Абайға Қосшығұлов не үшін хат жолдады?

Алғашқы хат, қандай жағдайда болсын, әйтеуір, Абайға табыс етілгені анық

Malim Админ

  • 10.08.2023

Абайтанушы ғалым Тұрсын Жұртбай   Абай жөнінде осы уақытқа дейін теріс түсіндіріліп, не бұрмаланып келген бірқатар оқиғалардың астарын ашатын еңбектердің авторы. Бұл жазбасында да ақынның жанын күйзелткен, өміріне залалын тигізген ереше жағдайды баяндайды. Ақынның үйін тінтуге дейін барған жағдаят қалай басталған еді? 


Өмірінің соңғы жылдарындағы ақын жүрегін жаралаған ең ауыр оқиғалардың бірі – патша жандаралдарының үйін тінтуі және оны астыртын бақылауға алуы еді. Дала данышпаны дәл сол жылы рухани басыбайлылықтың қазақ халқына мықтап төнгеніне көзі жетті. Оның түңілуіне себеп мынау: 1902 жылы қазақтарды жаппай шоқындыруға кіріспек болған православие архирейінің жарлығының көшірмесін миссионер Алекторовтың құпия тартпасынан қолына түсірген сонау Көкшетаудағы Шаймерден Қосшығұлов – Шыңғыстаудағы Абайға жолдайды. Бұл хаттың тәркіленуінің өзінің тәп-тәуір саяси-қылмыстық домбытпасы бар.

Ол хат Абайдың қолына жетпей жатып, 1903 жылы 21 мамыр күні Омбыдағы Дала генерал-губернаторының кеңсесінен Семей облыстық әскери губернаторына шұғыл телеграмма соғылды. Онда Дала генерал-губернаторының: "Өлкенің бас архиепископының өтініші бойынша, Сізден мынаны анықтап беруіңізді өтінемін. Көкшетау қаласынан Шаймерден Қосшығұловтың атынан Арқат Почта-телеграф кеңсесіне Ибрагим Құнанбаевқа жолданған хатты хат иесі алды ма, жоқ па, соны біліңіз. Хат тапсырылмаса ұсталынып қалынсын", – деген мағынадағы бұйрығы жазылған еді. Діни көсемінің пәрмені өлке ұлығының, облыс ұлығының, ояздың алдынан бір-ақ күнде өтіп, сол күні Арқат бекетіне: "Көкшетаудан Қосшығұловтың атынан Ибрагам Құнанбаевқа жолданған хат Арқат почта кеңсесіне келіп түсті. Қастандық насихаттың тоқтатылуына және Құнанбаевті ақылды, түсінігі мол адам ретінде білетіндігіме байланысты хатты тапсыруды өтінемін. Оны алған кезде ояз бастығы қатысып тұрсын", – деген пәрмен түсті. Осы ресми қатынастардың негізінде "Мұсылман діншілдерінің реакциялық қозғалысы туралы" қылмыстық іс қозғалады.

Алғашқы хат, қандай жағдайда болсын, әйтеуір, Абайға табыс етілгені анық. Шұғыл түрде Жидебайға келген  ояз бастығы Навроцкий әскери-губернаторға:

“26 сәуір күні  күндізгі сағат 12-де Ибраһим Құнанбаевтың қыстауы мен сол қыстаудың маңындағы оған тиісті  үш киіз үйге – біреуі өзінікі, екеуі балалары Мағауия мен Тұрағұлдыкі, мұқият тінту жүргіздім. Тінту үстінде Құнанбаев пен Ибрагимовтардың көптеген сандықтары мен үйлеріндегі жазба хаттарды тәркіледім», – дей келіп,  ештеңе таба алмаған соң, куәлікке ертіп барған болыс Рыздықбай Құдайбердиевке шүйлігеді: “Берекесі қашқан ол түк білмегенсіп, тімәш арқылы маған жорта:”Қандай хат? Не үшін және неге менен күдіктенесіңдер?” – сұрақ қойған боп қипақтай бастады. Мен оның бұл қылжағының бетін тез тойтардым да, дереу бассалып ұстап, болыстың өзін тінттім. Сөйтіп, пешпетінің қалтасынан іздеген хатты тауып алдық. Бұл хаттың Құдайбердиевтің қалтасынан шығуының себебі былай түсіндіруге болады. Құнанбаевтің ұлы Тұрағұл, өзінің әкесін ешқайда бұлтара алмайтындай, құтыла алмайтындай жағдайға түсіріп, амалын құртып отырғанымды білмей: Егер хатты таба алмаса, әкесі Көкшетаудан келген хатты алғанын мойындамаса, онда ебін тауып құтылып кетер – деген дәмемен, тінту басталған кезде, менің назарым басқа жаққа ауған кезде, әлгі хатты болысқа бере қойыпты. Ондағы ойы: қызмет бабындағы болысты әрі өздері куәлікке ертіп әкелген адамды мен тінтпейді – деп ойлаған. Тергеу кезінде ол (Р.Құдайбердиев): Бұл қағазды осыдан екі күн бұрын Тұрағұл: «Темекі орап тарттарсың» деп маған берді, – деп мойындады. Әрине, мұндай жалған қулық мені сендіртпейді», – деп елпілдетіп жазды.

Ал, бұл хатты 1903 жылы 7 наурыз күні Көкшетаудан Қосщығұлов жолдаған еді. Сол арада Қосщығұловтан тағы бір хат жөнелтіледі. Ол хаттың ізіне тағы да ояз бастығы Навроцкийдің өзі түседі. Ақыры әскери губернаторға: «Шыңғыс болысының қазағы Ибраһим Құнанбаев Арқат почтасы арқылы өзінің атына Көкшетаудан жіберілген №802/87 тапсырысты хатты  тапсырып алып, ашпастан маған берді. Ішін ашып қарағанымда қырғы жазу үлгісіндегі хат шықты. ХатқаҮ әМен бір бишара адам» деп қол қойыпты. Бұл жазудың мәнері бұрынғы мен тінту жүргізген кезде  табылған хатпен бірдей, еш айнымайды.Құнанбаевтан алынған бұл хатты конвертімен қосып сізге жіберіп отырмын. Уездь бастығы Навроцкий» [36], – деп шұғыл қатынас жолдады.

Шаймерден Қосшығұловтың жеке хатымен қоса, конверттің ішінен қазақтарды шоқындыру туралы "Жарлықтың" көшірмесі де шықты. «Жарлық»:

"1891 жылы қыркүйек айында Діни (архирей) басқарма Мәртебелі Ағзамға мұсылмандардың арасында Иса пайғамбардың православиелік дінін тарату туралы ұсыныс айтқан еді. 1902 жылы наурызда Мәртебелі Ағзамның бекіткен заңына сәйкес мемлекеттік құпия істер жөніндегі кеңесші: "Патшаның бодандығындағы барлық бағыныштылар бір дінге көшуі керек, бірақ та оларды бағындыру және шоқындыру, бір дінге көшіру – «Ережеге» байланысты құпия, ың-шыңсыз, бірте-бірте, күш қолданусыз, зорлаусыз, алайда асқан ептілікпен, айламен, "олардың өздері дінге кіруге ризалық берген-міс» - деген желеумен жүргізілуі тиіс. "Өздері православие дініне өтуге өтініш білдірді, өздерінің еркімен енді" – деген айлалы амалды жүзеге асыру үшін арнайы жоспар жасау керек", – деген сөзден басталды.

Шаймерденнің қолына түскен бұл мәліметтен, 1902 жылы 22 наурызда патшаның мұсылмандарды шоқындыруға жарлық бергені, ол науқанға дайындықтың құпия түрде жүріп жатқаны анық байқалады. Архирей ағзамның, екі бірдей губернатордың, ояздың төбе шашы тік тұра алашапқынға неге түскені енді түсінікті. Мұндай қауырт һам құпия мәліметті таланға тастағаны үшін патша да, патриарх та бастарынан сипамайтыны анық.

Құпия хат: «Ауылдарда, старшындарда «ауыл мектебі» деген бүркеніш атпен мектеп ұйымдастырылып, бірте-бірте олардың санын көбейтіп, алғашқыда қазақтардың көңілін табу үшін оларға қазақ мұғалімдерін жіберу керек. Оларға міндетті түрде орыс окуын оқытып, балалармен орысша сөйлеуді, қазақ әрпін қандай жағдайда болсын қолданбауды тапсырып, сөйтіп қазақ кітабын оқи алмайтындай жағдайға жеткізу керек. Бірақ оны заң ретінде қолданбау керек. Сонан кейін мына тәсілге көшу ұсынылады: барлық мектептердің мұғалімдерінен «мұғалім» деген инспектордың арнайы бекіткен куәлігін талап ету керек, ал инспекторға қазақ мұғалімдеріне куәлік беруді әдейі қиындатып, сарсаңға салып, қасақана кешіктіру туралы алдын ала тапсырылып қойылуы тиіс. Куәліксіз сабақ берген мұғалімдер қатаң түрде заң арқылы жауапқа тартылсын. Осы тәсілмен молдалардың санын кемітіп, ол міндет ауыл старшиндеріне жүктелсін. Поптарға белгілі адамдар ғана мұғалімдікке алынсын. Содан кейін ретіне қарап сылтау тауып: «Старшындар өздерінің ақымақтығынан және істің мәнісін білмегендіктен ананы-мынаны бүлдірді-міс, халық санының өсуі кеміп кетті-міс»  – деген, тағы басқа да молдалар туралы лақап таратып, ауыл мектептерін молдалардың қолынан алып, поптың ықпалына еріп, айтқанына көнетін және оның үнемі қол астында жүретін адамға тапсыру керек»  [36], – деген  нұсқаумен басталды.

Мына бағдарлама бойынша қазақ шәкірттері орыс оқуын: «Қазаққа күзетші болайын деп, біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, халық қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйренбейтін» сол можантопай можандардың: Аз білгенін көпсініп, Көп қазаққа епсініп, Елге пайдасы тимейтіні» анық еді. «Өзі кітап қарастыра бастағынымен қатар, екінші баласы Әбдірахманды... артынан үшінші баласы Мағауияны, әйел баласы Гүлбаданды орыс мектебіне береді...». «Шен-шекпенді, адвокат емес», «Толстой мен Салтыков сияқты ойшыл болсын деген. Ал, сол көздеген ең аяулы мақсатының астарында мынадай аярлық жатқанын білгенде, «жүрегіне адам шошырлықтай жара түскені» рас еді.

Бұдан шығатын қорытынды: патшалық әкімшілік пен миссионерлік басқарма қазақ халқының арасындағы мектептерді сауаттандыру үшін емес, керісінше, ұлтты аздыру, жұртты рухани тәуелді ету үшін ашқан және сол бағытта «өте сақ әккілікпен, табанды түрде» жұмыс істеген. Абайдың қолына тиген жарлықпен Ильминскийдің синод прокурорына жазған нұсқаулары  мұны толық дәлелдейді. Нұсқау бойынша: Бірінші: қазақ мұғалімдері мектептен шеттетілді. Екінші: мектеп  – миссионерлердің ұясы болсын деді. «Абай жолындағы» «Ақ шіркеудің» оқиғасы да соған куә. Үшінші: шала оқыған қазақ баласы губернатордан бастап губернанткаға (күтуші) дейінгі орыстардың алдында «қорқып, сескеніп, үрейленіп» тұруы тиіс еді. Оған да қол жеткізді. Абайдың сондайларға қарата айтылған:

Өнерсіздің қылығы:

Тура сөзін айта алмай,

Қит етуге бата алмай,

Қорлықпенен шіруге.

Аз ақшаға малданып,

Өнбес іске алданып,

Жол таба алмай жүруге,–

деген жолдарынан миссионерлік оқу өтіп кеткен шәкірттердің сықпыты көрінеді. Міне, рухани құлдық.

Отаршыл діни қаскөйлер енді ұлттың ұйытқысы – аналарды арбап, елді емшек сүтінен бастап ірітуге құныға кірісті. Мәдениетке тарту деген сылтаумен қыздар мектебін ашты. Ондағы ойы: «Қыздар мектебін ашу керек және қазақ қыздарын орыс оқуына оқытудың мақсаты мынау: ол ертең қазаққа тұрмысқа шығып, ана болған соң өзінің күйеуі мен баласын орыстарға бейімдейді. Олай болған күнде қазақтың оқуын тез жоюға қол жеткіземіз және орыс оқуын ғана оқытамыз. Содан кейін арнайы (ең шешуші) Заң шығарылуы тиіс, сол заң арқылы қазақтарды әр қонысқа бөліп-бөліп тастап, оларды крестьянға айналдырамыз», – деген пиғыл еді.

Осы екі мақсатқа да миссионерлер XIX ғасырдың аяғында, XX ғасырдың басында ішінара қол жеткізді. Адвокат Плеваконың шешесі – Алма, генерал Корниловтың шешесі – Рахия, Жүсіпбек Аймауытовтың әйелі – Евгения, сол қыздар мектебінің жемісі еді.

Ұлттың рухани тұтастығын ыдыратудың аса қауіпті әрі аяр, ұзақ жылдарға арналған жоспарын Абай өлерінен бір жыл бұрын білді. Архирейдің нұсқауында жоғарыдағы Н.М.Ядринцев пен В.В.Радловтың ұсыныстары толық ескерілді. Онда қазақ даласына орыс оқуы дендеп кірген соң:

«Мұның барлығын қазақтардың өзі сұрап жасаттырып еді, ол үшін миллиондаған сом ақша кетті, қазақтардың өзі уағызшы сұрап еді, ол да қанағаттандырылды, соның бәріне қарамастан қазақтар үкіметті алдады, сол үшін жазаға тартылуы керек»  – деп жарлық жасау керек. Қазақтарды жазаға тарту туралы мәртебелі ағзамнан пәрмен сұралады. Пәрмен берілгеннен кейін қазақтарды жазалау үшін әскер жабдықталады және олар кресті алға ұстап жорыққа аттанады. Қазақтардың бәрін де шоқындыруға және православие дініне кіргізуге мәжбүр етеді. Ал бұл талапты өз еркімен орындамағандарды қырып салу керек»[36], – деп кесімді үкім шығарылып қойған еді.

Бұл сөзді оқу Абайға өте ауыр соқты. Кез-келген жылы жүзді миссионердің жылмиғанына еріп жүре беретін қандастарына деген қыжылын Абай «Мәз болады болысың, арқаға ұлық қаққанға», «Ояз бардағы қылықты, ояз жоқта етпейді», «Күштілерім сөз айтса, бас изеймін шыбындап» – деген  өлең жолдары арқылы сынады. Елдік бірлікті ірітіп отырған да сол мінез еді.

Мұның кілтипаны, миссионерлер шоқынған адамның бірнеше ұрпағына дейін үзілмейтін аңду қойып, бақылау астына алғандығында және олармен қалай жұмыс істеудің әдіс-тәсілін сызып, қағазға жазып кеткендігінде. Абай оқыған хатта бұл туралы: «Сол кезде қазақтар: «Бізді орыстар үнемі күзетіп отырар деймісің – деп православие дінін қабылдайды, іле-шала орыстарды алдап, кресті сандықтың түбіне тыға қойып, өзінің дінін ұстауды жалғастыра береді. Міне, осы кезде барып ауылға шіркеу мен мұнара салып, қолына күн сайын крест ұстатып отырғызып, уағыз тыңдату қажет. Сонда ғана татар мен сарттардың қазақтарға жасайтын ықпалынан құтыламыз»[36],– деп көрсетілген еді.

Бұған қарсы өзегін өртеген өксік пен буырқанған қорлық сезімінің қыстыққан ызасын Абай Лермонтовтан аударған:

Өлтірер, жерге тығар, молда қоймас,

Сүйтсе де жер томпайтпай қойып болмас.

Дірілдеп сол молаға шықса шалдар,

Басқыш болып аспанға шығара алмас.

Бикүнә зорлықпенен шыққан жаным,

Бейіске басшы болар деме, залым! , –

деген жолдар арқылы жеткізеді.

Демек, Абай рухани тәуелділіктің сақталуына қалам әрекеті арқылы үлес қосты. Өкінішке орай, осындай рух қарсылығына қарамастан ресейлік архирей басқармасы жаппай шоқындыру науқанына кірісу туралы Жарлық беріп қойып еді. Абай оқыған жарлықта:

«1902 жылы 61 пәрмен бойынша Ақмола  Меккемелерінде жарлыққа сәйкес қазақ молдалары дін ісінен шеттетілді. Егер молдалар пәрменді бұзса қатаң жауапқа тартылып, «Ереженің» 79-тармағы бойынша жазаланады. Крестьян басқармасының бастығы мұны қатаң бақылауға алып, мәлімет беріп отыруға тиіс. Осындай шаралар арқылы істі оңға қойып, жолға түсіріп алған соң миссионерлерді жіберу керек. Олар қазақтардың ұстанған дінінің дұрыс емес екендігін және Иса пайғамбардың жіберуімен келгендігін, сонымен қатар Заң бойынша патша ағзам қандай дінді ұстанса, оның құзырындағылар да сол дінге кіру керек екендігін, ал қазақтардың дінінің бұл дінге... жат екенін дәлелдеуі тиіс. Содан кейін император ағзам бүкіл консульдықтарға: «Менің құзырымдағы қазақтарым ислам дініндегі мүфтиге бағынатын, бірақ та ислам шариғатына қазақтардың бағынғысы келмейді. 68 жылғы Ереженің 97 және 98-тармақтарына сәйкес олар мүфтилік бағынудан алынып, әр болыста діни рәсімді өтеу үшін жеке-жеке молда сайланған болатын. Сонымен бірге молдалардың міндеті – туған балаларды тіркеп, оларға ат қою болатын. Қысқасын айтқанда, шариғаттың барлық заңын орындауға тиіс еді. Алайда қазақтар өзінің молдаларының талаптарын орындамады, оларды көзге ілмеді, өзінің рухани дәстүрін ұстанды, балаларына – Қойлыбай, Жылқыбай, Итаяқ деп ат қойды, кейін өздеріне арнап орыс мектебін ашуды талап етіп, өтініш білдірді. Мектеп ашылды. Енді қазақтар өзінің дінін өзгерткісі келетіні туралы өтініш жасап отыр – деп хабарлау керек» , – деп жазылып тұр еді.

Өзін-өзі құрбандыққа байлаған ұлт – ұлт емес. Ал қазақ ұлты бойындағы көптеген қиянқилы мінездеріне қарамастан ондай мәңгүрттікке жеткен жоқ. Жүрек оты өшкен емес. Адам ретінде, ақын ретінде Абайдың күйінсе күйінетіндей жөні бар. Бірақ ұлттың жүрегіне дауа мен жұбаныш тауып беріп кетті. Рухани тәуелсіздіктің ұрығын септі. Рух қайсарлығын жырлады. Тәуелді ұлттың тауқыметін қалай таратпау керектігін ұқтырды. Өзі де азап шегіп, ар-ұятымен, жан-тәнімен, тағдыр-талантымен арпалыса жанталасты. Сұқ көздің сұғы қадалды. Тергеу мен тінтуден өтті. Рас, 1903 жыға тінту Абай үшін ығырсыз аяқталды. Генерал-майор Галкин Дала генерал-губернаторына:

«Сіздің 1 тамыз күнгі сұрауыңызға орай мәртебелі тақсыр мынаны хабарлаймын: Шыңғыс болысының қазағы Ибраһим Құнанбаев қазір 60 жаста, үш некелі, олардан 20 бала сүйіп отыр, өзгелерге қарағанда ауқатты тұрады (1000 жылқысы мен 2000 қойы бар). Құнанбаев өте ақылды әрі білімдар адам: ол үш жылдан екі мәрте би боп сайланды, үш жылдан үш мәрте Шыңғыс болысының болысы боп қызмет етті. Үкіметтің тағайындауы бойынша үш жыл Мұқыр болысында болыстық етті. Қызмет бабында Құнанбаев өзінің пайымды билігімен, ықтияттылығымен, жігерлілігімен, үкіметке берілгендігімен және діни байсалдылығымен даралана көрінді.

Құнанбаевтың бір ұлы Михайлов артиллериялық училищесін бітіріп, офицерлік шен алды, ол Түркістан округінде қызмет етіп жүргенде қайтыс болды. Құнанбаевтың күйеуге тиген қызы қазақ интернатында оқып арнайы курс бітірген, оның басқа балаларының барлығы орысша жазып, оқи алады. Олардың сауатын ашқан әкесі. Құнанбаев орыс әдебиетін ерекше ынта қойып оқиды, кітаптарды, газеттер мен журналдарды жаздырып алып отырады.

Бұрын ол бұратана дала тұрғындарының арасында ерекше ықпалға ие болған еді, қазіргі беделі ондай емес. Өйткені ол тым тез қартайып, денесі ауырлап кетті, қазақтардың ісіне араласпайды, рубасылардың үздіксіз кеңес сұрап келгеніне қарамастан, ол партия таласына араласпайды.

Жергілікті әкімшіліктің ұлықтарымен әңгімелескенде Құнанбаев өзінің мемлекеттік мүддені толық түсінетіндігін байқатты және Азиялық аймақта жүргізіліп жатқан отанымыздың мәдени миссиясына оң қабақпен қарайтынын көрсетті. Ол мұсылман діншілдерінің үкіметтің көздеген мақсатына қарсы әрекеттерін айыптайды. Оның айтқан пікірінің шындығын оның мінезі дәлелдейді деп ойлаймын.

Осы мәліметтердің өзі-ақ саяси тұрғыдан алғанда Құнанбаевтың ешқандай айыбы жоқ екенін дәлелдейді, сондықтан да сенімді адамның қатарында тізімге алынуы тиіс», – деп мәлімдеме жасады.

Иә, Абай Құнанбаевтың Семей ұлықтарының арасында ерекше беделге ие болғаны рас. Лобановский іспетті ояздар Абайды өте жоғары бағалады. Сондықтан да оны ғазауат майданының сахабасына қоспады. Қорғап қалды. Тек, өмір азабына, енді ақылдың азабына толы:

Ол рухани тірі өлік болудан қатты қорланды. Абайдың: «Мен өзім тірі болсам да анық тірі емеспін. Әншейін, осылардың ызасынан ба, өзіме-өзім ыза болғанымнан ба, яки бөтен себептен бе? – еш білмеймін. Сыртым сау болса да, ішім өліп қалыпты. Ашулансам – ызалана алмаймын. Күлсем – қуана алмаймын. Сөйлегенім – өз сөзім емес, күлгенім – өз күлкім емес, бәрі де әлдекімдікі», –деп («Тоғызыншы сөз») түңілуі соны растайды.

Сол қасыретімен де ол өз өмірін өнер туындысына айналдырды. Тіршілік тынысының әр сатысы қайшылықты құбылысқа толы болды. Бұл оған  рухани әрі шығармашылық нәр берді. Бірақ та адам ретінде жүйкесін тоздырып, ғұмырын қысқартты. Үміті мен жұбанышынан айырды.

Тұрсын ЖҰРТБАЙ

Мақала атауы өзгертіліп берілді   

Байланысты жаналықтар

Қазақ ұлттық опера және балет театры 91 маусымын бастады

29.09.2024

Абай облысында жолаушыны тепловоз қағып кетті

11.09.2024

15 тоннадан астам заңсыз ауланған балық тәркіленді

10.09.2024

Абай қазақты шоқындырудан қалай аман алып қалды?

10.08.2024

Елімізде Абай есімді 19 мыңға жуық адам тұрады

09.08.2024

Абайдың қара сөздері (1-18 қарасөз)

05.08.2024
MalimBlocks
Қазақ ұлттық опера және балет театры 91 маусымын бастады

Жаңа маусым «Абай» опералық спектаклімен ашылды

Абай облысында жолаушыны тепловоз қағып кетті

Ол құлаққаппен ән тыңдап, теміржолдан өтіп бара жатқан

15 тоннадан астам заңсыз ауланған балық тәркіленді

"Браконьер" жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасып жатыр

Абай қазақты шоқындырудан қалай аман алып қалды?

12 мешіттің аузына құлып салынып, архиепископ дін таласына шақырады

Елімізде Абай есімді 19 мыңға жуық адам тұрады

10 тамыз Абай Құнанбайұлының туған күні

Абайдың қара сөздері (1-18 қарасөз)

Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы (1845-1904) — ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы. Философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер. Ақын шығармаларына қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау еткен.