«ДАЛА ФОЛЬКЛОРЫ МЕН МУЗЫКАСЫНЫҢ МЫҢ ЖЫЛЫ»

Malim Админ

  • 24.12.2020

23 желтоқсан күні М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ҚР Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жүзеге асырылып жатқан «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасы бойынша дайындалған «Дала фольклорының антологиясы» онтомдығының, «Ұлы даланың көне сарындары» үштомдығының 2-ші томын, сондай-ақ «Ежелгі дәуір әдебиетінің» бестомдығының 2,3-ші томдарын көпшілікке таныстырды.

Ғаламдық пандемия жағдайына байланысты салтанатты іс-шараға жобаның құрастырушылары, редакциялауға атсалысқан ғалымдар, редакторлар мен әдебиет саласының сарапшылары қатысты.

М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры,  ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Кенжехан Іслямжанұлы Матыжанов алғысөзінде «Дала фольклоры мен музыкасының 1000 жылы» жобасы аясында «Дала фольклорының антологиясы» мен «Ұлы даланың көне сарындарын» жасау керектігі туралы тапсырмасын институт қызметкерлері аса зор жауапкершілікпен орындағанын айтып өтті.

Бұл туындылар – халықпен бірге жасасып келе жатқан үлкен мәдени, тарихи тағлымға толы танымдық рөл атқарушы рухани күш. Бұрынғы дәстүрлі қоғамда ол әдебиеттің, өнер мен педагогиканың қызметін атқарды. Сол себепті ұлттың дүниетанымы, философиясы, этикасы, эстетикасы, тарихы айшықты да анық көрініс тапқан.

Жұмыс барысында Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының ұстаз-оқытушылары мен өнерпаздар, қажеттігіне қарай өңірлердегі дәстүрлі өнер мектептерінен де жыршы-орындаушылар тартылды. Аудиожазба мен цифрландыру жұмыстары арнайы студияларда жүзеге асырылды. Оның баспаға дайындау жұмыстарын Институттың ғалым-мамандарынан жасақталған арнайы шығармашылық топ жүзеге асырды және олардың жұмысына редакциялық алқа, жобаның ғылыми жетекшісі, ғылыми және жауапты редакторлар, ғалым-сарапшылар, сондай-ақ институттың Ғылыми кеңесі басшылық жасады. Басылымдарға белгілі отандық ғалымдармен қатар алыс-жақын шетел оқымыстылары да сараптама-пікірлер жазды.

«Дала фольклорының антологиясы» онтомдығының  жауапты редакторы –  «Қолжазба және текстология» ғылыми-инновация бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Тоқтар Әлбеков: «Фольклорлық мұрамыздың жауһарлары іріктеліп берілген бұл антологияның алғашқы бес томы 2019 жылы жарық көрді. «Дала фольклорының антологиясы» онтомдығының алғашқы 5 томын баспаға дайындауда ұлттық эпостың таңдаулы үлгілері алғаш іріктеліп, олар түпнұсқаларымен, басылымдарымен салыстырылып, текстологиялық зерттеулерден кейінгі таңдаулы нұсқалары жіберілді. Оның бірінші томында көне эпос пен батырлар жыры, екінші томында «Қырымның қырық батыры» жырлар топтамасы, үшінші томында тарихи жырлар, төртінші томында ғашықтық жырлар, бесінші томында дастандар қамтылды. Биыл бұл жоба жалғасын тауып, қалған бес томы жарыққа шықты», - деді.

Антологияның алтыншы томына магиялық фольклор, кәсіпке қатысты фольклор, маусымдық ғұрып фольклоры мен отбасылық ғұрып фольклорының таңдаулы үлгілері топтастырылды. Ал жетінші том прозалық фольклордың ертегі жанрына арналған. Томға хайуанаттар туралы, қиял-ғажайып, батырлық, новеллалық, сатиралық ертегілердің таңдаулы үлгілері жинақталды. Сегізінші том прозалық фольклордың аңыздық жанрларына арналған. Томға мифтердің, хикаялардың, аңыздардың, әпсаналардың, хикаяттардың, ауызекі әңгімелердің іріктелген үлгілері берілді. Тоғызыншы томға халық өлеңдерінің қара өлең, хат өлең, ән өлең, терме, толғау сияқты түрлері жинақталса, оныншы томға мақал-мәтелдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, шешендік сөздер, нақылдар, өсиет және қанатты сөздер секілді шағын жанрлар топтастырылды.

"Дала фольклорының антологиясы" онтомдығының тұсау кесерін М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Фольклортану бөлімінің бас ғылыми қызметкері, ҚР ҰҒА академигі, филол.ғ.д., профессор Сейіт Асқарұлы Қасқабасов; диктор, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет белгісі» орденінің иегері,  «ҚР Мәдениет саласының үздігі» Сауық Мәсіғұтқызы Жақанова; «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат өткізді.

Мемлекеттік тапсырыс аясында жүзеге асырылған тағы бір тың жоба «Ұлы даланың көне сарындары» антологиясының жетекшісі, өнертану ғылымдарының кандидаты Қазтуғанова Айнұр Жасағанбергенқызы баяндамасында антологияның 2-томының шығарылуына білікті кәсіби мамандар, күй өнерін тарихи-теориялық тұрғыдан зерттеген күйтанушы-ғалымдар, көне аспаптардың сақталуына ерекше үлес қосып жүрген белсенділер жұмылдырылып, домбыра күйлерінің аймақтық дәстүрлерін жалғастырған күй шеберлерінің тәжірибесі мен білімі ортаға салынды.

Антологияның 2-томы «Дәуірлер көшіндегі күй сарындары» атты кіріспе мақаладан, редакция алқасының сөзінен, «Аспаптық көне сарындар» мен «Дәстүрлі күй өнері» деген бөлімдерден, ескертпелерден тұрады.

«Аспаптық көне сарындар» атты бөлімге – шаңқобыз, саз сырнай, сыбызғы, жетіген, қобыз, үш шекті домбыра сарындары жинақталған. Антологияда фольклорлық аспаптар күйлерінің үздік үлгілерінің ішінде халық күйлерінің «Қыз мұңы» (шаң қобыз), «Балжыңкердің желісі» (саз сырнай), «Ертіс толқыны» (сыбызғы), «Қоңыр қаз» (қобыз), «Нар идірген» (шертер), «Толғау» (үш ішекті домбыра) және т.б. туындылар іріктеліп алынды. Сондай-ақ, 2012-2014 жылдардағы іс-сапар кезінде Қытай және Моңғолия республикаларын мекендеген қазақ диаспорасынан жазылып алынған сыбызғышылар Еңбек Абдоллаұлының, Арыстан Абдоллаұлының, Самырық Боғдаханұлының, Жұмағазы Бейілханұлының өнерлері таныстырылса, отандық сыбызғышылар Болат Сарыбаевтан бастап, Шанақ Ауғанбаевтың, Талғат Мұқышевтың орындауындағы күйлер берілді.

«Дәстүрлі күй өнері» бөлімінде халық күйлері мен кәсіби күйші-композиторлардың туындылары: Арқадан – Тәттімбет, Тоқа, Әшімтай, Шығыс Қазақстаннан – Байжігіт, Хұсайын Малшыбайұлы, Бейсенбі, Жетісудан – Байсерке, Қожеке, Қаратаудан – Сүгір, Сыр, Ақтөбе өңірлерінен  – Әлшекей, Досжан, Мырза, Қазанғап, Бөкей ордасынан – Махамбет, Құрманғазы, Дәулеткерей, Маңғыстаудан – Абыл, Есір, Есбай, Өскенбай күйлері мен олардың ізбасарларының туындылары ұсынылды. Бұл ретте, халық және авторлық күйлердің басым көпшілігі Институт мұрағатында сақталған, дүлдүл күйшілердің халыққа бейтаныс мұраларынан сұрыпталып алынды. Олардың қатарында, Сүгірдің «Кауфманы» Генерал Асқаровтың, Шәкен Қадырбергеновтың «Екінші Адай» күйі Рақыш Ысқақұлының, Түркештің «Терісқақпайы» Мақсұт Құсайыновтың, Құрманғазының «Қосалқасы» Сапарғали Жұмағалиевтің, «Сырым сазы» мен «Көркем ханым» күйлері Сапар Оразовтың, Дәулеткерейдің «Қаражан ханымы» Мәжит Досмұхамбетовтың, Сейтектің «Лауышкесі» Сапарғали Жұмағалиевтің орындауында енді. Мұндай мысалдар көптеп кездеседі.

Қазақтың аспаптық музыка өкілдерінің репертуары сараланып, аға буыннан жас өнерпаздарға дейінгі аралықтағы 175-тен астам күйшінің орындаушылық нұсқалары ұсынылды.

Аймақтық, тармақтық, нұсқалық түрге бөлінетін бай, әрі шексіз мұраның ішінен аспаптық музыканың 335 таңдамалы үлгісі іріктеліп алынды. Күйлердің нотасы аудио материалдармен салыстырмалы түрде нақтыланып, сол күйді орындайтын күйшінің тартуымен сәйкестендіріліп, хатталды. Күйшілер туралы негізгі мағлұматтар мен күйлердің аңыз әңгімелерден тұратын ғылыми-танымдық түсініктемелері бірінші томның жалғасы іспеттес қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде берілді. Сондай-ақ, тұңғыш рет қазақтың төл мұрасы ұсынылған басылым заманауи форматта электронды құралдарға көшіріп алып пайдалануға қолайлы болатындай арнайы QR кодпен, CD дискпен бірге жарыққа шығарылды.

Тұсаукесер рәсімін күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәміл Бисенғалиұлы Әбілтаев; күйші, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері, «Мәдениет қайраткері», «Мәдениет саласының үздігі» Әбділхамит Ысқақүлы Райымбергенов; қобызшы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Саян Ақмолда; Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті, ҚР мәдениет қайраткері, ҚР білім беру ісінің үздігі Мұрат Әбуғазы; Құрманғазы атындағы Қазақ .ұлттық консерваториясы Халықаралық конкурстардың лауреаты Нұрбаева Динара өткізді.

Елімізде алғаш рет жүйелі түрде іске асырылып отырған «Ежелгі дәуір әдебиетінің антологиясының» басты мақсаты – ұлы даланың ежелгі заманнан бергі жазба мұралары мен әдеби жәдігерлерін жинақтап, жүйелеп, зерттеп, жас ұрпақ назарына ұсыну, түркі халықтарына ортақ ежелгі және орта ғасыр әдеби ескерткіштерін неғұрлым толық жарыққа шығару.

Жоба жетекшісі М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Ежелгі дәуір әдебиеті және түркітанубөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Қыдыр Төрәлі «Ұлы дала жауһарлары» сериясы «Ежелгі дәуір әдебиеті антологиясының» екінші және үшінші томына енген әдеби жәдігерлер туралы айтып өтті. Ол: «Өткен жылы жарық көрген антологияның бірінші томына Исламға дейінгі әдеби жәдігерлер қамтылса, екінші томына Қарахандықтар дәуірінде жазылған әдеби жәдігерлер енді. Екінші томның алғашқы жәдігері ретінде осы жылы ЮНЕСКО көлемінде 1150 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өткен Әбу Нәсір әл-Фарабидің «Сөз өнері», «Ақындардың өлең жазу өнерінің қағидалары туралы» атты поэтикалық еңбектерімен бірге «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты туындысынан үзінділер де аударылып берілді. Осы дәуірде өмір сүрген Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғат әт-түрк», Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» және Ахмет Жүйнекидің «Ақиқат сыйы» атты еңбектері де осы томға енгізілді. Түркі даласында кемелдік ұстындарын насихаттаған Қожа Ахмет Иасауидің «Диуани хикмет», сондай-ақ, оның рухани мұраларынан бірі саналатын «Жүректердің айнасы» атты туынды да түркі әдеби тілінен аударылып, томға енгізілді. Түркі әлеміне «Хакім ата» лақабымен танымал болған Сүлеймен Бақырғанидың бірнеше даналық сөздері мен «Бибі Мәриям», «Миғражнама» және «Ақырзаман» дастандары да түпнұсқадап аударылып, екінші томға енгізілді.

Биыл елімізде 750 жылдығы кеңінен аталып өткен Алтын Орда билігі тұсында бірнеше шығармалар жазылғандығы белгілі. Антологияның үшінші томына осы дәуірде жазылған діни-дидактикалық жәдігерлерді енгізгенді жөн деп санадық. Себебі, Алтын Орда тұсында түркілік рух пен ислами құндылықтар тұтастанып, түркі мұсылман дүниетанымын қалыптастырған болатын. Насируддин Рабғұзидың «Пайғамбарлар қиссасы», Махмұт Кердеридің «Жұмақтардың ашық жолы», Исламның «Мұғинул-мүрид», Хусам Кәтіптің «Жұмжұма» секілді туныдыларымен бірге, осы дәуірде жазылған, бірақ авторлары белгісіз «Кесікбас кітабы», «Сиражул-қулуб» және «Китәби Әбу Ләис Самарқанди» атты шығармалар да енгізілді. Осы жәдігерлерді жете түсіну үшін томның соңына діни ұғымдар мен атаулардың сөздігі де берілді.

Қарахандықтар мен Алтын Орда билігі тұсында жазылған жәдігерлер, тек қазақтың ғана емес, барша түркі халықтарының рухани мұрасы екені анық. Қарахандықтар тұсындағы жазба ескерткіштер түркі мұсылман жұртының мақтанышы болса, Алтын Орда дәуірінде жазылған әдеби жәдігерлерде Орталық Азия, Еділ-Бұлғар және Кавказ түркілерінің де үлесі бар екендігі анық. Сондықтан да екі томды дайындауда бауырлас түркі ағайындардың пікірлерімен де санасып отырдық», - деді.

«Ежелгі дәуір әдебиеті» антологиясының тұсаукесерін  Еуразия ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары, ғылым докторы Суат Бейлур мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жанындағы Н.Келімбетов атындағы Түркітану орталығының директоры, филол.ғ.к. Асқар Әбдуәлиұлы Тұрғанбаев жасады.

Өздерінің ізгі тілектерін білдіруге шетелдік сарапшы, әдебиеттанушы Мугла Сыткы Кочман университетінің профессоры Мехмет Нажи Өнал, фольклортанушы, Ресей ғылым академиясы Уфа ғылыми орталығы Тарих, тіл және әдебиет институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Роза Султангереева онлайн байланысқа шықты.

Бірнеше томды құрайтын серияның әр томы редакциялық бас алқаның кіріспе мақаласымен ашылып, соңында жазылған түсініктемелерді қамтиды.