Ардақ Назаровты мандатынан айыруға ешкім хабарласпаған

ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Ардақ Назаров IMAGE: ©ҚР Мәжілісі отырысы видеосынан скриншот.
Бұл туралы malim.kz тілшісі «Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі – Адалдық Алаңы» жобалық офисінің жетекшісі Болат Қасымовтың жазбасына сүйеніп хабарлайды.
Оның жазуынша, осыдан бір айдан аса уақыт бұрын ол Алматы облысының тұрғындарына, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Ардақ Назаровты депутаттық мандатынан айыру жөнінде үндеу тастаған. Егер қоштаған тұрғындар саны кемі 100 адам болса, істі әрі қарай қолдауға уәде еткен.
Алайда, осы уақыт ішінде бір де адам хабарласпаған. Ендеше ұсынысым да күшін жояды деп жазыпты Болат Қасымов.
Оның айтуынша, Қазақстан тарихында сайлаушылардың өз депутатын заңды түрде мандатынан айыру оқиғасы болғаны есінде жоқ. Жүз адам бұл процесті бастауға жеткілікті күш болар еді дейді ол.
Парламент мәжілісінің депутаты Ардақ Назаров аз уақыт ішінде медиатұлғаға айналған болатын. Ол әуелде - Парламент төрінен анасын туған күнімен құттықтаумен әйгілі болды. Кейін, белгілі журналист оның өмірбаянында көрсетілген дипломдарына күмән білдірді. Сонымен бірге, файтер ретіндегі мәліметтерінде де ақтаңдақтар бары айтылды. Депутат қазір әлеуметтік желілерде мәдениетке, әдебиетке қатысты біршама даулы тұжырымдарымен белгілі.