Бүгін Қырғыз Республикасының президенті Министрлер кабинетінің төрағасының орынбасары — Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің (ҰҚМК) төрағасы Камчыбек Ташиевтің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы жарлыққа қол қойды. Камчыбек Ташиев Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы қызметіне 2020 жылғы 16 қазанда тағайындалған болатын. Бұл жарлыққа 2020 жылғы 5–6 қазан оқиғаларынан кейін президенттің міндетін атқарған Садыр Жапаров қол қойған еді.
Камчыбек Ташиев пен елдің қазіргі президенті Садыр Жапаров арасындағы көпжылдық қарым-қатынас әрдайым елдегі ең тұрақты әрі ықпалды саяси одақтардың бірі ретінде қарастырылып келді. Олардың ынтымақтастығы билікке келгенге дейін-ақ басталған: 2010 жылдардың басында олар саяси үдерістерде бірнеше рет бір тарапта болды, 2012 жылғы ортақ қылмыстық эпизодты бірге өткерді, бұл олардың жеке байланысын одан әрі нығайтты.
2020 жылғы қазан оқиғаларынан кейін бұл тандем толық қалыптасты: Садыр Жапаров президент қызметіне кірісті, ал Камчыбек Ташиев ҰҚМК төрағасы болып тағайындалып, күштік блоктың негізгі тірегіне айналды. Дәл ол ең резонансты істерді қадағалап, күштік саясатты қалыптастырды және іс жүзінде президенттік команданың ең жақын сенімді тұлғасы болды.
Сарапшылар ортасында олардың одағы елдегі ең берік саяси дуэт ретінде жиі аталды, ал Камчыбек Ташиевке қатысты кез келген кадрлық өзгеріс билік конфигурациясындағы елеулі өзгерістердің көрсеткіші ретінде қабылданды.
Соңғы уақытта саяси ортада арнайы қызмет басшысының алдағы президенттік сайлауға қатысуы мүмкін деген қауесеттер тарады. Алайда Қамшыбек Ташиев бірнеше рет президенттік бәсекеге қатысуға ниеті жоқ екенін және Садыр Жапаровты қолдайтынын мәлімдеген.