Цой: Балаларға Pfizer вакцинасы тек ата-ананың рұқсатымен, ерікті түрде егіледі
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой бүгін өткен брифингіде 12 жастан асқан балаларға Pfizer вакцинасы тек ата-анасы келісім берген жағдайда ерікті түрде салынатынын мәлімдеді. Бірақ Pfizer вакцинасы әзірге елде жоқ. Министр бұл вакцина елге келгенде, бірінші кезекте ата-аналары рұқсат берген балаларға салынатынын айтты.
"Вакцинация тек ерікті түрде, ата-ананың келісімімен жүргізіледі. Біз үшін баршаның, оның ішінде балалардың вакцина салдыру құқығын сақтау маңызды. Көптеген ата-ана бізге хабарласып, балаларға вакцина салдыру туралы сұрап жатыр. Бірақ балаларға салуға ұсынылатын вакцина Қазақстанда жоқ. Ол елге жеткізілген соң, біз оны қолжетімді етеміз. Балаларға басымдық береміз", - деді Цой.
Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ажар Ғиният жыл басынан бері 34 мың балаға вирус жұғып, екі бала індеттен қайтыс болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі кезде стационарларда 558 бала коронавирустан емделіп жатыр. 13 шақалаққа вирус жұққан. Жыл басынан бері вирустың балаларға жұғу көрсеткіші 4,5 есе артқан.