Абай құрметтеп, Затаевич тамсанған талант

Ұлы ақынға Қалидің құдіретті де әсерлі үні ұнайды

Олжас Қасым

  • 29.08.2023

Өнер саңлағы, даңғайыр әнші Қали Байжановтың өмір жолы тақтайдай тегіс болып, өзі шырқата салған әндердей шырқау биікке бірден шығандай кете қойған жоқ.  Қали бала кезінен әке-шешесінен айырылса да, табиғат берген әнмен ғана жалғыз қалғандай көрінеді. Әншінің өскен-өнген өлкесі  Қарағандының бұрынғы Егіндібұлақ ауданы деп айтылғанымен, ол Баянауылдың Қайыңдыкөл деген жерінде туған.

Қаламгер, өнертанушы-композитор Тілеуғазы Бейсембек «Өнер саңлақтары» кітабында Қали Байжанов және оның ортасы туралы жан-жақты мәлімет келтіріп жазады. Кейбір деректерде Қалидың әкесі Байжан Егіндібұлақ ауданындағы Балықбай ауылына қоныс аударғаны жөнінде айтылады. Ән дүлдүлінің ұрпағы Жеңістің айтуынша, Баян атырабында ән салып жүрген жетім баланы Егіндібұлақтың Тәуке деген байы өзінің ауылына алып кетеді.  Бұл оқиға біздің есімізге италиялық жетім бала Джованни Батистаны еске түсіреді. Ол 17-ғасырда карольдің күймесінің бір пұшпағына жармасып Францияға барған екен деседі. Мейірімді патша жан жылуын төгіп, ол сол жақта қалып қойған екен. Уақыт өте келе талапты баладан Жан Батист Люлли деген француздың әйгілі композиторы шығыпты.  Сол секілді  Тәуке байдың  соңынан еріп келген бүлдіршіннің кейінірек аты Алты алашқа  кең жайылып, Қазақстанның Халық әртісі атанады.   Бұл деректердегі ақиқат – Қалидың қаршадайынан жетім қалып, өмірдің қиындығын көргені.

                                 Қали шахтер болып, тас қалаған

Қалидың әкесі Байжан кедейлікпен күн кешкен. Содан да болар, жас бала ауыр бейнеттің қамытын ерте киген. 15-16 жасынан бастап Екібастұздағы шахтада қабырға қайыстырар ауыр жұмыстарға түседі. Сонымен қатар, «Желтау», «Казмедстрой» құрылыстарында тас қалаушы болып нәпақа табады.  Алайда, «алмас кездік қын түбінде жатпайды» деген, Қали  бойындағы алапат табиғи талантын шыңдау үшін майталман әншілерді іздеп тапқан.  Оған әуелі ұстаздық етіп, бағдар берген Баян өңірінің бұлбұлы, әйгілі Жалылғапберді Жұмабайұлы болатын. Өнерден дәмесі бар Қали одан «Алтыбасар», «Қанафия», «Шама», «Ардақ», «Үш дос» әндерін үйренеді.  Ол атақты Жаяу Мұсамен де кездесіп, жанына жақын тұтып, ән салу мәнерін меңгереді. Мінезі ауыр Мұса бастапқыда жас жігітті онша қабылдай қоймағанға ұқсайды. Әнге деген құштарлығын байқаған соң ғана қатарына қосып, жүйріктей баптаған.  Ол Мұсаның жанында жүріп, «Көгаршын», «Хаулау», «Толқыма» сынды әндерді үйренген екен. 

Жасырақ кезінде Қали кірешілерге еріп, Қоянды жәрмеңкесіне барады. Сонда ол бір қымызшының үйінен біреудің жер жаңғырықтырғандай үнін естіп, әншінің өзін көруге ынтық болады. Алты қанат ақ үйдің айналасы лық толы халық. Содан адамдардың арасымен сығылыса жүріп отырып, есіктің алдына жетіп, ішке сығалай қарайды. Бөркінің сыртынан күлапара салған, сұлу киінген сымбатты әншіні көреді. Сыртынан даңұын естіп, әніне құмар боп жүрген Біржан салмен бала Қали осылай кездеседі. Ол атақты әнші-композитор Ақан серіні де көрді. Бір жылы Күдерінің Нұрланы деген кісіге еріп, Абай ауылына да барған дейді. Ұлы ақынға Қалидің құдіретті үні мен әсерлі үні ұнайды. Өнерге талпынған жасқа ақыл-кеңесін беріп, апта бойы әнін тыңдап, данышпан Абай оны сый-құрметпен аттандырған екен.

Қали жыл сайын Қоянды жәрмеңкесіне барып, Қажымұқан, Омар, Майра, Иса, сияқты саңлақтармен ойын-сауық құрады екен. Бұл өнер майталмандары үшін қазіргі кезде өткізіп жүрген фестивальдер сияқты болған. Бірақ олар қазіргідей жауһарлы, аспалы шамдар жарқыраған үлкен сарайдың сахнасында емес, алты қанат ақ үйдің төрінде ән шырқаған. Міне, осындай ән мектебін бітіріп, дала академиясынан білім алған Қали біржола өнер жолына түседі.

                              Қарағандыдағы қазақ хорының негізін қалаушы

Қалидың Қарағанды қаласында алғаш рет қазақ хорын құруға атсалысқаны жөнінде көп айтылмайды. Жаңа өнер ұйымының  құрамында онымен қатар, Қосымжан Бабақов, Кеншімбай Мұстафин, Алтын Әлиева, Рахметжан Ыбыраев секілді дарын иелері болды.  Зор екпінмен  жұмыс істеген хор үлкен жетістіктерге жетіп, 1934 жылы Бірінші Бүкілқазақстандық өнерпаздар слетіне шақырылды. Қазақстанынң музыка өнерінің тарихында тұңғыш қос дауысты қазақ хоры өмірге келгенін олар сол жиында жария етеді. Сөйтіп тұңғыш қазақ хоры Қарағандыда құрылды. Оның бағдарламасында қазақтың халық әндері және өзге композиторлардың нота бойынша айтылған әндері болды. Хордың орындаушылық шеберлігіне таңғалған адамдар артистердің нота сауатына күмән тудырады. Бірде Мәскеуден келген хор мамандары Кувымин және Демьянов, композитор В.Коваль әртістердің білімін, нота сауатын тексерген. Тексеру деген не тәйірі. Туа біткен дарының болса, сүріндірмейді екен ғой. Олардың алдына шыққан әнші Қосымжан Бабақов нота сауатына да, сольфеджиоға да жетік екенін көрсетеді. Қонақтар оның дауысының тембріне, үнінің тазалығына, ән айту мәнедеріне және артистік қабілетіне риза болады. Ал Қосымжан Н.Римский-Корсаков пен П.Чайковский операларынан оқыған әншілер айтуға жүрексінетін арияларды шырқағанда, қонақтардың таңдасынында шек болған жоқ деседі. Комиссия құрамындағы Кобылинский тақтаға әнші Кеншімбай Мұстафинді шақырады. Композитор пианинода бір дыбыстарды ойнайды. Кеншімбай әлгі дыбыстарды сол қалпында дауысымен қайталап, дыбыс аралығының атын атап, түсін түстеп, тақтаға жазып бергенде, тексерушілердің мойындағаннан басқа амалы қалмайды. Бір жолы тексеруге келген композитор Е.Брусиловский әншілермен сольфеджио сабағын өткізеді. Ол әнші Қалидың музыкалық қабілеті мен оның сольфеджио сабағына зеректігін көргенде айтарға сөз таппаған дейді. «Самородок» сары алтындай дарынымен музыка маманының тілін байлаған шала сауатты Қалидың жасы сол кезде алпысты алқымдап қалған екен. «Күш атасын танымас» деген осы.

Алаш  арыстары Сәкен, Ілияс, Бейімбет Қалидың дауысының ерекшелігін аңғарып, оның әндерін ерекше сүйсініп тыңдаған. Көрнекті ақын Ілияс: «осыған дейінгі өзіне ұқсасы жоқ, нағыз шебер әнші екен» - деп, жоғары баға берген. 1936 жылдың жазында Мәскеуден ақын Корней Чуковский бастаған бір топ жазушылар Қарағандыға келеді. Бір күні олар ойда жоқта хордың дайындығының үстінен түскен көрінеді. Хор оларға бірнеше ән орындайды. Қали жазушылардың алдында «Ардақ», «Алтыбасар» әндерін айтады. Сонда Корней Чуковский Қалидың даусына қатты толқып: «Мынау керемет олжа ғой, анық тот баспайтын асыл, тозбайтын талант» - деп, таңдай қағып, таңғалысын білдірген екен.

                                  Баритон ба, бас-кантанто ма?

Байжанов қазақтың халық әндерінің кең таралып, нотаға түсуіне елеулі еңбек сіңірген тұлға. Оның орындауындағы «Екі жирен», «Қызыл бидай», «Бүркітбай» әндерін жазып алған Александр Затаевич Қалиға тамсанып: «Қалидың сөзсіз музыкалық қабілеті күшті... Оның орындау мәнерінде өзіндік ерекшелік бар. Ол әнді салған жерден аспандатып, көтеріп алып кететін жерінде бой жеткізбей, ал оюлайтын, қиыстыратын жерлерінде қазақ әншілерінде аз кездесетін өзінің қоңыр бояулы қою дауысымен дүрілдетіп жібереді. Оның ауызынан шыққан дыбысынан жәй кездің өзінде де ар жағында бір алапат күш жатқаны сезіледі»,-деп жоғары бағалаған.   Ал академик Ахмет Жұбанов сахна саңлағының дауысын консерватория тәмамдамаса да, табиғи түрде қойылған дауысқа жатқызады. Қалимен Қарағандыда хор құрып, тізе қосып  жұмыс істеген белгілі ресейлік музыкант Борис Орлов: «Консерватория бітірмеген Қали жаза да, оқи да білмейтін. Оның университеті – ғаламат бас-кантанто дауысы және кең дала» деп сипаттама берген. Затаевич болса, «оның дауысы күшті, алысқа кететін жоғары баритон»,-деп айтады. Белгілі композитор Тілеуғазы Бейсембек Қалидың дауысын осы екеуіне де жатқызған қате болмас деген пікірде. «А.Затаевичке «Ырғақты», «Бүркітбай», «Көкжендет» әндерін жаздырғанда Қали өзіне ыңғайлы дауыс деңгейінде, яғни кіші октованың «до» нотасынан, бірінші   «ля» нотасына дейінгі аралықта айтқан. Содан да Затаевич оның дауысын жоғары баритон деп көрсеткен. Ал Орлов болса, Қалидың хордағы айтқан дауыс деңгейіне қарап, тұжырым жасаған. Алайда, Қалидың табиғат берген иі қанған, бояуы қанық, кең тынысты, ешкімге ұқсамайтын дауысы бас түгілі, баритонның да шекарасынан асып, тенорға өтіп кетеді.Бұл – өте сирек кездесетін құбылыс» дейді. Бір өкініштісі Кеңес одағының құрамында болғандықтан, Әміредей әлемді бағындыратын мұндай ірі таланттар тасада қалды.     

Байланысты жаналықтар

Татарстанда Абай Құнанбаевтың ескерткіш-бюсті ашылды

24.10.2024

Тоқаев Ашхабадта Абайға арналған ескерткіш ашты

10.10.2024

Қазақ ұлттық опера және балет театры 91 маусымын бастады

29.09.2024

Qajymuqan көркемфильмі 10 қазаннан көрсетіле бастайды

28.09.2024

Абай облысында жолаушыны тепловоз қағып кетті

11.09.2024

Шымкентегі Қажымұқан стадионының мүшкіл жағдайы көрсетілді (ВИДЕО)

01.09.2024
MalimBlocks
Татарстанда Абай Құнанбаевтың ескерткіш-бюсті ашылды

Тоқаев Ашхабадта Абайға арналған ескерткіш ашты

Қазақ ұлттық опера және балет театры 91 маусымын бастады

Жаңа маусым «Абай» опералық спектаклімен ашылды

Qajymuqan көркемфильмі 10 қазаннан көрсетіле бастайды

Фильм 4 жыл түсірілген

Абай облысында жолаушыны тепловоз қағып кетті

Ол құлаққаппен ән тыңдап, теміржолдан өтіп бара жатқан

Шымкентегі Қажымұқан стадионының мүшкіл жағдайы көрсетілді (ВИДЕО)

Бейнежазба әлеуметтік желіде жарияланған