Досым Сәтпаев: АЭС – Ресейдің саяси жобасы

Елнұр Бақытқызы

  • 06.09.2021

Қазақстанға АЭС салу керек емес, өйткені елде балама энергия көздері жеткілікті. Отыз жыл бойы тиісті дәрежеде пайдаланылмаған алып газ қорын энергия өндіруге қолдануға болады. Саясаттанушы, Тәуекелдерді бағалау тобының жетекшісі Досым Сәтпаев осылай деп есептейді. Саясаттанушы АЭС реакторын қай ел салып берсе, сол елге тәуелді болып қаламыз, өйткені саясат пен экономика АЭС-пен қатар жүреді дейді.

Ресей Қазақстанға АЭС салуды неліктен лоббилап жүр? Оның астарында не жатыр? Бұған дейін "бұл мәселеде асығыстық танытпай, қоғам пікірін ескереміз" деген билік не себепті бұл тақырыпқа қайта айналып соқты? Досым Сәтпаевпен осы сұрақтарды талқыладық.

"Алып газ қоры – балама энергия көзі"

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдегі экономикалық форумда Қазақстанға атом электр стансасы қажет және оны салу мүмкіндігін қарастыратын уақыт келгенін айтты. Сіздің ойыңызша, елге расында да АЭС керек пе?

– Меніңше, атом энергетикасын дамытып жатқан елдермен салыстырғанда, Қазақстанда АЭС салу өзекті мәселе емес. Халық пен өнеркәсіп орындарын атом энергетикасымен қамтып жатқан елдерде өзге балама ресурстар жоқ. Яғни атом энергетикасын саяси деңгейде қолдап, атом электр стансасын салған елдердің балама ретінде қолдануға болатын табиғи қазба байлықтары жоқ. Мысалы, Франция немесе Жапония. Мәселен, Қытайда көмір кен орны бар. Алайда Қытай экологиялық жағынан алғанда көмірді алмастыратын балама табу керектігін түсінеді. Бұл – бір. Екіншіден, Қытайда бір миллиардтан астам халық тұрады, энергияны талап ететін алып индустриалды өнеркәсіп орындары бар. Сондықтан көмір немесе Қытайда табылған мұнай мен газ бұл елдің экономикасын энергетикамен қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз. Осы себепті Қытай жақында атом энергетикасын құру бағдарламасын енгізді.

Ал Қазақстанға келсек, ең алдымен ресми деңгейде айтылған "жақында елде электр энергиясының тапшылығы басталады" деген мәлімдемені алайық. Өзге елдердің тәжірибесіне қарасақ, электр энергиясы тапшылығы бірнеше жағдайда туындайды. Біріншіден, сол энергияны өндіре алатын ресурстар тапшылығы. Бұл ретте Қазақстанда ресурстар тапшылығы жоқ, көмір бар. Электр стансаларында өндірілетін энергияның 70 пайызы осы көмір есебінен. Алайда мұны тоқтату керек, өйткені ғаламдық жылынуға үлес қосып отырмыз. Әрине, жел мен күн энергиясы есебінен тез арада көмірден бас тарта алмаймыз. Алайда күн мен желден энергия өндіруді де дамыту керек.

Қазақстанда газдың алып қоры бар. Тәуелсіздіктің 30 жылында мұнай барлауда қоса жүретін ілеспе газдың алып көлемін жағып тастадық. Оны жаққанда экологияға орасан зиян келді.

90-жылдары газ саласын, газ инфрақұрылымын дамыту тұжырымдамасы қабылданғанда, газ құбырын салу бірнеше жыл бұрын емес, осыдан 20 жыл бұрын басталғанда, бүкіл Қазақстанға әлдеқашан газ құбырын тартып, елдімекендерді газбен қамтамасыз етер едік. Сөйтіп, адамдар көмір жағып отырмас еді. Бірақ елде бұған кедергі келтіретін көмірдің мықты лоббиі бар тәрізді. Дегенмен Қазақстандағы газ қорын электр энергиясын өндіруге қолданып, газ электр стансаларын салуға болар еді.

Тағы бір маңызды дүние, бұл – халық саны. Атом энергетикасын дамытып отырған елдердің халық саны көп, халқы тығыз орналасқан. Инфрақұрылым мен өнеркәсібі жақсы дамыған. Үлкен көлемдегі электр энергиясын қажет ететін фабрика мен зауыттары көп. Ал Қазақстанда бұл жоқ. Халық тығыз орналаспаған, халық саны да көп емес. Сондықтан мұндай жағдайда халықты электр энергиясымен қамтамасыз ету анау айтқандай проблема емес. Миды қозғап, түрлі технологияларды дамыту керек. Бір жерде газ арқылы электр энергиясын өндіру, енді бір жерде жел энергиясы, бір аймақта күн энергиясын дамыту керек.

Атом энергиясын дамытып, АЭС салудан қандай проблема бар? Біріншіден, бұл өте қымбат жоба. Мысалы, Өзбекстан АЭС құрылысына 11 миллиард доллардан астам сома жұмсамақ. Бірақ бұл жеткіліксіз, өйткені оны салғаннан кейін стансаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек. Бұл АЭС-те кәсіби біліктілігі жоғары команда тұрақты түрде жұмыс істеуі керек деген сөз. АЭС элементтерін үнемі жіті қадағалау керек. Өйткені бұл өте күрделі нысан. Ал АЭС-тен шығатын қалдықты көметін белгілі бір полигон керек. Қазақстанда онсыз да экологиялық апат аймақтары көп. Ал тағы бір сондай аймақ жасау қосымша проблема тудырады.

АЭС-ті Балқаш аймағында салғысы келеді. Өйткені АЭС реакторын салқындату үшін су керек. Бірақ Қазақстандағы экологиялық қауіп тұрғысынан қарап, Қытаймен Ертіс өзені бойынша проблема барын ескерсек, трансшекаралық өзендер арнасы тартылуы мүмкін. Қазірдің өзінде Арал апаты Балқашта қайталанады, Балқаш тартылуы ықтимал деп жатыр. 15 жылдан кейін Балқаш тартылса, оның жанында салынатын АЭС не болмақ? АЭС-ті істен шығару оны салудан анағұрлым қиын. Өйткені атом реакциясын тез іске қосуға болады, ал АЭС-ті тоқтатуға көп ресурс пен көп уақыт керек. Оның үстіне мұны абайлап жасау қажет. Себебі кез келген қателік Чернобыльдегідей реактордың жарылысына әкеп соқтыруы мүмкін.

Сондықтан мұның тәуекелдері өте көп. Қазақстандағы басты тәуекел – адам факторы. Ақымақ әрекеттен қорғайтын түрлі механизмдер ойлап табуға болады, бірақ адам қателессе, мұның арты үлкен экологиялық апатқа соқтыруы ықтимал. Мұндай апаттың салдарын жою алып ресурстарды талап етеді. Ал апат аймағында экологиялық босқындар пайда болса ше? Яғни АЭС салудың пайдасынан тәуекелдер анағұрлым көп.

АЭС салып жатқан Өзбекстанға оралсақ, олар мұны ресурстар жеткіліксіз болып жатқандықтан салып жатыр. Оларда газ бар. Дегенмен қазір ол газ елдің ішкі сұранысын өтей алмайды. Оның үстіне Өзбекстан пайда табу үшін газды экспорттағысы келеді.

Ал Қазақстан экспорттайтын негізгі тауар – газ емес, мұнай. Мұнайды сатып, түскен табысты ұлттық қорға салып жүрміз. Ал газға көп жыл бойы мән бермедік. Десек те жасыл энергетика туралы айтсақ, газ балама энергия көзі бола алар еді. Қазақстан еш уақытта газ экспорттамады, бізде газ тек ілеспе өнім болатын.

Яғни Өзбекстан АЭС салып, газды сыртқа сатып, пайда тауып, елді АЭС арқылы электр энергиясымен қамтамасыз еткісі келеді. Бұл қисынды, өйткені олардың ресурстары біздікінен аз. Ал бізде ондай сұраныс жоқ, газ қоры жеткілікті, бірақ оны көп жыл бойы кәдеге жаратып, тиімді пайдаланбадық.

Меніңше, біз басымдықты дұрыс емес қойып отырмыз. Ресей бұл жобаны лоббилап жатқандай әсер қалдырады.

"АЭС-ті қай ел салып берсе, сол елге тәуелді боласың"

– Ресей бұған неге мүдделі? АЭС салу саяси жоба ма?

АЭС-ті кім салса да онымен бірге саясат пен экономика қатар жүретінін үнемі айтып жүрмін.Өйткені өз аумағына өзге елдің реакторын тұрғызған ел көп жыл бойы сол реактордың иесіне, яғни АЭС-ті салып берген елге тәуелді болады. Ресей мен "Росатом" ұлттық компаниясы АЭС-ті лоббилап, бізге салса, онда АЭС-ке мамандарды даярлау, оған техникалық қызмет көрсету, жөндеу жұмыстарында Ресейге тәуелді болып қаламыз. Ал Ресей – әрекетін болжап білуге болмайтын ел. Болашақта бұл елмен конфликт, жанжал туындауы мүмкін. Себебі Ресей кез келген елмен текетіресіп жанжалдасуы мүмкін екенін өмірдің өзі көрсетті. Сондықтан мұндай серіктеске тәуелді болу саяси тұрғыдан алғанда сауатты нәрсе емес.

– Жақында Тоқаев Мәскеуге барып, Ресей президенті Путинмен кездесті. Тоқаевтың Мәскеуге сапары мен АЭС туралы мәлімдемесі арасында қандай да бір байланыс бар ма?

– Меніңше, белгілі бір байланыс байқалады. Тоқаев Мәскеуге барып Путинмен кездескен соң АЭС тақырыбына қайта айналып соққаны кездейсоқ емес. Оған дейін, жақында ғана бұл мәселені кейінге қалдырайық, өйткені қоғамдық пікір оған дайын емес, оның үстіне көптеген қазақстандық оған қарсы деген еді.

Алайда Тоқаев "бұл мәселеде асықпау керек, қоғамдық пікір оған қарсы екен" деген мәлімдемеден соң, сол қоғам пікірін зерттеген жұмысты байқамадық. Мысалы, мемлекеттен ақша алатын блогерлер, әртүрлі мемлекеттік құрылымдарға жұмыс істейтін, билікті мақтайтын жалған сарапшылар пропагандаға жұмылдырылғанын байқамадым. Бәлкім, енді жасайтын шығар.

Бірақ қоғамдық пікірді осы салада жұмыс істейтін және мемлекеттік құрылымдармен немесе ұлттық компаниялармен байланысты емес мамандар зерттеуі керек. Бұл мәселеде атом энергетикасы саласындағы тәуелсіз мамандар, шетелдік сарапшылардың пікірі ескерілуі тиіс. Бірақ Қазақстанда жоғарыдан тапсырма түссе, оң-солын ажыратып жатпай, мүлтіксіз іске асыратыны тағы белгілі.

Дегенмен АЭС-ке келгенде билік миын қосып, ақылға салып, радиофобия деңгейі жоғары, Семей полигоны болғанын, Фукусимиядағы қайғылы оқиға, Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқан адамдар бар, елде басқа мүмкіндіктер мен балама энергия көздері барын ескеріп, АЭС-ті лоббилау теріс реакцияны туғызатынын түсінетін шығар деп үміттенеміз. Әсіресе Жамбыл облысындағы соңғы оқиғаларды ескерсек, халық онсыз да шошып, салғырттық, жемқорлық, жауапсыздық проблема тудыратынын және одан жұрт жапа шегетінін анық көрді. Сондықтан мұндай жағдайда АЭС салу туралы мәлімдемелер жасау саяси және психологиялық тұрғыдан дұрыс емес.

Бір жағынан Қазақстан мұндай мәлімдемелерді Тоқаев 2060 жылға қарай көміртек бейтараптығына қол жеткіземіз дегендіктен жасап жатыр. Көмірсутек бейтараптығы деген не? Ол көмір пайдалануды қысқарту деген сөз. Яғни билік АЭС салып көмірге тәуелділіктен құтыламыз деп шешті. Бірақ билік неге балама көздерді көрмейді? Неге газ, жел мен күннен энергия өндіреміз демейді? Билік 2017 жылы ЭКСПО көрмесін атом энергетикасы тақырыбында емес, жасыл энергетика тақырыбында өткізді емес пе?! ЭКСПО кезінде АЭС жарнамасын көрмедік, Қазақстан жаңартылатын энергия көздері, энергия үнемдейтін механизмдердің жақтаушысы дегенді жарнамалап, насихаттады. Яғни ЭКСПО бір тақырыппен өтіп, билік сол кезде басқа мәлімдемелер жасады да, қазір мүлде басқа нәрсе айтып жатыр.

