Malim.kz
Қоғам

Әл-Фарабидегі қайғылы оқиғадан кейін 11 мың заң бұзушылық тіркелді

Арман Қайыпхан
Фото: ІІМ

Алматыда жол қауіпсіздігін күшейту мақсатында жүргізілген жедел-профилактикалық іс-шара барысында 11 мыңнан астам жол ережесін бұзу дерегі тіркелді, деп хабарлайды Malim.kz.

Қалалық полицияның мәліметінше, «Стоп – бұзушылық» шарасы аясында алты күн ішінде жүргізушілер ғана емес, самокат пайдаланушылар да жаппай тексерілген.

Тексеру нәтижесінде 96 жүргізушінің көлік басқару құқығы жоқ екені анықталса, тағы 14 адам бұрын жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан көлік тізгіндеген.

Сонымен қатар 50 мас жүргізуші ұсталып, 16 жалған мемлекеттік нөмір қолдану дерегі және қарсы жолаққа шығудың 41 фактісі тіркелген.

Бұдан бөлек, 4 мыңнан астам көлік арнайы айыппұл тұрағына қойылды. Оның ішінде шамамен 3,5 мың электросамокат бар.

Жалпы 2 мыңнан астам самокат жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, кәмелетке толмаған құқық бұзушылардың 65 ата-анасына шара қолданылған. Жүк көлігі жүргізушілері арасында да 548 құқық бұзушылық анықталған.

Айта кетейік, мұндай күшейтілген тексерістер 21 наурыз күні әл-Фараби даңғылында болған жол апатынан кейін басталған.

Аталған оқиғада жүргізуші қарсы жолаққа шығып, екі көлік соқтығысқан. Соның салдарынан үш адам қаза тауып, күдікті 7 сәуір күні тергеу изоляторына қамалды.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары