Ресейлік спортшылар Қазақстан азаматтығын алуда
Коньки тебуден Ресей құрамасының жаттықтырушысы екі спортшысымен Қазақстан азаматтығын алуға өтініш білдірді
Ресей құрамасы сапында конькимен жүгіруден әлем чемпионатының алты дүркін қола жүлдегері Елизавета Голубева мен Ресей чемпионы Кристина Силаева Қазақстан құрамасына ауысуға өтініш білдірді,- деп хабарлайды Match TV.
Ал Ресей коньки тебушілер одағы Голубева мен Силаева қазірдің өзінде Қазақстан құрамасында жаттығып жүргенін хабарлаған. Сондай-ақ Ресейдің ұлттық құрамасының бапкері Сергей Клевченя да қазақстандық құрамаға ауысатынын хабарлады.
Ресей коньки тебушілер одағының президенті Николай Гуляевтың айтуынша, Ресей азаматтығындағы спортшылар басқа елге ауысқан жағдайда ауысу туралы ережеге сәйкес әрекет етеді, бірақ спортшылардың елден кетуін құптамайды.
Елизавета Голубева 26 жаста. 2022/23 маусымында ол масс-стартта Ресей чемпионатының алтынын жеңіп алса, командалық жарыста екінші және 1000-3000 метрге жүгіруде үшінші болды. Бейжің-2022 Олимпиадасында ол 1500 метрге жүгіруде 7-ші, жалпы командалық есепте 4-ші және масс-стартта 15-ші орын алған.
Кристина Силаева Қазақстан құрамасына ауысуын «спортшының ғұмыры қысқа сондықтан уақытты жіберіп алмау керектігімен түсіндіреді. Ал ресейліктердің халықаралық жарыстарға қашан қатысатыны белгісіз. 2014 жылдан бері біз қысқы ойындарға қатысқан жоқпыз. Қазір Арнайы әскери операция жүріп жатыр, одан кейін тағы бірдеңе шығады»,- деген бір сұхбатында. Сонымен қатар Силаева «Ресей азаматтығын қайта алу үлкен мәселе емес», - деді.
Сергей Клевченя 1971 жылы Барнаулда дүниеге келген. 1992-2002 жылдар аралығында Ресей құрамасының мүшесі. 500-1000 метр қашықтықта және жалпы спринтте көпсайыста бірнеше елдің рекордшысы. Еңбек сіңірген спорт шебері. 2003 жылдан бері Ресей құрамасын жаттықтырып келген.