Қазақстан құрамасына келмей қойған қырғыз балуаны жартылай финалда
77 келі салмақта өнер көрсететін грек-рим күресінің шебері, қырғыз балуаны Ақжол МАХМҰДОВ Токио олимпиадасының жартылай финалына шықты. 22 жастағы қырғыз балуаны Азия чемпионы. Сол сары құрлық біріншілігінің финалында қазақ балуаны Демеу ЖАДЫРАЕВТЫ жеңген еді.
Токио төріндегі боз кілемде Ақжол алғашқы қарсыласы тунистік Маафи ЛАДЖЕДТІ 11:0 есебімен жеңсе, ширек финалда әзірбайжандық спортшы Рафиг ХУСЕЙНОВТЕН 9:1 есебімен басым түсті. Енді ол финалға шығу үшін армениялық әріптесі Карапет ЧАЛЯНМЕН күреседі.
Ақжол Махмұдов кадеттер арасында әлем чемпионы атанған. Өз сұхбаттарында басты арманы олимпиада алтыны екенін айтқан. Сондай-ақ, өзін Қазақстан ұлттық құрамасына шақырғанын да баян еткен.
«Әлемнің ондаған елдерінде болдым. Бәріненде маған қазақстан ұнайды. Асханамыз бір. Халқымыз да ұқсас. Қиналмай сөйлесуге болады. Астананың архитектурасы ұнайды. Сол Қазақстанның атынан кұресуге шақырды. Қанша ақша ұсынса да ешбір жаққа барғым келмейді. Өз Отанымның намысын үшін күресемін», - деген еді қырғыз балуаны.