457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

«6 млн теңге талап етті»: кинопродюсер түсірілім кезіндегі полицейлердің әрекетіне шағымданды

Белгілі продюсер Айсәуле Әбілда түсірілім тобына әділетсіз айып таққан полиция қызметкерлеріне шағымданды. Бұл туралы ол желідегі парақшасында жеткізді, деп хабарлайды Malim.kz Smartnews.kz басылымына сілтеме жасап.


Режиссер Мұрат Есжан мен оның жұбайы әрі продюсер Айсәуле Әбілда елге «Абай жолы», «Ахмет. Ұлт ұстазы» және «Міржақып. Оян, қазақ» сынды тарихи телехикаялар арқылы танылған. Қазір ерлі-зайыптылар «Қара алтын» көркем фильмін түсіріп жатыр. Алайда түсірілім кезінде олар күтпеген жағдайға тап болған.

Айсәуле Әбілданың айтуынша, 5 қазан күні Алматыда өткен түсірілім барысында полиция қызметкерлері түсірілімді тоқтатып, фильм реквизиті ретінде пайдаланылған ескі мемлекеттік нөмірлері бар көліктерге хаттама толтырған.

«Біз 2004 жылды бейнелейтін сахна түсіріп жатқан едік. Сол кезеңге сай көліктерге сол жылдардағы нөмірді тақтық. Полиция қызметкерлері көліктерді тоқтатып, рұқсат қағаздарымызды тексерді. Бізде Алматы қалалық мәдениет басқармасынан және Полиция департаментінен алынған рұқсат хаттар бар еді. Соған қарамастан, олар жүргізушілерді бір тәулікке қамап, бір жылға көлік жүргізу құқығынан айырды», – деп жазды продюсер әлеуметтік желіде. 
Айсәуле Әбілданың сөзінше, полицейлер әкімшілік кодекстің 590-бабының 4-тармағын («жалған мемлекеттік нөмір тағу») негізге алған. Бірақ түсірілім тобының ешқандай қылмыс жасау ниеті болмаған, нөмірлер тек реквизит ретінде пайдаланылған.

«Біздің мақсатымыз – кино түсіру. Біз 60 адаммен күн-түн демей жұмыс істеп жүрміз. Мұның бәрі туралы мемлекеттік органдарға алдын ала хабарлағанбыз. Бірақ полицейлер ештеңені ескерместен, хаттама толтырып, жүргізушілерді қамап тастады. Ал сот болса, менің қатысу туралы өтінішімді қарамастан, онлайн өткізіп жіберді», – деді ол. Продюсердің айтуынша, бұл жағдайдан кейін үш жүргізуші жұмыссыз қалып, олар өз шығындары үшін түсірілім тобынан 6 миллион теңге өтемақы талап етіп отыр. «Біздің полицияның басты мақсаты – қорғау емес, қорқыту сияқты. Қаншама адамнан көлігі ұрланып, ақша жоғалып жатқанда, олар кино түсіріп жүргендерді ұстап мәз. Бізге әділетті шешім мен кәсіби көзқарас жетіспейді», – деп қорытындылады продюсер. Оқиғаға байланысты Алматы қалалық Полиция департаменті әзірге ресми түсініктеме берген жоқ. 

Фото: instagram