Тао Порчон-Линч: “Тыныс алуды үйрен. Тыныштықты сезін”
83 жасында жамбасын сындырып алғанына қарамай, би билеуді үйреніп алған Тао Порчон-Линчнің хиқаясы
MalimWomen
“Тыныс алуды үйрен. Тыныштықты сезін”
Бұл сөздің авторы Тао Порчон-Линч.
Әлемді мына қауіпті індет уысына алғалы бәріміз осы тыныс алуға тәуелді боп қалдық рас.
“Пандемия көп нәрсені ұқтырды” деп жазып жатыр әлем халқы. Бұл індет өз жанына үңілуді ұмытып, дүрбелең дүние дүрмегіне ілескен адамзатты әп сәтте сабасына түсіріп, тыныштықтың қадірін ұғындырды.
Тао Порчон Линч - әлемге йога ханшайымы деп танылып, ұзақ уақыт йогамен шұғылданушы ретінде есімі Гиннес рекордтар кітабына енген ғажайып тұлға.
101 жас жасап, сол жасына дейін би мен йогадан қол үзбеген Таоның ұстанымдары мен қайрат-жігері кімді болса да таңғалдырмай қоймайды.
83 жасында жамбас сүйегі сынып, төсекке таңылған Тао, ауру азабымен арпалысып жүріп, аз уақытта тік тұрып кеткені былай тұрсын, тұңғыш рет би үйреніп, байқауларға қатысып, әлем назарын аударады.
Ертегі сияқты.
Біздің түсінігімізде 80-90-ға келген қарияның белі бүгіліп, аяқ-қолынан күш кетіп, жүргенінен жатқаны көп болуы керек емес пе?! Тіпті жамбас сүйегі сынған адамдардың төсектен тұрғандары некен-саяқ.
Ал 101 жастағы Тао Порчон билеп, йогамен айналысып, оны басқаларға үйретіп жүріп, мәңгілік мекеніне сергек қалпында аттанып жүре берген.
Аңыз дерсің.
Қария мұндай күш-қуатты қайдан алды? Ұзақ жасауының сыры неде?
Тао Порчон 1918 жылы Үндістанның Пондичерри қаласында өмірге келіпті. Әкесі француз, ал анасы болса жергілікті үнді қызы екен. Алайда Таоны босану үстінде анасы көз жұмып, нәрестені әкесінің ағасы мен әпкесі бағып-қағады.
Жаһанды аралап, ғұмырын саяхатпен өткізген Тао бала күнінен саяхатқа құштар болыпты. Теміржол құрылысымен айналысатын ағасы қайда жүрсе де Таоны жанынан тастамай бірге алып жүреді. Осындай сапарларының бірінде 8 жасар бүлдіршін теңіз жағасында медитация жасап, йогамен айналысып жатқан бір топ жасты көреді.
Сол сәттен Тао йогаға құлай қызығады. Йога ол кезде тек ер адамдар айналысатын өнер саналатын. Соны алға тартып, қызығушылығына тиым салмақ болған әпкесіне “Ер балалар жасағанды мен де жасай алам” деп жанарынан от шаша, қайсарлықпен тойтарыс беретін. Уақыт өте келе бұл йогаға деген балалық құштарлығы мамандығына айналады.
Кәмелетке толғаннан кейін Францияға келген Тао Порчон сән әлемінде бағын сынап көрмек болып, конкурстарға қатыса бастайды. Алғаш рет байқауда “Еуропадағы ең әдемі аяқ” номинациясы бойынша топ жарып, үздік атанады.
Дизайнерлердің бар назары Таоға ауады. Әйгілі Марлен Дитрихпен жақын араласып, сән саласында бірге өнер көрсетеді. Бірақ екінші дүниежүзілік соғыс басталып, кенеттен дүние өзгеріп сала береді.
Аласапыран уақытта Англияға барып бас сауғалайды. Лондон сахналарында өнер көрсетіп, кәсіби деңгейін шыңдай түседі. Соғыстан кейін Голливудты бағындыруға Америкаға аттанады. Арман жетегімен келген Таоның тауы шағылып, кинода жолы болмайды.
Бірақ бір қызығы қаржы ағылып жататын сән әлемі бизнесі, би, кинотүсірілімдер ешқайсысы да Таоны йогадай қызықтырмайтын.
23 жасында йога үйретуді бастаған ол өнердің қай саласында жүрсе де, рухани практиканы қатар алып жүреді.
83 жасында жамбасы сынып, жамбас буынын түгел ауыстырып, жасанды протез қояды. Бір жылдан соң йога жаттығуы кезінде протезі сынып кетеді. Аз уақыттан соң бөксе сүйегі мен білегі қоса сынып, ота жасалады.
Отадан соң дәрігерлер Таоға аяғы жүруге жарағанмен, йоганың көп қимылдарын жасай алмайтынын айтады. “Жасай алмаймын, қолымнан келмейді” дегенді ойыңа алсаң, расында солай боп шығады. Онан да істей алам деп ойыңды соған бұр” дейді Тао дәрігерлерге беріспей. Кейін йогамен айналысуды тоқтатпай, бір қолын тіреп тұрып, өзін жерден көтеру секілді қиын қимылдарды қайтадан істеуге қол жеткізеді. Дәрігерлер тиымы да, алған жарақаттары да жаңадан бірнәрсе үйренем деген құштарлығына тосқауыл бола алмайды.
87 жасқа келгенде кенеттен жұптасып билейтін бал биін үйренуге ықыласы ауып, 700-дей би байқауларына қатысып үлгереді. Сахнада бірге өнер көрсеткен жұптарының арасында Таодан 70 жас кіші жас та болады. “Менің жүрегім әлі 20-да, әзірге қартаюға асықпаймын,”-деп жауап береді Тао жасы туралы сұрағандарға.
“Бүгінгі істі ертеңге қалдырма. Ешқашанда ертең болмайды. Түнгі 12-ден кейін бір минуттан соң бүгін басталады”
“Табиғатты сыртынан бақылама, оның бір бөлшегіне айнал. Желмен бірге ыңылдай ән салып, тербелген ағашпен бірге билей қозғалуда қандай жамандық бар?!”
“Өзіңе сен. Әлі күнге қолымнан бәрі келетініне күмәнсіз сенем!”
“Үйренуден ұялма. “Мен 75 жылдан бері йогадан сабақ беріп келемін. Өз ісімнің шебері саналсам да, басқа ұстаздардан және шәкірттерімнен үйренуден қысылмаймын”
“Жүрек қалауын орында. Егер ол жақсылықты қаласа, ертеңге қалдырма, бүгін орында!”
Сөздері ісімен үнемі қабысып жататын Тао табиғатынан сезімтал, дана әйел болатын.
Тао Порчон ертеректе отбасын құрып, балалы болып үлгермей, күйеуі 1982 жылы қайтыс болады. Өмірін жалғыз өткізген Тао ешқашан өзін жалғыз сезінбеген. Әркез рухани бай адамның жаны тыныштық пен үйлесімде болатынын айтатын йога ханшайымы өмірінің соңына дейін көлік жүргізіп, шәкірттерін шабыттандырып, апта сайын мастер-кластар өткізіп, белсенді өмір сүрді. Өмірге құштарлығы әр ісінен, әр сөзінен сезіліп тұрады.
“Ұйқыдан күлімдеп ояныңыз сонда әлем сізге күлімсіреп жауап қатады,”- деп жиі айтады Тао сұқбаттарында.
Тао өзінің ұзақ өмір сүруінің сырын дұрыс тыныс алу мен бүгінгі жасайтын жұмысты ертеңге қалдырмауымен байланыстырады.
Ұзақ та бақытты өмірдің бар құпиясы - осы дейді таңғажайып Тао.
Байқайсыздар ма, тыныс алуды алғашқы орынға қояды 101 жасаған қария...
Айнұр Саламат
MalimWomen айдарында:
Мария Склодовская-Кюри: “Дискриминацияның сізді тоқтатуына жол бермеңіз!”
Синдутай Сапкал: Өмірде тап болған қиындықтарға құрметпен қара! ⠀
Одри Хепбёрн: Екі қолыңның бірі өзіңе, ал екіншісі басқаларға көмектесу үшін берілгенін ұмытпа!
"Шашы ұзынның ақылы қысқа" ма?
Протез аяқпен Босфорды жүзіп өткен Бақытгүлдің бақыты