Malim.kz
Қоғам

"Шынымен көңілім қалды": Уәлибек Әбдірайымов әнші Қайрат Нұртас туралы шындығын айтты (ВИДЕО)

Мадияр Қапанбек
Malim.kz коллажы. Суретте: Уәлибек Әбдірайымов пен Қайрат Нұртас

Әзілкеш, актер әрі "Шаншар" театрының директоры Уәлибек Әбдірайымов 2020 жылы журналист Нұрсейіт Жылқышыбайға берген сұхбатында әнші Қайрат Нұртасқа қатысты ренішін ашық айтты, деп хабарлайды Malim.kz.

Өнер иесінің сөзінше, "Шаншар" театрының мерейтойлық концертіне кезінде осы сахна арқылы танылған бірқатар әншілер шақырылған. Олардың арасында Заттыбек Көпбосынұлы мен Сәкен Майғазиев секілді өнер иелері болған.

Уәлибек Әбдірайымов Қайрат Нұртасты да арнайы шақырғанын, бұл туралы әншінің әкесі Нұртас Айдарбековке бірнеше ай бұрын хабарласқанын айтты.

"Қайратты шақыру үшін әкесі Нұртасқа өзім хабарластым. Тіпті алты ай бұрын алдын ала айтқанмын. Концерт жақындағанда анасы хабарласып, Қайраттың басқа жоспарлары бар екенін жеткізді. Мен оған ешқашан тойыма кел деп өтініш жасап көрген емеспін, уақыты жоқ болса, қинамаймын. Бірақ "Шаншардың" мерейтойына келмегеніне шынымен көңілім қалды", – деді ол.

Әзілкеш сол кезде қатты ренжігенін жасырмады. Оның айтуынша, ашу үстінде Қайрат Нұртастың үйіне барып, өкпесін бетпе-бет айтқысы келген.

Алайда жанындағы әріптестері оны райынан қайтарған. Олар мұндай әрекеттен ештеңе өзгермейтінін айтып, тоқтатқан.

"Жанымдағы Жүсіп пен басқалары "барып айтқаннан не өзгереді?" деп тоқтатты. Содан кейін қоя салдым. Санасызға сан рет айтсаң да өзгермейді деп ойладым", – деді Уәлибек Әбдірайымов.

Сондай-ақ ол бұған дейін де осыған ұқсас жағдай болғанын айтты. Әзілкештің сөзінше, ЭКСПО көрмесі аясында ұйымдастырылған шара кезінде де Қайрат Нұртастың уәдесінде тұрмаған сәті болған.

Уәлибек Әбдірайымов осы оқиғалардан кейін әншіге деген өкпесі қалғанын жеткізді.

Еске сала кетейік, бұған дейін әзілкеш Уәлибек Әбдірайымов концерт барысында әріптесі Тұрсынбек Қабатов туралы күтпеген мәлімдеме жасап, оның екі күннен бері табылмай жатқанын айтқан болатын. Сондай-ақ журналист Нұрсейіт Жылқышыбай белгілі актерлер Уәлибек Әбдірайымов пен Жүсіп Ақшораның өнердегі еңбегі әлі күнге дейін лайықты бағасын алмай келе жатқанын айтып, көпшілікке ой салған еді.

Уәлибек Әбдірайымов пен Жүсіп Ақшора туралы не белгілі?

Уәлибек Әкімханұлы Әбдірайымов – қазақ сахнасында өзіндік орны бар актер, әзілкеш әрі қоғам қайраткері. Ол 1961 жылы 12 сәуірде қазіргі Түркістан облысындағы Қоғам ауылында дүниеге келген.

Болашақ өнер иесі 1985 жылы Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдаған. Еңбек жолын ұстаздықтан бастап, 1985-1987 жылдары Шымкент қаласындағы орта мектепте сабақ берген. Кейін туған өңіріндегі "Қоғам" мектебінде мұғалім болып еңбек етті.

1988-1993 жылдары аудандық мәдениет сарайын басқарған Уәлибек Әбдірайымов өнер мен ұйымдастырушылық қабілетін қатар дамытты. 1993-1994 жылдары көпшілікке танымал "Тамаша" театрында актер болып қызмет етті.

Ал 1994 жылдан бастап Жүсіп Ақшорамен бірге "Шаншар" әзіл-оспақ театрын ұйымдастырып, осы ұжым арқылы елге кеңінен танылды. Оның сахнадағы образы қарапайым халыққа жақын қалжыңымен, шынайы мінезімен және өткір әзілдерімен ерекшеленеді.

Жүсіп Ақшора да қазақ әзіл және театр өнерінде өз қолтаңбасы бар актерлердің бірі. Ол 1960 жылы 4 қарашада Түркістан облысындағы Қызылтаң ауылында дүниеге келген.

1977 жылы Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепті бітіріп, кейін 1981 жылы Жетісай мәдени-ағарту техникумын тәмамдады. Өнер жолын Жетісай қазақ сазды драма театрынан бастап, 1981-1983 жылдары осы театрда сахналық тәжірибе жинады.

1985-1993 жылдары Шәуілдір ауылында балалар мен жасөспірімдер клубында түрлі қызмет атқарды. Бұл кезең оның шығармашылық ізденісіне және халықпен етене жұмыс істеуіне ықпал етті.

1994 жылдан бері Жүсіп Ақшора Уәлибек Әбдірайымовпен бірге "Шаншар" әзіл-сықақ театрында өнер көрсетіп келеді. Екі өнерпаздың шығармашылық тандемі қазақ көрерменіне тұрмыстық шынайылыққа құрылған жылы юмор мен ұлттық болмысқа жақын сахналық қойылымдар сыйлады.

Сондықтан Уәлибек Әбдірайымов пен Жүсіп Ақшора қазақ әзіл өнерінің дамуына үлес қосқан, халыққа күлкі мен ойды қатар жеткізе білген белгілі сахна шеберлері ретінде бағаланады.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары