Кино және театр актері, Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов Әуезов театрына жетекшілік еткен жылдарын еске алды. Өнер иесі 90-жылдары жас актерлердің баспана мәселесін шешуге барынша күш салғанын айтты, деп Malim.kz тілшісі dalanews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл туралы ол 2021 жылы "Ең алғашқы" бағдарламасында әңгімелеген еді.
Актердің айтуынша, 90-жылдар өнер саласы үшін де, театр ұжымы үшін де күрделі кезең болған. Сол уақытта Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрын басқарған Жаманқұлов жас әртістердің тұрмыстық жағдайына ерекше көңіл бөлген. Ол жас мамандардың театрда тұрақтап қалуы үшін олардың әлеуметтік мәселелерін шешу маңызды болғанын атап өтті. Әсіресе баспана мәселесі сол кезеңдегі ең өзекті проблемалардың бірі болған.
"Сол кездерде Әуезов театрына басшы болып тағайындалдым. 90-жылдар өте бір қиын кездер еді. Сол кезде мен барлық мүмкіндіктерімді пайдаланып, Әуезов театрындағы жастарға үй алып беруге білек шеше кірістім. Солардың ішінде Дулыға да бар. Бірде біздің спектакльге Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев келді. Біздің қойған спектаклімізді көріп, өте қатты риза болды да, көрімдік беріп кетті. Ол 50 мың доллар болатын. Соған түгелдей он шақты пәтер сатып алдым да, бүкіл коллективке бір-бір айлықтан елбасымыздың берген сүйіншісінен сыйақы жасадым", – деп өткенді еске алды ҚР Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов.
Еске сала кетейік, Тұңғышбай Жаманқұловтың өнердегі әріптесі марқұм Асанәлі Әшімовті жоқтап жазған жазбасы көпшілікті ойландырған еді. Сондай-ақ ол жұбайы Дәрия Әбдімәлікқызы Жүсіппен қалай танысып, шаңырақ көтергені туралы айтып берген болатын. Сонымен қатар танымал актер Шерхан Пірназар студенттік жылдарын еске алып, ұстазы Тұңғышбай Жаманқұловтың өзіне жасаған жақсылығы туралы айтқан. Бұған дейін Тұңғышбай Жаманқұлов өзіне қатысты айтылған айыптаулар туралы толық баяндаған.
Тұңғышбай Жаманқұлов – қазақ сахнасы мен киносының көрнекті тұлғасы
Тұңғышбай Қадырұлы Жаманқұлов – қазақ театр және кино өнерінде өзіндік орны бар белгілі актер, режиссер, педагог әрі қоғам қайраткері. Ол 1948 жылы 2 қазанда Жамбыл облысы Байзақ ауданына қарасты Абай ауылында дүниеге келген.
Бала күнінен өнерге жақын өскен Тұңғышбай Жаманқұлов кейін сахна мен киноны өмірлік жолына айналдырды. Оның кәсіби шығармашылық жолы 1970 жылы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында басталды. 1973 жылы Қазақ ұлттық консерваториясының актерлік факультетін тәмамдап, КСРО халық әртісі, профессор Хадиша Бөкееваның мектебінен өтті.
Әуезов театрының сахнасында актер ұлттық мінезі айқын, ішкі әлемі күрделі, болмысы терең кейіпкерлерді шебер сомдады. Оның Бақтығұл, Сырым, Абылай хан, Әбутәліп, Жалмұхан секілді рөлдері көрерменнің есінде қалды. Бұл образдар Жаманқұловтың сахнадағы шеберлігін, кейіпкер табиғатын терең сезіне білетінін көрсетті.
Тұңғышбай Жаманқұлов қазақ театрындағы актерлік мектептің қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан ірі өнер иелерінің бірі саналады. Ол драмалық қойылымдарда да, комедия мен мелодрама жанрында да өзін еркін көрсете білді. Әр кейіпкердің сыртқы әрекетін ғана емес, ішкі тартысын, мінезін, жан дүниесін ашуға ерекше мән берді.
Кино өнерінде де актер бірқатар жарқын бейнелерді сомдады. Ол Чекист, Тәңірберген, Әбілқайыр, Қайырхан, Құнанбай секілді кейіпкерлер арқылы көрерменге кеңінен танылды. Әсіресе «Отырардың күйреуі» фильміндегі Қайырхан рөлі оның кино саласындағы ең ірі жетістіктерінің бірі ретінде бағаланады. Осы еңбегі үшін 1992 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ие болды.
Жаманқұлов актерлікпен қатар режиссерлік және ұйымдастырушылық қызмет атқарды. 1993-2001 жылдары Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының бас директоры әрі көркемдік жетекшісі болды. Бұл кезеңде ол театрдың шығармашылық дамуына, сахна мәдениетінің нығаюына және жас актерлердің қалыптасуына ықпал етті.
Өнерге сіңірген көп жылғы еңбегі үшін Тұңғышбай Жаманқұлов Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі және Қазақстанның халық әртісі атақтарын алды. Сонымен қатар "Парасат" және "Достық" ордендерімен марапатталды. Ол Жамбыл облысы мен Байзақ ауданының құрметті азаматы атанған.
Жеке өмірінде актер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актриса Дәрия Жүсіппен шаңырақ көтерген. Бүгінде Тұңғышбай Жаманқұлов қазақ театры мен киносының дамуына зор үлес қосқан, көрермен құрметіне бөленген айтулы өнер тұлғасы ретінде бағаланады.