Торғай өңірінде дүниеге келіп, кейін шетелге кеткен Жәнібекке (Jani Saveliev) қатысты жаңа мәлімет пайда болды, деп хабарлайды Malim.kz.
Редакцияға жолданған хатта Жәнібектің биологиялық анасы болуы мүмкін әйел туралы айтылған. Ондағы деректер Жәнібектің өмірбаянымен сәйкес келетіні көрсетілген.
Хат авторының мәліметінше, күдік тудырған әйел 2002 жылдары Моңғолиядан Арқалыққа оқуға келген. Сол кезде жүкті болып қалған ол бұл жағдайды ата-анасына айтудан қорқып, перзентханада босанып, арнайы қолхат жазып, сәбиінен бас тартқан.
Хатты жазған адам бұл әйелдің өзінің қайын әпкесі екенін атап өткен. Оның пайымынша, Жәнібек сол кезде дүниеге келген бала болуы әбден мүмкін. Себебі олардың туған күндері сәйкес келеді.
Сонымен қатар, баласын іздеп жүрген әйел Жәнібектің өзіне қатты ұқсайтынын айтқан. Бұл жайт күдікті одан әрі күшейте түскен.
Хат соңында автор қайын әпкесінің ДНК сараптамасын тапсырып, Жәнібекке қатысы бар-жоғын анықтағысы келетінін жеткізген.
Еске сала кетейік, Жәнібекті бала кезінен бауырына басқан бельгиялық анасы Валери 2024 жылы 54 жасында дүниеден озған еді. Айтылған дерекке сәйкес, Валери ұзақ уақыт бойы сырқатпен күресіп келген. Соған қарамастан, ол Жәнібекке аналық мейірімін аямай, 20 жыл бойы қамқор болған.
Қайғылы хабарға байланысты Жәнібек әлеуметтік желіде пікір қалдырып, Қазақстандағы өзіне қолдау білдіріп жүрген азаматтарға алғысын жеткізді. Ол жақын арада елге келіп, барша жұртпен жүздесуді жоспарлап отырғанын да айтқан еді.