freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Қазақ даласына келген алғашқы көліктің тарихын білесіз бе?

MALIMet •
Қазақ даласына келген алғашқы көліктің тарихын білесіз бе?
Фото: ЖИ арқылы жасалған

Қазір Қазақстан жолдарындағы миллиондаған көлік күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Ал ХХ ғасырдың басында қазақ даласында өздігінен жүретін темір көліктің пайда болуы жұрт үшін таңғаларлық жаңалық еді. Қазақстандағы алғашқы автомобиль туралы деректердің өзі де біркелкі емес: бір дерек Ақмоланы атаса, архив құжаттарына сүйенген екінші нұсқа Верный қаласындағы 1912 жылғы оқиғаны алғашқы құжатпен расталған жағдай ретінде көрсетеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Алғашқы көлік Ақмолаға келген бе?

Қазақстан тарихы порталы – e-history.kz жариялаған материалда қазақ даласына алғаш автомобиль әкелген азаматтардың бірі ретінде Құрманғали Қосшығұлұлы аталады. Ол Ақмола өңіріндегі белгілі кәсіпкер әрі меценат Баймұхамбет Қосшығұлұлының баласы болған.

Фото: e-history.kz

Дереккөзде Құрманғали Қосшығұлұлының 1900 жылы қазақ жеріне америкалық автомобиль әкеліп, оны Ақмоладағы белгілі кәсіпкер Василий Кубринге сатқаны жазылған. Оның мақсаты тек көлік саудасымен шектелмеген. Кейін қазақ даласында автомобиль өндірісін жолға қоюды көздеп, Германиядан мамандар шақыртып, зауыт салуға қажетті жобалар әзірлеткені айтылады. Алайда Бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуы бұл жоспардың жүзеге асуына кедергі келтірген.

Бұл оқиғаға қатысты басқа жарияланымдарда мерзім сәл өзгеше көрсетіледі. Мәселен, Qaz365 материалында Құрманғали Қосшығұлұлының Ақмолаға алғашқы көлікті 1903-1905 жылдары әкелгені айтылады.  Сондықтан нақты жылға қатысты деректерде айырмашылық бар.

Фото: Qaz365.kz

Ал архив құжаттары не дейді?

Ал алғашқы автомобильге қатысты нақты архивтік құжаттар Верныймен, қазіргі Алматы қаласымен байланысты.

1912 жылдың қаңтарында Токмак кәсіпкері Бабахан Нұрмұхамедбаев билікке автомобиль қатынасын сынақ ретінде іске қосуға рұқсат сұрап өтініш берген. Оның жоспары Пішпек, Токмак, Верный, Арасан және Мерке арасында коммерциялық жолаушылар тасымалын ұйымдастыру болған. Ол осы мақсатта француздың Berliet маркалы көлігін сатып алып, Верныйға жеткізеді.

1912 жылғы 24 қыркүйектегі архив құжатында бұл машинаның арнайы комиссияның тексеруінен өткені көрсетілген. Көлік бензинмен жүретін төрт цилиндрлі қозғалтқышпен, төрт таспалы тежегішпен жабдықталған. Ал жүргізуші жолда белгі беру үшін резеңке алмұрты бар металл кернейді пайдаланған.

Верныйдағы алғашқы автомобиль туралы архив деректері⁠

Алғашқы жүргізушілердің бірі – Иоганн Рейнвальд

Жаңа техниканы жүргізетін адам табу да оңай болмаған. Нұрмұхамедбаев жүргізуші ретінде 26 жастағы Иоганн Рейнвальдты шақырған. Ол медициналық тексеруден өтіп, автомобиль басқаруға рұқсат алған. Кейін Рейнвальд көлікті кәсіпкерден сатып алып, жолаушы тасымалымен өзі айналыса бастаған. 1914 жылы Верныйға Laurin & Klement маркалы тағы екі автомобиль жеткізілгені туралы да архивтік құжат сақталған.

Бір қызығы, ол кезде қазіргі Алматыда асфальт жол болған жоқ. Көшелер негізінен топырақ болатын. Соған қарамастан Berliet қала көшелерінде ғана емес, Іле трактісінде де сыналған.

Фото: wikimedia

Көлік келмей тұрып-ақ жол ережесі болған

Тағы бір қызық дерек – Жетісу облысында автомобиль қозғалысына қатысты ережелер 1909 жылы, яғни Верныйдағы алғашқы құжатпен расталған автомобильден бірнеше жыл бұрын жасалған. Ережеде мас күйінде немесе абайсыз көлік жүргізген адамның жүргізу құқығынан айырылуы мүмкін екені көрсетілген. Бұл талаптар велосипедшілерге де қатысты болған.

Бірнеше көліктен тұтас дәуірге

Арада небәрі он шақты жыл өткенде автомобиль қазақ даласы үшін таңсық техника болудан қала бастады. 1923 жылғы көлік санағы кезінде Қазақстан аумағында 126 автомобиль тіркелгені туралы дерек бар.

Осылайша, "Қазақстандағы ең алғашқы автомобиль" деген сұраққа бір ғана дата айту қиын. Кейінгі тарихи жарияланымдар Құрманғали Қосшығұлұлын ХХ ғасыр басында Ақмолаға автомобиль әкелген алғашқы қазақ кәсіпкерлерінің бірі деп көрсетсе, 1912 жылғы Верныйдағы Berliet – архивтік құжаттары сақталған алғашқы автомобиль оқиғаларының бірі. Бір ғасырдан астам уақыт бұрын жұртты таңғалдырған осы техника кейін Қазақстандағы тұтас автомобиль дәуірінің басталуына ұласты.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу