.kz