Цойдың министрлігі қатесін мойындады

Malim Админ

  • 19.05.2021

Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус статистикасын жаңартып, оған коронавирус пен коронавирус пневмониясынан қайтыс болған 2 мыңнан астам адамды қосты.

Денсаулық сақтау министрлігі 19 мамыр күні жариялаған статистикаға қарағанда,  2020 жылы елде коронавирустан 1783 адам, ал ПТР тест нәтижесі теріс, бірақ коронавирус белгісі бар пневмониядан 2946 адам қайтыс болды.  Осылайша коронавирус пен пневмониядан 4 729 адам қайтыс болды. Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі былтыр коронавирустан 2284 адам, ал пневмониядан 499 адам қайтыс болды деп келген.

Министрлік былтырғы ғана емес, биылғы төрт айдың қорытындысы бойынша коронавирус пен пневмониядан қайтыс болғандардың статистикасын да жариялады. Коронавирус белгісі бар пневмониядан 314, ал коронавирустан 1480 адам қайтыс болған.

Осылайша 2020 жылдың наурызы мен 2021 жылдың сәуірі аралығында елде коронавирус пен коронавирус пневмониясынан 6523 адам қайтыс болды.

Былтыр коронавирус статистикасы үшін сынға қалған денсаулық сақтау министрлігі коронавирустан қайтыс болғандардың статистикасын неге аяқ астынан өзгертті?

Бүгін өткен онлайн брифингіде денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ажар Ғинияттың айтуынша, министрлік былтыр жедел ақпарат ұсынған, денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесінде барлық жекеменшік және ведомстволық медицина мекемелерінің мәліметтері жоқ.

"Президенттің медицина статистикасын ашық және дұрыс жүргізу жөніндегі тапсырмасын орындау үшін министрлік статистика агенттігімен бірігіп жұмыс жүргізді. Ақпаратты жүйені талдап, медицина мекемелерінде тіркелген өлім жағдайы сараланып, есепке алынды. Статистика агенттігі өлім туралы кеш тіркелген актілерді негізге алды. Сөйтіп, бүкіл мәліметтерді салыстырдық.   Бүкіл жекеменшік және ведомствоға қарасты медицина мекемелерінің министрліктің ақпараттық жүйесіне мәліметтерді кіргізе алмайды. Қағаз түріндегі бүкіл өлім жағдайы да есепке алынды", - дейді Ажар Ғиният.

 Вашингтон университеті медицина мектебінің денсаулық көрсеткіштері және бағалау институты өз зерттеуінде Қазақстанда коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандар саны 81 696, яғни ресми статистикадан 14,5 есе көп екенін мәлімдеп, елімізді коронавирустан қайтыс болғандар ең көп 20 елдің қатарына жатқызған.

Алайда министрлік бұл көрсеткіш шындыққа жанаспайды деп отыр.

"Олар зерттеу жүргізіп, өздерінің гипотезасын тексерді. Ғалымдар мәліметтерді өңдеудің түрлі статистикалық және  эпидемиологиялық әдістер қолданады, гипотеза құрастырады. Оның қаншалықты сенімді екенін тексеру мүмкін емес. Аталған институт денсалық сақтау министрлігіне мәліметтер жайлы ешқандай сұрақ жолдамады. Бірақ институттың бүкіл әлем қосымша өлім-жітімге тап болды дегені рас. Дегенмен бір жыл ішінде Қазақстанда 80 мыңнан адам коронавирустан қайтыс болды деп көрсеткішті тым асырып жіберген", - деді денсаулық сақтау министрінің орынбасары Марат Шоранов.

Денсаулық сақтау министрлігі былтыр жазда коронавирус індеті қатты өршігенде коронавирус белгісі бар пневмонияны жалпы статистикаға қоспағаны үшін сыгға қалған. Алексей Цой шілде айында 1 тамыздан бастап коронавирус пен ПТР нәтижесі теріс, бірақ коронавирус белгісі бар пневмония біріктіріледі деп мәлімдеген. Алайда министрлік тамызда статистиканы біріктірмей, коронавирус пневмониясын бөлек бере бастады. Және тамызға дейінгі коронавирус пневмониясын жалпы статистикаға қоспады. Қырғызстан ДДСҰ-ның кеңесінен кейін пневмония мен коронавирус статистикасын бірден біріктірген. 1 тамызға дейінгі коронавирусты пневмония неге есепке алынбайды? Осы сұрақтар да Алексей Цойға бірнеше мәрте қойылғанымен, министр бұрынғы цифрлар емес, қазіргі цифрлар маңызды екенін айтқан.

"Бұл мәліметтер алдағы уақыттағы шешімдерді қабылдап, болашақты жоспарлау үшін қажет. Оның үстіне ДДСҰ  статистиканы белгілі бір кезеңнен бастап біріктіруді ұсынды. Қазір дәрігерлерге онсыз да пневмония мен коронавирусты кодтауда салмақ түсіп жатыр, егер бұрынғы деректерді кодтауды тапсырсақ, дәрігерлер науқастарды емдей ме, әлде есеп-қисап жүргізіп санап отыра ма? Бұрынғы цифрлар бүгінгі күні аса қажет емес", - деді Цой тамыз айындағы брифингіде.

 

Енді министрлік бұрынғы цифрларды қайта саралап, статистиканы жаңартты. Алайда статистиканы уақытында нақты және ашық жүргізбегені үшін ешкім жазаланбады.

 

Байланысты жаналықтар

Қазақстандағы су тасқыны: елімізде жұқпалы аурулар пайда болуы мүмкін бе

08.04.2024

5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

23.03.2024

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

23.03.2024

Kaspi.kz  Денсаулық сақтау және Цифрландыру министрлігі  анықтама алу сервисін іске қосты

27.09.2022

Денсаулық сақтау министрі міндетін атқару Бүркітбаевқа жүктелді

20.12.2021

Алексей Цой қызметінен босатылды 

20.12.2021
MalimBlocks
Қазақстандағы су тасқыны: елімізде жұқпалы аурулар пайда болуы мүмкін бе

Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің (СЭС) жұмысы күшейтілген режимге ауыстырылды.

5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

Kaspi.kz  Денсаулық сақтау және Цифрландыру министрлігі  анықтама алу сервисін іске қосты

Kaspi.kz Цифрландыру министрлігімен және Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп жаңа сервисті іске қосты.

Денсаулық сақтау министрі міндетін атқару Бүркітбаевқа жүктелді

Алексей Цой қызметінен босатылды