Malim.kz
Қоғам

"Жақын арада жақсы жаңалық": Шетелдіктер асырап алған Жәнібек асыға күткен хабарын жеткізді (ФОТО)

Мадияр Қапанбек
ашық дереккөзден

Торғай өңірінде дүниеге келіп, кейін шетелдік отбасының тәрбиесіне өткен Жәнібекке қатысты жаңа деректер пайда болды, деп хабарлайды Malim.kz.

Қазір ол туған анасын іздеу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Жәнібек әлеуметтік желідегі парақшасында бұл іздеу өміріндегі ең маңызды әрі ауыр кезеңдердің бірі екенін жазған. Оның айтуынша, биологиялық анасын табуға белсенді азаматтар мен заңгерлер көмектесіп келеді. Сонымен қатар соңғы уақытта үміт сыйлайтын жаңа мәліметтер де пайда болғаны айтылды.

"Сәлеметсіздер ме, қадірлі отбасым мен достарым. Сіздермен жүрекжарды жаңалығымды бөліскім келеді. Қымбат Досжан мен Мейірман Шекеева және тағы басқа жанашыр адамдармен бірге анамды іздеуді әлі де жалғастырып жатырмыз. Бұл іздеудің қанша уақытқа созылатынын нақты білмеймін. Мүмкін ұзаққа жалғасар, мүмкін күтпеген жерден жақын арада жақсы жаңалық болар. Соңғы уақытта бізге үміт сыйлайтын бірнеше іздер кездесті. Мен күн сайын сіздерді де, анамды да ойлаймын. Баршаңызға тек жақсылық тілеймін", – деп жазды Жәнібек.

Еске сала кетейік, Жәнібекті бала күнінен тәрбиелеп өсірген бельгиялық анасы Валери 2024 жылы 54 жасында өмірден өткен еді. Мәліметтерге сәйкес, ол ұзақ уақыт бойы ауыр дертпен күрескен. Соған қарамастан, Валери Жәнібекке бар мейірімін төгіп, екі онжылдық бойы қамқорлық танытқан. Сондай-ақ ол алдағы уақытта Қазақстанға келіп, өзіне жанашырлық танытқан азаматтармен жүздесуді жоспарлап отырғанын жеткізген еді.

Бұған дейін Торғай өңірінде дүниеге келіп, кейін шетел асырап кеткен Жәнібекке (Jani Saveliev) қатысты жаңа мәлімет тараған болатын.

Басылым редакциясына жолданған хатта Жәнібектің биологиялық анасы болуы мүмкін әйел жайлы айтылған. Хаттағы мәліметтер оның өмірбаянымен сәйкес келетіні көрсетілген. Автордың сөзінше, күдік тудырған әйел 2002 жылы Моңғолиядан Арқалық қаласына оқуға келген. Сол уақытта жүкті болып қалған ол бұл жағдайды ата-анасынан жасырып, босанғаннан кейін арнайы құжат жазып, сәбиінен бас тартуға мәжбүр болған.

Хатты жолдаған адам аталған әйел өзінің қайын әпкесі екенін де атап өткен. Оның пікірінше, сол кезде дүниеге келген бала Жәнібек болуы мүмкін, себебі олардың туған күндері сәйкес келеді. Сонымен қатар әйел Жәнібектің өзіне қатты ұқсайтынын айтып, бұл күдікті одан әрі күшейткен. Хат соңында автор қайын әпкесінің ДНҚ сараптамасын тапсырып, Жәнібекпен туыстық байланыс бар-жоғын анықтауға ниетті екенін жеткізген.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары