Үндістан полициясы кәмелетке толмаған велоспортшының арызынан кейін қазақстандық бапкер Мақсат Аязбаевты іздестіріп жатыр. Спортшы қыз оны жыныстық зорлық көрсетті деп айыптаған, деп хабарлайды Malim.kz тілшісі Ulysmedia.kz пен The Times of India басылымына сілтеме жасап.
Жергілікті басылымның мәліметінше, болжамды оқиға 13 қыркүйекте Үндістанның Патиала қаласындағы Нетаджи Субхас атындағы Ұлттық спорт институтының аумағында болған. Спортшы қыз 18 қыркүйекте полицияға арыз түсірген. Осыдан кейін кәмелетке толмағандарды жыныстық сипаттағы қылмыстардан қорғауға арналған POCSO заңы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Патиала полициясы 34 жастағы Аязбаевты іздеу үшін бірнеше топ құрған. Құқық қорғау органдарына оның арыз түскеннен кейін Делидегі оқу-жаттығу лагерлерінің бірінде болғаны туралы ақпарат жеткенімен, кейін қайда кеткені белгісіз болып қалған. Полиция оның төлқұжатын алып, елден шығуына жол бермеу үшін шекара және көші-қон қызметтеріне арнайы ескерту жолдаған.
Мақсат Аязбаев Үндістан велоспорт құрамасымен бірге Жапониядағы Азия ойындарына баруға тиіс болған. Алайда шағымнан кейін оның сапарына берілген рұқсаттың күші жойылды. Үндістан велоспорт федерациясы бапкерді қызметінен уақытша шеттетіп, істі ішкі комиссиясының қарауына жолдағаны хабарланды. Спортшы қыз медициналық тексеруден өтіп, оған психологиялық және заңгерлік көмек көрсетілген.
Мақсат Аязбаев кім?
Мақсат Аязбаев 1992 жылы 27 қаңтарда дүниеге келген. Ол бұған дейінгі сұхбаттарында Сарқан қаласында туып, төрт жасынан бастап Талдықорғанда тұрғанын айтқан. Алғашында тенниспен айналысып, кейін тасжолдағы велоспортқа ауысқан.
Аязбаев 2012–2014 жылдары Astana континенттік командасында, ал 2014–2016 жылдары негізгі Astana Pro Team сапында өнер көрсетті. Оның спорттық нәтижелерінің арасында 2012 жылғы Болгария турында жалпы есептегі жеңісі, 2013 жылы Италиядағы Trofeo Internazionale Bastianelli жарысындағы бірінші орны және 2014 жылғы Мексика турында алған екінші орны бар. Сондай-ақ жастар арасындағы Азия чемпионатында қола жүлде иеленген.
2018 жылы кәсіби велошабандоз ретіндегі мансабын аяқтап, бапкерлік және спортты басқару саласына ауысты. Алматыдағы Apple Team және Almaty Cycling Team командаларында спорт директоры болып жұмыс істеді. 2024 жылы Astana Dewi Women Team әйелдер командасында спорт директорының көмекшісі қызметін атқарды. Ал 2025 жылы халықаралық ProCyclingStats базасында Қытайдың Shenzhen Kung Cycling Team командасының спорт директоры ретінде көрсетілген.
Аязбаевтың айтуынша, Үндістан велоспорт құрамасының өкілдері оған 2025 жылы жұмыс ұсынған. Ол ұсынысты зерттеп барып қабылдағанын, келісімшарт 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына дейін жасалғанын сұхбаттарының бірінде айтқан. 2026 жылдың басында Үндістанда ұлттық құраманың бас бапкері ретінде таныстырылған.
Ulysmedia.kz аталған іске қатысты пікір алу үшін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне сауал жолдағанын жазды. Аязбаевқа қатысты айтылған жайттар әзірге айыптау мен тергеу деректері болып саналады. Оның кінәсі сотта дәлелденген жоқ.