Malim.kz
Қоғам

"Баян, қойсаңшы, ол менің қарындасым": Мейрамбек Беспаев Мөлдір туралы ел естімеген шындығын айтты (ВИДЕО)

Мадияр Қапанбек
kznews.kz коллажы

Белгілі продюсер Баян Алагөзова КешYou тобы туралы түсірілген деректі фильмде әнші Мөлдір Әуелбековамен арада болған келіспеушілікке тоқталды. Продюсер бұл оқиғаға танымал әнші, "МузАРТ" тобының мүшесі Мейрамбек Беспаевтың да араласқанын айтты, деп Malim.kz тілшісі Dalanews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Баян Алагөзованың сөзінше, ол Ыстанбұлда жүрген кезде түн ортасында Мейрамбек Беспаев телефон соққан. Әңгіме барысында өнер иесі Мөлдір Әуелбекованы жақтап, продюсерден жағдайды ушықтырмауды сұраған.

"Мейрамбек маған: "Баян, қойсаңшы, ол менің қарындасым", – деді. Мен Мейрамбекті жақсы көремін және қатты құрметтеймін. Мөлдір екеуі жерлес болғандықтан, Мейрамбек оны әрдайым қолдап жүреді", – деді Баян Алагөзова.

Продюсер сұхбат барысында Мөлдір Әуелбековаға қатысты өкпесін де жасырмады. Оның айтуынша, шығармашылық жоба басталып, жұмыс жолға қойылған сәтте әнші келісімді соңына дейін орындамаған.

Баян Алагөзова Мейрамбек Беспаевтың өзінен «шындықты айтпау үшін не қалайтынын» сұрағанын жеткізді. Алайда продюсер ешқандай талап қоймағанын айтты.

"Мейрамбек менен шындықты айтпау үшін не қалайтынымды сұрады. Маған ештеңе керек емес екенін айттым. Егер ол келіп, өзінің атқаруы тиіс міндеттерін соңына дейін орындаса, аузымды жауып, ешқандай шындықты ашпай, бәріне көз жұмуға дайын болдым. Бірақ ол мені жол ортасында, барлық істі бастап қойғанда тастап кетті", – деді продюсер.

Сонымен қатар Баян Алагөзова бұл мәселеге араласқаны үшін Мейрамбек Беспаевтан кешірім сұрады. Оның айтуынша, Мейрамбек Беспаев тек қарындасындай көретін жерлесіне қолдау білдіргісі келген.

Дегенмен продюсер мен әнші арасындағы шығармашылық әрі іскерлік келіспеушілік әлі де толық шешілмегендей әсер қалдырды. Баян Алагөзованың бұл мәлімдемесі көпшілік арасында қызу талқылануы мүмкін.

Еске сала кетейік, Баян Алагөзованың жары Тұрсын Алагөзов Шымкент сыра зауыты қызметкерлеріне қуанышты жаңалық жеткізген еді. Сондай-ақ Баян Алагөзова "Қыз Жібек" фильміндегі камзолға қатысты көпшілік арасында туындаған дауға пікір білдірген еді.

Баян Алагөзова туралы

Баян Алагөзова – Қазақстан шоу-бизнесі мен медиа саласында өзіндік орны бар танымал тұлға. Ол көпшілікке продюсер, актриса, тележүргізуші әрі әнші ретінде жақсы таныс. Өнер иесі 1974 жылы 9 қаңтарда Орал қаласында дүниеге келген. Бала күнінен шығармашылық ортаға жақын болып, өнерге деген қызығушылығы ерте қалыптасқан.

Көпшілік Баян Алагөзованы алғаш рет 1993 жылы көрерменге жол тартқан "Махаббат бекеті" фильмі арқылы таныды. Аталған туынды оның ел арасында танылуына жол ашып, кейін медиа мен телевизия саласындағы белсенді қызметіне негіз болды. Ол әр жылдары түрлі тележобаларда жүргізуші ретінде көрініп, көрермен ықыласына бөленді.

2006 жылдан бастап Баян Алагөзова продюсерлік бағытқа бет бұрып, отандық шоу-бизнестің дамуына үлес қоса бастады. Оның ең танымал жобаларының бірі – КешYOU тобы. Бұл ұжым кейін қазақстандық эстрададағы танымал қыздар тобына айналды. Сонымен қатар продюсер Жанар Дугалова, Ерке Есмахан сынды өнер иелерімен жұмыс істеп, олардың шығармашылық жолының қалыптасуына ықпал етті.

Баян Алагөзова тек продюсерлікпен шектелмей, кино және телесериалдарда актриса ретінде де бой көрсетті. Ол әртүрлі шығармашылық жобаларға қатысып, өзін бірнеше қырынан таныта білді. Бүгінде Баян Алагөзова шоу-бизнес, телевизия, кино және медиа кеңістігінде белсенді қызмет етіп жүрген көпқырлы тұлға ретінде бағаланады.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары