Malim.kz
Қоғам

"Туған анасымен жолықты ма?" – Шетелдіктер асырап алған Жәнібек шұғыл хабарды айтты (ФОТО)

Мадияр Қапанбек
Dalanews.kz коллажы

Торғай өңірінде дүниеге келіп, кейін шетелдік отбасыға асырап берілген Жәнібек әлеуметтік желідегі парақшасында жаңа жазба жариялады. Ол оқырмандарымен амандасып, биологиялық анасын іздеу жұмысына қатысты қазіргі жағдайды қысқаша түсіндірді, деп хабарлайды Malim.kz.

Жәнібектің айтуынша, әзірге анасына қатысты іздеу ісі туралы толық мәлімет бере алмайды. Себебі бұл мәселемен қазір ресми адвокат айналысып жатыр.

"Қазір анамды іздеу туралы көп нәрсе айта алмаймын. Өйткені бұл іспен ресми адвокат жұмыс істеп жатыр. Бірақ іздеуді Америкада жалғастыруымыз мүмкін сияқты", – деп жазды ол.

Сонымен қатар Жәнібек өз өміріне қатысты тағы бір маңызды болжам айтты. Оның сөзінше, туған перзентханада оны америкалық отбасы асырап алған басқа бір сәбимен шатастырып жіберуі мүмкін.

"Мүмкін, мені туған перзентханада америкалық отбасы асырап алған басқа бір баламен шатастырып жіберген шығар. Бұл туралы келесі жазбаларымда толығырақ айтып беремін", – деді Жәнібек.

Осылайша, шетелге асырап алынған Жәнібектің биологиялық анасын іздеу ісі әлі де жалғасып жатыр. Ол алдағы уақытта бұл оқиғаға қатысты жаңа деректермен бөлісуі мүмкін екенін аңғартты.

Еске сала кетейік, Жәнібекті бала кезінен бағып-қаққан бельгиялық анасы Валери 2024 жылы 54 жасында өмірден өткен еді. Ашық деректерге сүйенсек, ол ұзақ уақыт бойы ауыр дертпен күрескен. Соған қарамастан, Валери Жәнібекке аналық мейірімін аямаған, жиырма жылға жуық уақыт бойы оған қамқор болып, қолдау көрсеткен. Ал Жәнібек бұған дейін алдағы уақытта Қазақстанға келіп, өзіне жанашырлық танытқан азаматтармен кездесуді жоспарлап отырғанын айтқан еді.

Жәнібектің биологиялық анасына қатысты тың дерек тарады

Бұған дейін Торғай өңірінде дүниеге келіп, кейін шетелдік отбасыға асырап берілген Жәнібекке қатысты жаңа мәлімет жарияланған еді.

Басылым редакциясына жолданған хатта Жәнібектің биологиялық анасы болуы мүмкін әйел туралы айтылған. Хат авторының сөзінше, келтірілген деректер Жәнібектің өмірбаянымен сәйкес келеді.

Мәліметке қарағанда, күдік тудырған әйел 2002 жылы Моңғолиядан Арқалық қаласына оқуға келген. Сол кезеңде ол жүкті болып қалған. Алайда бұл жағдайды ата-анасынан жасырған көрінеді. Кейін босанған соң арнайы құжат жазып, сәбиінен бас тартуға мәжбүр болғаны айтылады.

Хатты жолдаған адам бұл әйел өзінің қайын әпкесі екенін де мәлімдеген. Оның айтуынша, сол уақытта дүниеге келген бала Жәнібек болуы мүмкін. Себебі баланың туған күні мен айтылған деректер бір-біріне сәйкес келеді. Сонымен қатар хат авторы Жәнібектің сырт келбеті де әлгі әйелге қатты ұқсайтынын айтып, бұл күдіктің күшейе түскенін жеткізген. Хат соңында автор қайын әпкесінің ДНҚ сараптамасын тапсырып, Жәнібекпен туыстық байланысы бар-жоғын анықтауға ниетті екенін жазған.

Жәнібек анасын іздеуді жалғастырып жатыр

Торғай өңірінде дүниеге келіп, кейін шетелдік отбасының тәрбиесіне өткен Жәнібекке қатысты жаңа мәліметтер пайда болды.

Қазір ол туған анасын іздеу жұмыстарын тоқтатпай, жалғастырып жатыр. Жәнібек әлеуметтік желідегі парақшасында бұл іздеу өз өміріндегі ең маңызды әрі эмоционалды тұрғыдан ауыр кезеңдердің бірі екенін жазды.

Оның айтуынша, биологиялық анасын табуға белсенді азаматтар мен заңгерлер көмектесіп келеді. Сонымен қатар соңғы уақытта үміт ұялататын жаңа деректер де пайда болған.

"Сәлеметсіздер ме, қадірлі отбасым мен достарым. Сіздермен жүрекжарды жаңалығымды бөліскім келеді. Қымбат Досжан, Мейірман Шекеева және басқа да жанашыр адамдармен бірге анамды іздеуді әлі де жалғастырып жатырмыз. Бұл іздеудің қанша уақытқа созылатынын нақты білмеймін. Мүмкін ұзаққа жалғасар, мүмкін күтпеген жерден жақын арада жақсы жаңалық болар. Соңғы уақытта бізге үміт сыйлайтын бірнеше із кездесті. Мен күн сайын сіздерді де, анамды да ойлаймын. Баршаңызға тек жақсылық тілеймін", – деп жазды Жәнібек.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары