Malim.kz
Қоғам

"Таңға дейін өкіріп жыладым": Шерхан Пірназар актер Тұңғышбай Жаманқұлов туралы ел естімеген шындықты айтты (ВИДЕО)

Мадияр Қапанбек
Malim.kz коллажы. Суретте: Шерхан Пірназар пен Тұңғышбай Жаманқұлов

Отандық танымал актер Шерхан Пірназар 2023 жылы "Түнгі студия" бағдарламасында студенттік жылдарын еске алып, ұстазы Тұңғышбай Жаманқұловтың өзіне жасаған жақсылығы туралы айтты, деп хабарлайды Malim.kz.

Актердің сөзінше, ол 2010 жылы мектеп бітіргеннен кейін арман қуып Алматыға келген. Бастапқыда әскери оқу орнына құжат тапсырып, оқуға түскенімен, бұл жолдың өзіне арналмағанын түсінген. Шерхан Пірназар сол кезеңде қатты қиналғанын, үйдің жалғыз баласы болғандықтан жаңа ортаға бейімделу оңай болмағанын жасырмады.

"2010 жылы мектеп бітіріп, арман қуып Алматыға келдім. Алматыға ғашық болдым. Ол уақытта мен әскери оқуға 1 жыл бойы құжат жинаған едім. Алматыға келіп әскери оқуға түстім, бірақ менікі емес екенін түсіндім. Қатты қиналып кеттім. Үйдің жалғыз баласы едім, оқуға келіп таяқ жедім, құнары жоқ тамақты көрдім. Сөйтіп оқудан шығып, Қызылордаға қайттым. Содан уақытым өтіп кетсе де, Ақмешіт көпсалалы гумантиарлық техникалық колледжіндегі автомеханик мамандығына грантқа түстім. Бұл оқуды да қаламай шығып кеттім. Сөйтіп 2012 жылы Ақұзақ деген досым "Өнер академиясына барайық. Сенің түрің бар, даусың бар. Мүмкін бағыңды сынап көрерсің" деп ұсыныс жасады. Тұңғышбай Қадырұлы Жаманқұлов ұстазым шеберханасына қабылдау жүргізіп жатыр екен. Емтихан тапсырдым", – дейді Шерхан Пірназар.

Актер Алматыда жақын туысы болмағандықтан, алғашқы уақытта мешітте, подъездерде түнеп жүргенін айтты. Кейде таныс балалардың пәтерінде бір аптадай тұрып, кейін басқа жер іздеуге мәжбүр болған.

"Алматыда ешқандай туысым жоқ, мешітте тұрдым, подъезде түнедім. Арасында бір баламен жақсы араласып, соның пәтерінде тұрдым. Бір аптадай тұрып, басқаның үйіне барамын. Тұңғышбай ағаның курсына түстім, емтиханнан 88 балла жинадым, бірақ грантқа түсе алмадым. Түнгі сағат он жарымда Қаскелеңде мешітте жатсам, Тұңғышбай аға хабарласты. "Осындай жағдай боп тұр, грантқа түсе алмадың. Ақылы түрде оқисың ба? Оқысаң сені өзіме алайын" деді. Ол кезде жас баламын, таңға дейін өкіріп жыладым. Колледжден шығып кеттім, туған-туыстың бетіне қалай қараймын деп ойладым. Ертеңіне академияға бардым, грантқа түскендерді хабарлап жатыр екен. Оның ішінде менің атым жоғын білемін. Бірде бір бала: "Тұңғышбай аға сені шақырып жатыр" деп жүгіріп келді. Бармаймын деп едім, ағаның өзі хабарласты. Қолымда пакет ағаның алдына бардым. Тұңғышбай аға академия деканына маған грант беріп, алып қалуды ұсынып жатыр. Менің көзіме жас толып қалған. Бірде Тұңғышбай аға: "Бар да құжаттарыңды кадр бөліміне өткіз, ақылы түрде өзім оқытамын" деді. Мен басу айтып жатыр екен деп ойладым. Бәрі мені құттықтап жатыр. Бір кезде оқуға түскен, түспегенімді білмек болып анам хабарласты. Болған жағдайды айтып едім: "Сенбе оларға. Олар алдап кетеді. Оқымасаң оқыма, Қызылордаға қайт" деді. Сөйтіп тұрғанда Тұңғышбай аға келіп екеуіміз кадр бөліміне бірге  кірдік. Құжаттарымды тапсырдым, Тұңғышбай аға оқуымды төрт жыл өзі төлеп, оқытып шықты", – дейді актер. 

Еске сала кетейік, Тұңғышбай Жаманқұловтың  өнердегі әріптесі марқұм Асанәлі Әшімовті жоқтап жазған жазбасы көпшілікті ойландырған еді. Сондай-ақ ол жұбайы Дәрия Әбдімәлікқызы Жүсіппен қалай танысып, шаңырақ көтергені туралы айтып берген болатын.

Тұңғышбай Жаманқұлов кім?

Тұңғышбай Қадырұлы Жаманқұлов – қазақ театр және кино өнерінде өзіндік мектебі мен айқын қолтаңбасын қалыптастырған белгілі актер, режиссер, ұстаз әрі қоғамға танымал өнер қайраткері. Ол 1948 жылы 2 қазанда Жамбыл облысы Байзақ ауданының Абай ауылында дүниеге келген. Бала күнінен өнерге бейім болып өскен болашақ актер кейін сахнаны өмірлік жолына айналдырды.

Тұңғышбай Жаманқұловтың кәсіби өнердегі жолы студенттік кезеңінен басталды. 1970 жылы ол Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актерлік құрамына қабылданды. Ал 1973 жылы Қазақ ұлттық консерваториясының актерлік факультетін бітірді. Оның актер ретінде қалыптасуына КСРО халық әртісі, профессор Хадиша Бөкееваның мектебі ерекше ықпал етті.

Әуезов театрының сахнасында Тұңғышбай Жаманқұлов ұлттық мінезі терең, ішкі әлемі күрделі, болмысы бөлек кейіпкерлерді сомдап, көрерменнің ықыласына бөленді. Оның Бақтығұл, Сырым, Абылай хан, Әбутәліп, Жалмұхан секілді рөлдері қазақ сахна өнеріндегі маңызды образдардың қатарына енді. Бұл рөлдер арқылы актердің кең тынысы, психологиялық тереңдігі және кейіпкер табиғатын дәл аша білетін шеберлігі айқын көрінді.

Ол қазақ театрындағы ұлттық актерлік мектептің дамуына зор үлес қосқан тұлғалардың бірі. Тұңғышбай Жаманқұлов драма, комедия, мелодрама жанрларында да өзін еркін таныта білді. Әрбір кейіпкерінде сыртқы әрекеттен бөлек, адамның ішкі қайшылығын, жан дүниесін, мінез табиғатын ашуға ерекше мән берді.

Кино саласында да Тұңғышбай Жаманқұлов бірқатар жарқын бейнелер жасады. Ол Чекист, Тәңірберген, Әбілқайыр, Қайырхан, Құнанбай секілді кейіпкерлерді экранда нанымды сомдап, көрермен жадында сақталды. Әсіресе «Отырардың күйреуі» фильміндегі Қайырхан бейнесі оның кино өнеріндегі биік жетістіктерінің бірі саналады. Осы рөлі үшін 1992 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ие болды.

Тұңғышбай Жаманқұлов актерлікпен қатар режиссерлік және ұйымдастырушылық қызметте де еңбек етті. 1993-2001 жылдары Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының бас директоры әрі көркемдік жетекшісі болды. Бұл кезеңде ол театрдың шығармашылық бағытын нығайтуға, сахна мәдениетін дамытуға және жас өнерпаздардың кәсіби қалыптасуына ықпал етті.

Өнер жолындағы көп жылғы еңбегі үшін Тұңғышбай Жаманқұлов Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстанның халық әртісі атақтарына ие болды. Сонымен қатар Парасат және Достық ордендерімен марапатталды. Жамбыл облысы мен Байзақ ауданының құрметті азаматы атануы да оның ел алдындағы беделі мен абыройын көрсетеді.

Жеке өмірінде ол актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәрия Жүсіппен отбасын құрған. Бүгінде Тұңғышбай Жаманқұлов қазақ өнерінің тарихында айрықша орны бар, сахна мен экранда талай тағдырлы бейне жасаған, бірнеше буын көрерменнің құрметіне бөленген ірі өнер тұлғасы ретінде бағаланады.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары