ЖАМБЫЛ АТАМНЫҢ АРУАҒЫ

  • 28.02.2020
  • Malim Админ

1996 – тамыз. Соңғы  екі жыл орайында жазу мүлде тоқырамаса да, әдепкі мәнісін таба алмай тұрған. Алайда, бұл күндері көңілім тым көтеріңкі. Осыдан тура бір ай бұрын Еуропаның қақ ортасы Алтын Прага шаһарында Айшешек деген немерем дүниеге келген. Әжесі жарым жыл бұрын көше қонып, енді өз қолымен бесікке салып еді. Арғы аптада мен де барып жетпекпін. Немеремнің жұпар иісіне қанығып отырып, көптен ойланған, бірақ орайы келмеген, көлемді, мағыналы жаңа бір дүние бастамақпын. Бәрі дайын. Әйткенмен, көңіл күпті. 1990-91 жылғы «Сары қазақтан» кейінгі, деректі «Қазақ тарихының әліппесін» айтпасақ, қаламым көркем сөзден мүлде шығып кеткен. Иә, абыр-дабыр, таршылықпен астас тұрмыс, берекесіз жағдайда оңбай ұтылған сияқтымын. Енді бәрі басқаша болуға тиіс.

Көңіл делбеген екінші бір оқиға – мен кейінде атап жазғандай, жүз елу жыл күткен Тәуелсіздік дабылымен, ұлттың ұлы тұлғаларының қатар-қатар өткеріліп жатқан айтулы тойларының соңғы бір үлкен толқыны – Жамбылдың 150 жылдық мерекесі бүткіл республика шегінде кеңінен атала бастаған. Енді екі-үш күн орайында жыр алыбының туған ауылында дүбірлі ас берілмек. Соның Алматыда өткерілмек сөз жоралғысы – Қазақстан Жазушылар одағындағы, «халықаралық» аталып, кеңінен қамтылған мерекелік жиын. Өзбектен келіпті, қарақалпақ, қырғыздан келіпті, орыстан келіпті – бәрі де өз жұртының танымал қаламгері. Қазақтың бетке шығары түгел көтерілуі – табиғи жағдай. Ақын, жазушылар ғана емес, әдебиетші, ғылыми қауым және тағы қаншама көлденең жанкүйер. Жазушылар одағының мәжіліс залы лықа толды. 1996, 22 август екен. Таңғы сағат он бір болса керек.

Бізде осындай мерекелік, шығармашылық жиындарды атқарудың өзіндік тәртіп, рәсімі бар. Арнап сайланбайтын, бірақ тұрақты төралқа – Одақ хатшылары, бас редакторлар және арнайы шақырумен жоғарыдан орын алуға тиіс ақсақалдар. Жазушылардың әдепкі, бейресми, кеңқолтық жиыны. Бұл жолы да бұрынғыша. Мәртебелі меймандар – бір қырғыз, екі өзбек, тағы бір, қарақалпақ, әлде орыс жазушысы төрге – ауқымды  залдың кенересі биік алдыңғы бөлігінде жалғаса қойылған столдардың орта тұсына апарып отырғызылды. Қандай жағдайда, тіпті, үш-төрт-ақ кісі шүйкеленген кездің өзінде, он-он екі кісілік ұзын алқаның шыға беріске қараған шалғайы – екінші орында отырар едім. (Сондай-ақ, Одақ төрағасының кабинетіндегі мәжіліс столында да, кейінгі бастықтар төрге шақырғанымен, баяғы, Олжастың тұсы, жасым кішірек кезде үйренген, ортадан төменірек тұстан айныған емеспін.) Ары-бері жылжымайсың, өзіңнің тұрақты ғана емес, меншікті орынтағың сияқты. Бұл жолы да дәп осылай жайғасқам.

Жиын басталып кетті. Шешен тілді, әмбебап төрағамыз Нұрлан Оразалин екпінді, көтеріңкі кіріспе сөзден соң, кім екені нақты есімде жоқ, өзіміздің бір ақсақалға кезек берді. Бұдан әрі – қонақтар. Ең алдымен, жасы да, жолы да үлкен өзбек ағайын. Содан соң тағы бір-екі кісі. Ақыры, әуелгі келісім де солай болса керек, біздің қазақ құдайдан әрмен табынатын Айтматов. Жамбыл тойына осындай ұлы тұлғаның қатысуының өзі ерекше мәртебе саналса керек, орнынан көтерілместен жапырлай қол соғылды. Айтматов онсыз да елбіреп отырған жұртшылық назарын мүлде аударып алу үшін әлде әзіл, әлде нақыл, қазақ-қырғызша бастады да, өзінің танымал орыс тіліне көшті. Әрине, талай өткелектен өткен, көпті көрген тарлан ғой, мәнді, мағыналы лепес. Ұзақ та, қысқа да емес, орнымен, нақты тәмамдады. Жұрт дүркірете қол соғып жатыр. Дабырға елікпесем де, мардымсымай, сыпайы ілтипат білдірдім. Енді келесі қонақ. Сол кезде ғана дағдарыппын. Айтматов, әрине, жақсы сөйледі. Бірақ ешқандай тосын жаңалығы жоқ. Соңғы елу жыл бойы орныққан, үйреншікті әуез. Халық поэзиясының алыбы, сурыпсалма, данагөй дегендей. Иә, замана жаршысы. Кез келген қазақ, өзбек, орыс айтуға мүмкін лепес. Содан соң оқыс ой келген. Бұл той – менің тойым, менің елімнің тойы. Ендеше, аталы сөз – қазақтың аузынан шыққаны ләзім. Бізде кім бар? Қатардағы, көп ішіндегі ақсақалдарға көзім түсті. Сөйлейді, сөйлемейді. Шыға қалса, жаңағы қырғыздан асыра алмайды. Ендеше... менің кезегім. Бірер кісіден соң маған сөз бер деп, төраға Нұрланға қағаз жібердім. Қолма-қол емес, және тым кешікпей, кезекті екеуден соң шыққан едім.

Мынау алқалы жиында топқа түсем деп ойламағам. Оны айтасыз, ешқашан Жамбыл туралы жазбағам. Және жазам деп те ойламағам. Енді міне, төгіле бастап, еркін сілтеп тұрмын. Асықпай, аптықпай және созбаламай. Қазақы намыс па, өзімшіл пенделік, менмен көңіл ме, қайткенде, дәп осы сәтте бұлықсып шыққан, өзгеше бір толқын. Алдын-ала дайындықсыз, экспромтпен сөйлесем де, көңіл түкпірінде қырық жыл бойы бұғып жатқан, қайнауы жетіп, шегінен шыққан түйінді пікірлер екен. Азғана ғана уақыт өткен сияқты, төрағаның ескертуі тым тосын естілді. «Мұқа, жиырма минут сөйледіңіз, енді басқа қонақтарға жол берейік...» – деген. Тағы не айтар едім, есімде жоқ, тәрізі, өзім де тәмамдап қалсам керек, бар лепесті екі ауыз сөзбен түйіндеуге тура келді. Театр сахнасында ерекше бір күй толғаған, немесе, классикалық операдан ария айтқан атақты артистке қошамет жасалғандай, дүбірлеген қол соғыс. Тек ауылдағыша еден тепкілеу мен қаладағы «Браво!..» – деген айқай ғана жоқ.

Салтанатты мәжілісіміз аяқталды. Жапырлаған жұртпен араластық. Жағалай құттықтап жатыр. Ғажайып болды, тамаша сөйледіңіз деседі. Өзім де білем, бірақ мұншама әсерлі шығады, жалпы жұрт көтеріп әкетеді деп ойламаған екем. Осы көп лепестің ішінде, Әкім бе, Ахат па, «Той иесінің сөзін айттың!» – деген түйінді лебіз айрықша мәнді көрінген. Содан соң... үлкендердің соңын ала жанасқан Серікқали бауырым өзгеше, мен күтпеген, жаңалықты ғана емес, сүйінішті хабар айтқан еді. Серікқали Хасан, біздің «Жұлдыз» журналының очерк және көсемсөз бөлімінің редакторы. «Аға, бар сөзіңізді бастан-аяқ жазып алдым!..» – деген. Міне керемет! Жаңа ғана ауаға сіңіп кеткен баянсыз сөзім үнтаспаға түсіп қалыпты. Ең қызығы бұл емес. Тапшылық заман. Серікқали әр тарапта сұхбат өткізеді, әлдебір тақырыптарға қажетті ақпарат жинайды. Диктофон керек деп қыңқылдап жүретін. Ал біз тақыр кедейміз, ақша жоқ. Ақыры, құрап-сұрап, үш мың теңге шығардық, осыдан екі-ақ күн бұрын қажетін тауып алған. Енді міне. «Тезінен қоса алмай, бастауын жазып үлгермедім, – дейді. – Абай туралы айтқаныңызды...» «Бір-екі-ақ сөйлем ғой, – дедім. – Ойда тұр. Қалғаны түгел болса, тезінен таңбаға түсіріп әкеле ғой...»

Апта толмай әкелді. Оқып отырып... байырғы, машықты қаламгер үшін сирек жағдай... – өзіме өзім риза болдым. Сыпайылықты жиып қойып, шынын айтқанда, жүз жасаған, тіршілігінде жер әлемге таралған даңқты Жамбыл атам туралы бұрынғы-соңғы айтылған барлық сөздің мәйегі, ең ақырғы, түйінді қорытынды, ақиқат бағасы екен.

Міне, қараңыз.

Айтқанымдай, мені жарық дүниеге жетелеген Абай атамнан бастаппын: «Өткен жыл – Абай жылы, әдебиеттің, ұлттың мерекесі, қаншама ұлағатты сөз айтылды, бірақ мұхиттың тереңіне жетпедік, заңғардың биігіне жетпедік. Биігін бағамдап, тереңін түгесу, ауқымын тану, аумағын қамту мүмкін де емес. Қашанда ұлылардың үлесі осындай...»

Бұдан соң, бүгінгі салтанат иесі.

«Биыл – Жамбыл жылы. Тағы да айтып жатырмыз, асқақтатып жатырмыз. Бәрі жөн. Артығы жоқ. Бірақ... жеттік пе... таныдық па?»

Анығына жетпеппіз, толығынан танымаппыз.

«Біз ең алдымен бір нәрсеге бейіл беруіміз керек. Өзінен бұрынғы барлық ірі қайраткерлер сияқты, Жамбыл да ұлттың рухы. Қазақтық қана емес, әлемдік деңгейдегі өзгеше құбылыс. Жәкеңнің өз тұсында қаншалық атақты болғаны, совет кеңістігіндегі, одан шалғай аймақтардағы жұртшылық санасына қалай әсер еткені, неге әсер еткені жаңаша байыпталуға тиіс: Анық ақиқат – ол заманда Жамбыл – қазақ деген ұлттың тұлғасы, көрнекі бейнесі болды. Сол кейіпте тарихқа енді, санаға орнықты. Біз мұның бәрін сызып, өшіріп тастай алмаймыз, керісінше, нығыздай, бекіте түсуіміз керек. Ұлылар туады, бірақ Жамбыл қайталанбайды.»

«Өзім куә болған бір мысалдан бастайын. 1983 жылы сонау қиырдағы Сақа елінде – Якутияда қазақ әдебиетінің декадасы өтті... Мінеки, жердің қиыр шетінде, поляр белдеуінің арғы жағында, жарық түн, қараңғы күн, тоғыз ай қыс, үш ай жаз – мәңгі тоң аймағында біздің алдымыздан Жәкең шықты...»

«Жәкең қазақты бүкіл әлемге танытып кетті. Қалыптасқан ұғымға, нанбас ұғымға қарап, заманындағы шындықты бұрмалау керек. Қазақты, қазақтың әдебиетін, қазақтың рухын бүкіл дүние жүзіне ең алдымен танытқан – Жамбыл болды... Жамбыл. Арыстар атылған, халық қырылған, елдің еңсесі түсіп, аруағы төмендеген ең бір қиын кезеңде Жамбылдың ұлт ұранындай көтеріліп, соншама даңққа жетуі – үміт сәулесі, болашақ жақсы күндер жоралғысы сияқты көрінді. Азаматқа күш берді, кейінгі ұрпаққа тыныс қосты. Міне, сол Жәкең – алаштың ұлы перзенті, қазақтың даңқын шығарған ғажайып тұлға екендігіне ешқандай күмән тумауға тиіс...»

«Бұл Жәкең шын мәнісінде өлең сөздің даңғылы болатын, атамыздың соншама атаққа жетуі, дүниеге кеңінен танылуы кездейсоқ емес еді. Көрген адамның бәрі – орысы да, орманы да, ғалымы да, данасы да бар, түгел таң қалып, құрмет тұтқан...»

«Ал енді Жәкеңнің тағы бір ғажайып, айрықша ақындық шеберлігі, өзгеше өрнегі болды. Ол – мадақ жырлары... Мына мадақ дейтін жанр – әдебиеттегі ерекше сыпаты бар, өзіндік заңы бар, ежелгі жанрлардың бірі... Қазақ импровизаторларының құдіреті сондай... мадақ жырлардың мән-маңызы оның әлеуметтік тұрғысында, деректік нақтылығы, саяси, не басқадай мазмұнында емес, өлеңдік өрнегінде, шеберлік өнегесінде. [Арада жылдар өткенде] мадақталып отырған кісінің шын мәнісінде кім болғаны ұмытылады, заман көмескіленеді, жағдай өзгереді, ал ақын қиялынан туған асыл сөз тозбайды, уақыт озған сайын түрленіп, жаңара береді. Біз Жамбыл толғаған мадақ, марапат жырлардың бәрін қазақ әдебиетінің, қазақ поэзиясының ескірмес озық үлгісі деп қарауымыз керек, қазақ сөз өнерінің мәңгілік ескерткіші деп қарауымыз керек...»

«Жәкеңді жай ғана мадақтамай, бізге не берді, қандай дәстүрі бар, қандай тағылымы болды десек... мен өз тарабымнан Жәкең қазіргі қазақ прозашыларына да үлгілі дәріс берді деп айтар едім. Қазір ойлап отырсам... алғаш рет әдебиет есігін ашу, мына менің көркемдік танымым, тарихи сананың қалыптасуына, ұлтшылдық сананың қалыптасуына Жамбылдың да әсері мол болыпты.

Бір ғана мысал. Сыздық сұлтанға арналған [толғауы]: «Сәлем бердік, алдияр, – Орын бердің қасыңнан, – Сен бір қалған көз едің, – Кенесары асылдан...» Міне – «Кенесары асылдан...» Ұлттық сана, тарихи сана, отаншылдық дегеніңіз – осы...»

«Енді ойлап қараңыз. Жамбыл ең алдымен – қазақтың ұлттық ақыны болды, өз халқының патриоты болды. Қазақтың ерлік тарихын әйгіледі... Жамбылдың төңкеріске дейінгі, басқа бір шығармаларына қарайтын болсақ, біз Жәкеңді оқу арқылы қазақтың елдік тарихының бір бөлігін таныдық. Бүгінгі тарих әлі жазылмай жатқан кезде, қазақтың ескілігін ұмыттырмаған. Ерлікті айтқан, елдікті айтқан.»

«Енді, қазақтың ұлттық сөз өнері қандай болды, бұрынғы суырыпсалма ақындар қандай болды деген тұрғыдан келетін болсақ, ол кезде біз үшін әдебиет тарихының мазмұнды беттері түгел жабық жатты... Айналып келгенде, біз Жәкең... арқылы қазақтың ақындық рухын таныдық. Ескіше ойлау жүйесін аңдадық, байырғы тілін бойымызға сіңірдік.»

Сөзіміздің ақыр-соңы:

«Сонымен, айта берсек, әңгіме таусылмайды. Уақыт бітті деп ескертіп жатыр төраға. Енді бір ғана пікір. Былтыр ЮНЕСКО шеңберінде Абайды атадық. Ұлы Абайды. Ендігі жылы ЮНЕСКО шеңберінде ұлы Әуезовты  атағалы жатырмыз. Осы екі ортада артық болмайтын еді, тиесілі мекемелер жеріне жеткізу керек еді, қайткенде де Жәкемнің тойы ЮНЕСКО аясында өткізілуге тиіс еді. Өйткені, Жамбыл – әлемнің небір дамыған елдері мен халықтары мақтан етіп, тойлап жүрген ірілермен, алыптармен терезесі тең, өзгеше тұрпатты дара тұлға.»

Осылай, үзіп-жұлып емес, тұтасымен келтірсе де болар еді. Алайда, негізгі тақырыбымыздан ауытқып кетеміз. Оның үстіне, сақталып тұрған, әуелі «Жұлдызда» басылып, бұдан соң Он үш томдыққа кірген, қазірде тағы біраз жерді шарлап жүрген, әйгілі эссе. Және қаншама еркінбіз десек те, тым қатты мақтана беру бүгінгі, сексенді иектеген жасымызға онша жараспаса керек. Әйткенмен, сол бір ерекше лепестің мән-мағнасын емес, сыр-сыпатын, өзіндік құпиясын тарата кету қажет сияқты.

Иә. Атаулы, салтанатты жиында тып-тыныш, бейқам отырған мені көтеріп, үлкен мінберден шығарған қандай күш? Түптеп келгенде, Жәкемнің Аппақ Аруағы деп білем. Мәшіңке қолжазбада небәрі тоқсан беттік, алайда айрықша толғанып, үзе созып, тура екі жарым жылда әрең тәмамдаған «Абайдың суреті» атты еңбегімде нақты айтқан едім, Шыңғыстаудағы Ұлы Ас кезінде, бауырында жұрт жиналған Қарауыл төбенің ұзына биігін алтын нұрлы шапақ көмкеріп тұрды, деп. Мен ғана көрген, сол бір сәтте ешкімге айтпаған, ақыры өшпес таңбаға түскен ғажайып. Ел-жұртына мейірленген Абай рухының нақты сурет, өзгеше бейнесі деппін. Арнайы мереке-мәжіліс үстінде Жамбыл атамның Аруағы да маған елес берген сияқты. Іште тұнып жатқан, бәлкім, өзім де толық түйсінбеген ой-толғам атаулыны оятты, қазақтық намысымды қамшылап, еріксіз мінберге шығарды. Оқыс шешімге, жүрекжарды лепесіме басқаша түсінік табу қиын. Бұл Жамбыл тойындағы сөз – тосын ғана емес, өзгеше тұрпатты. Аруақ көтерді, дем берді, айтқанын жасатты. Жамбыл атамның мәңгілік, Аппақ Аруағы. Маған деген өзгеше сенімі және айрықша шарапаты екен.

Міне, қараңыз. Бұрын ғой, талай жерде, жиын, топта сөйледік. Әдепкі жазуымыздың ауызекі көрінісі ғана есепті. Әрине, барлығы да өзіңнің ой-санаң, жүйке-жүрегіңнен шыққан. Көбіне-көп тың пікір, өзгеше лепес, сырлы толғаулар. Кейбірі бұрынғы жазбалардан туындаса, кейбірі кейінгі жазбаларға ұласқан. Бірақ түгелдей, бастан-аяқ емес. Негізі, дәп сол бір сәттегі ой-жүйесі, толқыныс пен сезім шарпысы. Бәрібір. Келер мезетте желге ұшып жоқ болған. Қайрылып, қайтадан таңбаларсың, бірақ мүлде басқаша бір әуезе. Көбіне, мінберде айтылған сөз өзіңе қайта айналып келмейді. Ал мына жағдай... Егер сол күнгі лепесім үнтаспаға түспей қалса, Жәкем жөнінде кейінірек жазар ма едім, жазбас па едім. Тәрізі, оралып соғуым неғайбыл. Орала қалсам да, сол шешуші сәт, биік мінбердегі деңгейіме жете қоюым қиын. Және әр шығарманың өз тағдыры, өзіндік орны бар. «Жамбылдың ұлылығы» деген атпен баспаға түскен өзгеше эссе той үстінде айтылуымен және бір тосын сыпатқа ие болып тұр. Иә. Менің есіміме тіркеліп қалғанымен, бұл толғаудың тел-авторы – Жамбыл атамның нақ өзі дер едім. Маған тартқан төтенше сыйы. Риясыз тілек-батасы.

Алқау, тәбәрік болатыны – бұл оқиға өзінің табиғи жалғасын тауыпты. Осыған дейін қаншама сөзіміз желге ұшты, дедім ғой. Енді мүлде басқаша жағдай. Әрқилы атаулы кездесуге Серікқали Хасан інімді ерте баратын болдым. Көсіліп сөйлейсің. Әрқилы көкейкесті сұрақтарға жауап бересің. Тиянақты және ой-өрісі кең Серікқали осының бәрін үнтаспаға тап-тұп жазып алады. Содан соң, өзінің жұмыс ыңғайына қарай, менен асығысы жоқ, әлде апта, әлде ай өткенде қағаз бетіне таңбаға түсіріп береді. Үстінен жеңіл-желпі қарап, кейде артық-ауысын ықшамдап, тұтастай алғанда қаз-қалпында тасқа басып шығарам. Яғни, менің шығармашылық қорыма құйылатын жаңа бір туынды. Міне, осы ретпен «Мемлекеттік Қызмет академиясында», «Әскери академия», тағы бір жерлерде өткен кездесулер жазбасы дүниеге келіпті. Әуелде өзім басқаратын «Жұлдыз» журналында жарияланды, бұдан соң Он үш томдық шығармалар жинағына қосылды. Әрқайсына: «Үнтаспа жазбасын таңбаға түсірген – Серікқали Хасан» деп атап көрсетілген. Міне, ендігі жиырма бес томдық толық жинаққа да сол қалпында енбек.

Жамбыл атамның ақиқат Аруағының демеуі – осы жаңаша жазбаларда ғана емес. Әлгі атаулы жиыннан бұрынырақ, шет жұрттық Еуропа, Злата Прага шаһарында Айшешек дейтін немерем дүниеге келді дедім. Менің мерекелік сөзімнен тура отыз үш күн бұрын екен. Мына қараңыз. Тағы да, аз-кем емес, тура отыз үш күннен соң осы байтақ шаһар, жайлы қоныста жаңа бір жазуға еркін, қаптал отырыппын. Және жеңіл жазып, әжептәуір көлеміне қарамастан, көп ұзамай тәмам қылдым. «Мен» деп аталған ғұмырбаяндық мемуардың Бірінші кітабы – «Шытырман», роман-эссе. Жаңа кітап қана емес, менің шығармашылық жаңа дәуірімнің бастауы. Содан бері, міне, ширек ғасырға тақады, тоқтаусыз жазып келемін. Ондаған әңгіме, әрқилы мақала, зерттеу, бірнеше роман, хикаят, ең бастысы – «Шыңғыс хан» эпопеясы.

Мен шыр етіп жерге түскен сәтімнен бастап ата-бабамның Аруағы санатқа алды, күні бүгінгіше алқап, қолдап келе жатыр деп білем. Үш мың жылдық ғұн-түрік-қазақтың жүз сан Аруағы. Арыдағы ұлы шаңғұй, қаған, бахадұр, нояндар, берідегі хан, сұлтандар мен билер, батырлар, ақын, жыраулар... Осы орайда Жамбыл атамның да өзіндік орны бар екен. Ал манағы, айтылмыш оқиға – менің абыржымаса да талыға бастаған рухыма жаңаша бір серпін қосқан өзгеше құбылыс болды.

Аруағыңнан айналайын, Жамбыл атам! Енді, өткендегі ұзақ ғұмырдың әлдебір бөлшегіндей, азды-көпті, толқымалы заман өткен соң, Хан-Тәңірінің басында Мені күтіп алатын ұлы Бабаларымның қатарында Сен де болатыныңа күмәнім жоқ.

4-5.ІХ.2019,

Силвер Сприң, Мэриленд, АҚШ.

МАТЕРИАЛДЫ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ!

Байланысты жаналықтар

Абай Аймағамбет. Әкім

24.03.2021

Белгілі актер Дархан Дайырбек қайтыс болды

08.07.2020

Қатонқарағайда Дидахмет Әшімханұлына ескерткіш қойылды

25.09.2020

Жанат Жаңқашұлы. Басыңды кесіп, дұшпаның сенің күл езді...

16.03.2021

Луиза Глюк әдебиет бойынша Нобель сыйлығын алды

08.10.2020

Серік Шайман. ОСЫ БАЛАҒА СӨЙЛЕС...

30.06.2021