Айнұр Саламат: Сынық коньки

Malim Админ

  • 05.02.2021

Адам жасы ұлғайғанымен жүрек түкпірінде ол бала болып қала беру мүмкін. Бұл жақсы ма, жаман ба? Психологтардың айтуынша, бала көңіліңе алған дүниесімен құмары қанғанша ойнамаса, үлкейгенде сол кемшілікті толтырғысы кеп тұрады. Айнұр Саламаттың басынан кешкен мына оқиғасында сондай талпыныс байқалады. Бала образынан шығу, бала күнінде жете алмаған жетістікке жету үлкендердің қолынан келе ме?

Ауыл балалары қыста улап-шулап шанасы бары шанасын, конькиі бары конькиін алып дарияға қарай тартатын. 5-сынып оқитын кезім. Темір шанамды алып бір күні мен де дарияға сырғанауға бардым. Бірнеше ересектеу бала коньки теуіп жүр екен. Конькиді шебер тебетіндері сонша мұз үстінде бейне сырғанап емес, ұшып бара жатқандай. “Сыррр” етіп олай бір, былай бір өтеді жанымнан. Қатты қызықтым. Шана жайына қалды. Қалт етпей конькишілердің қимылына қарап қаттым да қалдым. Іштей “оп-оңай сияқты ғой, мен де үйреніп алып, осылай сырғанамасам бәрін қызықтырып” деп ойлап қоям. Сол күні үйге келе салып апама “коньки тауып бер” деп қыңқылдап, мазасын алдым. Ауыл дүкенінде коньки түгілі шана жоқ. Шана әні, ауыл ұстасы темірден жасап берген. Апам маған осыны түсіндіріп әлек, ал мен болсам, түсіну қайда пырсылдап жылауға көштім. Апам мені аяды ма екен коньки сұрап келейін деп үлкен қызының үйіне кетті. Біз апамның үлкен қызын “көке” деуші едік. Көкемнің балалары көп. Бірінде болмаса бірінде боп қалар деген үмітпен апамның келуін тағатсыздана тостым. Апам тез оралды. “Біздің сарайға әкеп тастапты, жүр қарайық” дейді. Сарай дейтініміз ескі тоқал там.

Жаңа үй салып көшкеніміз жақында. Ескі үйіміз оны-пұны қоятын қоймаға айналған. Сірә, көкем де керек емес бірақ тастауға қимайтын біраз заттарын біздің сарайға әкеп қойса керек. Апам екеуміз ұзақ іздедік. Табылар емес. Апам “сиыр келетін уақыт боп қалыпты, қой, ертең қарайық, бір жерден шығар” деп сарайдан шыққысы келмей түртінектеп жүрген мені сүйрелегендей алып шықты. Шелегін алып апам сиыр саууға қораға кірген бойда, мен сарайға қайта кіріп, коньки іздеуді жалғастырдым. Сарайда жарық жоқ. Қыстың кеші қып-қысқа, лезде қараңғы түсіп кетті. Үйден шам жағып әкеліп, қарай бастадым. Қап, коробка, ескі чемодан бәрін ашып қарап жатырмын. Кезек төрде тұрған қанар қапқа келді. Ашып ішіндегі заттарды шығарып жатырмын. Байпақ, күрзі етік, солдаттар киетін бәтеңке...бір кезде шұбатылған бауы бар конькидің бір сыңары шыға келді. Жүрегім жарыла қуанып, қораға қарай апалай тұра жүгірдім. Сиырын сауып болып, жайбарақат сүтін алып үйге қарай келе жатқан апам шалқасынан құлай жаздады. “Қараңқалғыр қайда кетеді деп ең. Табылса бопты. Сонша шыңғырғанға бірдеңе боп қалды ма деп зәрем қалмады ғой, түге. Ал, ки де үйрен!” деп зілсіз кейіді.

