Қазір Қырғыз елінің ақпараттық кеңістігі лаулап тұр. 2020 жылдан бері ел тізгінін бірге ұстап келген Садыр Жапаров пен Қамчыбек Ташиевтің арасына сызат түскені туралы қауесеттер бүгін, 17 ақпанда, шарықтау шегіне жетті.
Бәрі қалай басталды?
Оқиғаның басы Қамчыбек Ташиевтің Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) төрағалығынан кететіні туралы ақпараттың таралуынан басталды. Егер 24.kg басылымының соңғы хабарларына көз жүгіртсек, билік дәліздерінде кадрлық «төңкерістің» иісі ертерек сезіле бастаған. Басылымның жазуынша, Ташиевтің айналасындағы бірнеше сенімді адамның қызметтен шеттетілуі – жай ғана ауыс-түйіс емес, үлкен саяси ойынның бастауы.
«Азаттық» радиосы бұл жағдайға сәл тереңірек үңіліп, текетірестің астарында күштік құрылымдардың ықпал ету аймағы үшін талас жатқанын меңзейді. Олардың сарапшылары соңғы күндері Ішкі істер министрлігі мен ҰҚМК арасындағы тек қағаз жүзіндегі емес, нақты аппараттық күрестің күшейгенін алға тартады. Жапаровтың айналасындағы топтар Ташиевтің шексіз билігін сәл де болса шектегісі келетін сияқты.
Бір қарағанда, Ташиев өз әрекеттеірмен лауазым шеңберінен шығып кеткен де сияқты. Мысалы, тура жиналыс үстінде тұтқындау сияқты әрекеттерін ұпай жинау емес деп бағалау қиын. Алайда, "нағыз халық адамы" деп баға беретін жұртшылық та барын естен шығармайық.
Кеше, 17 ақпанға қараған түні, Kaktus.media басылымы Бішкектегі стратегиялық нысандарда күзеттің күшейтілгені туралы инсайдердік ақпарат таратты. Халық арасында «Ташиевтің жақтастары Оңтүстіктен Бішкекке бет алыпты» деген қауесет те желдей есті. Бірақ ресми билік мұны жоққа шығарумен әлек.
Дегенмен, саяси сарапшылардың пікірі бір жерден шығады:
Текетірестің себебі: Ташиевтің жеке амбициясы мен Жапаровтың «бір қолға шоғырланған билік» моделі сыйыспай қалды.
Қауіп: Егер Ташиев қызметінен шынымен біржола кетсе, ол оппозицияның жаңа лидеріне айналуы әбден мүмкін. Ал бұл – Қырғызстан үшін кезекті митингілер мен тұрақсыздық қаупі деген сөз.
Қазіргі сәтте Жапаров пен Ташиев арасында жабық есік жағдайында келіссөздер жүріп жатқаны айтылуда. 24.kg болса, бүгін кешке қарай президенттің арнайы мәлімдеме жасауы мүмкін екенін хабарлап отыр.
Осы шолу қатталып жатқанда, Қамшыбек Ташиевтің Қырғызстаннан кетіп, Бішкек ҰҚМК басқармасының экс-басшысы ұсталғаны белгілі болды.