– Бәлкім, бұл жобаны Кремль тықпалап жатқандықтан, солай болып жатқан шығар?

– Біз егемен мемлекетпіз, одан бас тарта аламыз. Қазіргі кезде мұны іске асырмасақ, апат болады екен, амалымыз жоқ дегендей нәрсе тұрған жоқ қой. Қазақстан Ресей газына тәуелді Украина емес. Балама энергия көздеріміз бар.

Егер билік ресми деңгейде Қазақстанды он жыл ішінде балама энергия көздері – жасыл, күн, жел энергиясын сынап, өндіретін халықаралық орталыққа айналдырамыз десе, оған барлық қолайлы жағдай тудырса, инвестиция, әлемдік стартаптар тартылса,  Қазақстанды жасыл энергетика саласындағы кремний алқабына айналдыра алар едік. Оған мүмкіндік те, ақша да болды, елдің аумағы да үлкен. Күн мен жел энергиясы бізде жеткіліксіз дейді. Алайда оны қазіргі технология арқасында жетілдіруге болады ғой. Елдегі кремний қорын күн панельдерін жасап шығаруға пайдалануға болады. Біз мұнымен айналысып жатқанымыз жоқ, тек мұнай мен газды өндіріп, сатып жатырмыз.

Қайсыбіреулер "бізде уранның алып қоры бар, АЭС салуға Құдайдың өзі мүмкіндік берді" дейді. Бірақ бұлай шатастырмайық. Уран өндіру жөнінен әлемдегі көшбасшылардың бірі екеніміз бар, бірақ уранды өңдеп, экспортқа уран өнімдерін, мысалы, отын таблеткаларын шығарып, АЭС бар үшінші елдерге сата алар едік. Яғни уран өңдеп, өнімдерді сатып, ақша тауып, соның есебінен жасыл энергетиканы дамытуға болады.

 Бірақ өкінішке қарай, бізде қандай да бір жобаның жағымды-жағымсыз тұстарын, пайдасы мен зиянын талдап, есептей алмайды. Сөйтіп, одан келетін пайданы ғана негізге алады, ал жобаны іске асыра бастағанда түрлі тәуелкелдер шыға бастайды.

 

 

 

Байланысты жаналықтар

Атырау облысында су тасқынының екінші толқыны қаупі сақталуда

26.04.2024

Астанада субұрқақтар 1 мамырда іске қосылады

26.04.2024

Алматы облысында ұлтаралық араздық қоздырған әйел сотталды

26.04.2024

Синоптиктер еліміздің бірнеше өңірінде ауа райына байланысты ескерту жариялады

25.04.2024

«Таза Қазақстан»: Павлодарлықтар туған өлкесін абаттандыруға белсенді қатысуда

25.04.2024

Соңғы қоңырау болмайды. Орнына сынып сағаты өтеді

25.04.2024
MalimBlocks
Атырау облысында су тасқынының екінші толқыны қаупі сақталуда

Маңғыстау және Қарағанды облыстарынан келген құтқарушылар тобы БҚО-дан Атырау облысына жөнелтілді.

Астанада субұрқақтар 1 мамырда іске қосылады

Елорда аудандарының әкімдіктері фонтандарды дайындау жұмысын белсенді жүргізіп жатыр.

Алматы облысында ұлтаралық араздық қоздырған әйел сотталды

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Синоптиктер еліміздің бірнеше өңірінде ауа райына байланысты ескерту жариялады

Бұл туралы «Қазгидромет» мәлімдеді.

«Таза Қазақстан»: Павлодарлықтар туған өлкесін абаттандыруға белсенді қатысуда

Соңғы қоңырау болмайды. Орнына сынып сағаты өтеді

Оған еліміздегі су тасқыны мен 25-мамырдың демалыс күніне тура келуі себеп.