Қазақстандық боксшы Төрехан Сабырхан 2026 жылғы Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Malim.kz.
12 жылдан кейінгі алтын: Төрехан Сабырхан Азия ойындарының чемпионы атанды
Қазақстан ұлттық құрамасының өкілі Төрехан Сабырхан Жапонияның Аичи–Нагоя қалаларында өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында бокстан алтын медаль жеңіп алды.
Қазақстандық боксшы 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Финалда ол Иордания өкілі Зейд Ишаишпен жұдырықтасып, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен 5:0 есебімен жеңіске жетті.

Бұл жеңіс Қазақстан боксы үшін ерекше маңызға ие. Ел құрамасы Азия ойындарында бокстан 12 жылдан кейін алғаш рет алтын медаль иеленіп отыр. Бұған дейін қазақстандық боксшылар 2014 жылы Инчхонда өткен Азия ойындарында чемпион атанған. Ал 2018 жылғы Джакарта мен 2022 жылғы Ханчжоудағы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы бокстан алтын жүлдесіз қалған еді.
Төрехан Сабырхан Аичи–Нагоядағы додаға ұлттық құраманың көшбасшыларының бірі ретінде келді. 2025 жылы ол Ливерпульде World Boxing ұйымының ұйымдастыруымен өткен ересектер арасындағы әлем чемпионатында топ жарды. Сол жарыста Қазақстан құрамасы 7 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болған.
Соңғы жылдары елімізде боксты жүйелі түрде дамытуға басымдық беріліп келеді. Осы бағыттағы негізгі қадамдардың бірі – 2026–2030 жылдарға арналған боксты дамыту тұжырымдамасының қабылдануы. Құжат Туризм және спорт министрлігінің спорт резерві мен ұлттық құрамаларды даярлауға қатысты жаңартылған тәсілдері аясында әзірленген.
Тұжырымдамада жаттығу үдерісін жетілдіру, спорт инфрақұрылымын дамыту, ғылыми-әдістемелік және медициналық қолдауды күшейту, жаттықтырушылар мен төрешілердің біліктілігін арттыру, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты кеңейту қарастырылған.
Бұл жұмыс жоғары жетістіктер спортымен ғана шектелмей, жас спортшыларды даярлауды да қамтиды. Қазіргі уақытта Қазақстанда бокспен 153 мыңнан астам адам айналысады. Елдің 20 өңірінде 2 мыңнан астам жаттықтырушы жұмыс істейді. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде 39 мыңнан астам бала бокс бойынша дайындықтан өтеді.
Қазақстандық боксшылар халықаралық жарыстарда да жоғары нәтижелер көрсетіп жүр. Ливерпульдегі әлем чемпионатынан бөлек, 2026 жылы ұлттық құрама Қытайда өткен Әлем кубогының кезеңінде бес алтын медаль иеленді. Ал Испаниядағы Boxam Elite халықаралық турнирінде қазақстандық спортшылар 17 жүлдеге, оның ішінде алты алтын медальға қол жеткізді.
Төрехан Сабырханның Азия ойындарындағы жеңісі Қазақстанның бокстан 12 жылға созылған алтынсыз сериясына нүкте қойды.