Сот ісінің жылдам болуы - уақыттың талабы

  • 12.08.2021

Қазір жылдамдық дәуірі дегенді жиі айтып жүрміз ғой. Бір кездері айшылық алысқа жаяу барған адамзат отарбаны ойлап тапқанда бір таңданды. Одан кейін алыстағы ағайынмен телефон арқылы сөйлескенде тағы да сенер-сенбесін білмей тұрып қалды. Ал, қазір адамзат ештеңеге таңғалмайды. Бәрі онлайн, бәрі көз алдыңда. Осындай уақытта бүкіл сала жаңа форматқа ауысып, жұмысын жылдам әрі тиімді етуге міндетті.

Қазақстанның сот саласын дамыту, жұмысын тиімді әрі әділ ету үшін атқарылуға тиіс шаруалар аз емес. Соның бәрі – сот ісін созбалаңға салуға жол бермеу мәселесі. Жерде адам пайда болғалы бері қаншама мәрте ұлы реформалардан өткен адам құқығын қорғау, кінәліні жазалау, есесі кеткеннің есебін түгендеу әр түрлі формада көрініс тауып келіпті. Қазір мүлде басқа заман, бқлек уақыт екенін ескерсек, сот саласын заманға сай жұмыс істеуін қадағалау баяғыдай қиындық туғыза қоймасы тағы анық. Ашық қоғам, еститін мемлекет туралы жиі айтып жүрген мемлекеттік саясат азаматтарының құқығы мен тәртібін арнайы жарғымен бекітіп, судьялардың қолына берді. Бірақ, бұл судьялардың ісі қадағаланбайды дегенді білдірмесе керек. Сот жүйесіне қойылатын талап ешқашан төмендеген емес. Себебі, мемлекет атынан шешім, үкім шығару құзыры берген судья адам тағдырына жауапты тұлға. Ал төрелік алатын тағдыршешті түйін жасалатын орын. Сондықтан сот саласының жұмысын жақсарту, сотқа деген сенімді нығайту әрқашан күн тәртібінен түспейді. Осы ретте сот жұмысының сапасын төмендетуге түрткі болатын себептер үнемі зерттеліп, олар бойынша нақты шешімдер қабылданып келеді. Мәселен сотқа жүгінген азаматтардың көбінесе дауды қарау уақытына көңілі толмай жатады. Бұл түйткілді шешу мақсатында арнайы мониторниг жүргізіліп, заңдарды қайта қарау қажеттілігі туындайды.

Осы мәселелерге байланысты судьялардың да айтары аз емес. Мәселен, Орал қаласының №2 сотының судьясы Шынар Шайдиеваның айтуынша, азаматтар талабы жаңа қолданысқа енгізілген Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде толық ескерілген. Ол қазір сот саласындағы бір жүйеге түспеген бірқатар олқылықтарды шешу мәселелері бойынша жұмыстар жүріп жатқанын айтады.

- Әкімшілік әділетті енгізу құқықтық мемлекет қалыптастырудағы маңызды қадамның бірі. Сонымен қатар бұл азаматтардың құқығы мен бостандығын мінсіз қорғаудың кепілі болып табылады. Жоғарғы Сот пен Әділет министрлігі бірігіп дайындаған Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс жария-құқықтық дау кезінде мемлекеттік құрылымдар мен қарапайым азаматтардың теңдей мүмкіндікке ие болуын қамтамасыз етеді. Бүгінгі күнге дейін мұндай даулар Азаматтық процестік кодекс аясында шешімін тауып келді. Соған сай жеке адам мен мемлекеттік орган арасындағы жария-құқықтық дау жалпы юрисдикция соттарының құзырында болса, заңды тұлғалар мен мемлекеттік орган арасындағы дау мамандандырылған экономикалық соттарда қаралды. Жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс бүгінге дейін бір жүйеге түспеген осындай олқылықтарды шешуге бағытталған. Бұл заң құқықтық жүйе үшін жаңа құжат, қоғамға бетбұрыс жасайтын тың заңнама, - дейді Шынар Шайдиева.

Заманауи сот жүйесі туралы айттық қой. Құқықтық салаға үлкен бетбұрыс жасаған бұл құжаттың жаңашылдықтары аз емес. Демек, заманауи сот жүйесін құрудың алғышарттары ретінде бұл құжаттың орны ерекше деген сөз. Одан бөлек, осы кодексте соттың істерді қарауға кететін ақылға қонымды мерзімі белгіленіп отыр. Әкімшілік сот ісін жүргізудің ақылға қонымды мерзімдерінің институты Ресейде, Германияда, Латвияда және Еуропаның басқа да елдерінде бұрыннан сәтті қолданылуда. Айталық Германияда әкімшілік істер бойынша ақылға қонымды мерзімді судьяның өзі белгілейді. Негізі әкімшілік іс бойынша сот актісін дайындауға заң бойынша он бес күн берілген. Мерзімді ұзарту істің күрделілігіне, құжаттарды алдырудың қиындығына байланысты өзгереді. Осындай тетіктің арқасында Германиядағы істер өте сапалы, жоғары ыждағаттылықпен қаралып, олардың шешіміне шағым түсе бермейді. Ал бізде қалай? Өзге елдер осындай оңтайландыру тәртіптерін іске асырып жатқанда біз қандай деңгейде тұрмыз деген мәселе де басы ашық қаралуға тиіс мәселелердің бірі. Біз жоғарыда сөзін келтіріп, пікірін ұсынған Орал қаласының №2 сотының судьясы Шынар Шайдиева сот ісін дамытуда халықаралық талаптар үнемі ескерілетінін айтады.  Соған орай жаңа кодекстің 17-бабында "жекелеген процестік әрекеттерді жүргізуді қоса алғанда, әкімшілік сот ісін жүргізу ақылға қонымды мерзімде жүзеге асырылады" деп көрсетілген. Яғни, ақылға қонымды мерзімді айқындау кезінде әкімшілік істің құқықтық және нақты күрделілігі, соттың әкімшілік істі жедел қарау мақсатында жүзеге асырылатын әрекеттерінің процестік тұрғыдан жеткіліктілігі мен тиімділігі сияқты мән-жайлар ескеріледі. Және бұл турасында сөйлегенде бұрыннан келе жатқан жүйені де ескерусіз қалдыруға болмайды. Өйткені, бұрын да бұл мәселелер назардан қағыс қалған емес. Ендігі мәселе, сол бұрынғы қалыптасқан, қолда бар жүйені одан әрі оңтайландырып, жетілдіре түсу. Шынар Шайдиева осы мәселелердің ара жігін ажыратып, мән жайды былайшы түсіндіріп берді:

«Осы жерде ерекше назар аударатын тетік – әкімшілік істерді қараудағы ақылға қонымды мерзімнің қысқаруына қатысты туындап отыр. Соған сәйкес енді әкімшілік істерді қарау «алты айдан ұзақ емес» мерзімде дегеннен ақылға қонымды мерзімге ауысты. Бірақ ол «арыз түскен уақыттан бастап есептегенде үш айдан артық мерзімге созылмауы керек». Дегенмен, аса маңызды істерде бұл мерзім ұзаруы мүмкін. Алайда ол үшін судья істі қарау мерзімінің не себепті ұзартылғанын дәйектеп ұйғарым шығаруы тиіс. Бірақ оның да мерзімі шектеулі – үш айдан артық созуға жол берілмейді, – деген судья бұл жаңашылдық тараптардың уақыты мен қаржысын үнемдеуге, дауды шектеулі уақытты шешуге, сол арқылы азаматтардың сотқа деген сенімін нығайтуға ықпал ететінінен үмітті.

Шындығында ақылған қонымды мерзім ұлттық заңнамамызда бұрын да болған. Мәселен, бұл тетік Азаматтық кодекстің міндеттемелік қатынастарда,  соның ішінде атап айтсақ, 364 бапта – ақылға қонымды шаралар, 277, 314 баптарда – ақылға қонымды мерзім, 356 бапта – ақылға қонымды баға түсініктері кездеседі. Қылмыстық процесте, Қазақстан ратификациялған халықаралық актілерге де ақылға қонымды мерзім түсінігі тән.

Жалпы алғанда, кодекске енгізілген «ақылға қонымды мерзім» ұғымы Конституцияда кепілдік берілген азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау талабымен үндес. Себебі сот қорғауына құқықты қамтамасыз ету үшін сот талқылауы мерзімін айқындау аса маңызды. Бұл жерде істі қарау мерзіміне ғана емес, сапаға да басымдық берген орынды».

Маман пікірінен асырып айту қиын шаруа. Демек, алдағы уақытта сот саласын біртін-біртін реформалау жұмыстары тоқтамайды деген сөз. Бұл жағынан алғанда, Қазақстанның сот жүйесінің заманнан қалып кетпейтініне, барынша әділ де заманауи соты бар ел болатынымызға сенуге болады.

Байланысты жаналықтар

5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

23.03.2024

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

23.03.2024

Уэльс ханшайымы Кейт қатерлі ісікке шалдықты

22.03.2024

Мәскеуде алдағы демалыс күндері театр мен музей жабылады

22.03.2024

Ресейдің Красногорск қаласындағы концерт залында атыс болды

22.03.2024

«Көшкін қаупі жоғары»: ТЖМ қазақстандықтарға ескерту жасады

22.03.2024
MalimBlocks
5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

Уэльс ханшайымы Кейт қатерлі ісікке шалдықты

Мәскеуде алдағы демалыс күндері театр мен музей жабылады

Ресейдің Красногорск қаласындағы концерт залында атыс болды

«Көшкін қаупі жоғары»: ТЖМ қазақстандықтарға ескерту жасады