Қытай экономикасының өсімі 2026 жылдың екінші тоқсанында баяулауы мүмкін. Reuters агенттігі 54 экономист арасында жүргізген сауалнамаға сүйеніп, сәуір-маусым айларында елдің жалпы ішкі өнімі 4,5 пайызға өседі деген болжам жариялады. Бұл - бірінші тоқсандағы 5,0 пайыздық өсімнен төмен және ресми Бейжің белгілеген 4,5-5 пайыздық жылдық мақсаттың ең төменгі шегіне жақын көрсеткіш, деп хабарлайды Malim.kz.
Экономиканың баяулауына ең алдымен ішкі сұраныстың әлсіздігі, жылжымайтын мүлік нарығындағы ұзаққа созылған дағдарыс және жеке инвестициялардың төмендеуі әсер етіп отыр екен. Соған қарамастан, жасанды интеллектке арналған чиптер мен жоғары технологиялық өнімдердің экспорты Қытай экономикасын қолдап келеді. Маусым айында елдің экспорты күткеннен жоғары өсіп, әсіресе жартылай өткізгіштер мен автомобиль жеткізілімі айтарлықтай артқан.
Қытай Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Цян апта басында өткен кеңесте экономикалық ахуалға байыппен қарауға шақырды. Ол екінші жартыжылдықта өсімді қолдау үшін қосымша шаралар дайындалатынын мәлімдеді. Премьердің мәлімдеуінше, «Қазіргі экономикалық жағдайға жан-жақты әрі объективті көзқараспен қарау маңызды. Контрциклдік реттеу шараларын күшейтіп, қажет болған жағдайда қосымша саясатты алдын ала әзірлеу керек».
Қаржы нарығы енді шілде айының соңында өтетін Қытай Коммунистік партиясы Саяси бюросының отырысына назар аударып отыр. Дәл осы жиында жаңа фискалдық ынталандыру пакеттері, мемлекеттік облигациялар шығару көлемі және ішкі тұтынуды қолдау тетіктері талқыланады деген болжам бар.
Жалпы, Қытайдың экономикалық бағыты тек Азия өңіріне ғана емес, әлемдік шикізат нарығына, логистикаға және халықаралық саудаға да тікелей ықпал ететіні анық.