Апам екеуміз екінші сыңарын да алып, үйге апармақ болып сарайға қайта кірдік. Екінші сыңары бөлек жүр екен. Бауынан тартып қаптан алып шықтым да сілейіп тұрып қалдым. Табанының жартысы жоқ. Сынып қалған. Бәтеңкесі орнында. Апам да “қап, мынау енді сырғанауға келер ме екен?! Қой, құлап бір жеріңді майып қыларсың, жартысы жоқ қой табанының. Бұл қалай сынды екен?!” деп менен әрі өкінді. ... Қиял деген жүйрік қой. Ұйықтар кезде көпке дейін көзім ілінбей дөңбекшідім. Біресе мұз боп қатқан дария үстінде екі қолымды құстың қанатындай жайып жіберіп, қалықтай коньки теуіп жүрем. Үстімде үлбіреген жаз көйлек. Суықты сезбеймін. Бүкіл ауыл қызыға қарап тұрады. Ойша сырғанап жүріп, бір кезде аяғымдағы сынық конькиге көзім түседі. Бірақ құсша қалықтауыма еш кедергісі жоқ екен ғой деп еркін қалықтай жөнелем де, сынығын ешкім көрмесін деп жеңіл сырғанаған күйі алысқа ұзай берем, ұзай берем...

Ертеңіне есік алдына құдықтан су әкеліп құйып, мұзды алаңқай жасадым да, аяғыма сынық конькиді сыммен шындап байлап, тебуге әрекет қылдым. Аяғым олай тайып, бұлай тайып, бұл әрекетімнен түк шықпады. Апам жаны қалмай біресе қолтығымнан демеп, біресе аяғымнан ұстап тұрып әбден әлек болды. Бірақ сынық конькиді тасташы демеді. ...Кеше қыздарыммен мұз айдынына бардым. Шеті, шегі көрінбейтін дариямның мұзындай емес, шағын ғана алаңқай. Кішкентай балаларға дейін “сыррр” етіп жанымнан олай бір, былай бір өтіп жатыр. Мен тұсаулы аттай кібіртіктей бердім. ...Әттең, коньки тебу арманым болған сонау бала кезімде сарайдағы қанар қаптан шыққан коньки сынық болмағанда ғой... Мен де қазір жастармен бірге мұз айдынында қалықтай сырғанап жүрер ме едім...

Айнұр Саламат

Байланысты жаналықтар

Ресейлік спортшылар Қазақстан азаматтығын алуда

06.07.2023

Тао Порчон-Линч: “Тыныс алуды үйрен. Тыныштықты сезін” 

03.05.2021

“Шашы ұзынның ақылы қысқа” ма?

27.03.2021

Мария Склодовская-Кюри: “Дискриминацияның сізді тоқтатуына жол бермеңіз!”

23.03.2021

Одри Хепбёрн: Екі қолыңның бірі өзіңе, ал екіншісі басқаларға көмектесу үшін берілгенін ұмытпа!

09.03.2021

Ай мен Айша. Жүрекке құйылған ай сәулесі

13.02.2021
MalimBlocks
Ресейлік спортшылар Қазақстан азаматтығын алуда

Коньки тебуден Ресей құрамасының жаттықтырушысы екі спортшысымен Қазақстан азаматтығын алуға өтініш білдірді

Тао Порчон-Линч: “Тыныс алуды үйрен. Тыныштықты сезін” 

83 жасында жамбасын сындырып алғанына қарамай, би билеуді үйреніп алған Тао Порчон-Линчнің хиқаясы

“Шашы ұзынның ақылы қысқа” ма?

Мария Склодовская-Кюри: “Дискриминацияның сізді тоқтатуына жол бермеңіз!”

Одри Хепбёрн: Екі қолыңның бірі өзіңе, ал екіншісі басқаларға көмектесу үшін берілгенін ұмытпа!

Ай мен Айша. Жүрекке құйылған ай сәулесі